Уақып - рухани-әлеуметтік дамудың кепілі
Аллаға шүкір, бүгінгі қоғамымызда қайырымдылық мәдениеті қайта жаңғырып келеді. Соның ішінде уақып - тек діни құндылық емес, ол - халықтың әлеуметтік тұрақтылығына да тікелей әсер ететін институт.
Уақыптың әлеуметтік өлшемі
Уақып тек мешіт-медресе салумен шектелмейді. Ол – қоғамдағы әлсіз топтарды қорғау, жетім-жесірдің жыласын тию, аурудың емделуіне, білім алушының ғылымға қол жеткізуіне жағдай жасау. Бүгінгі күні көптеген әлеуметтік жобалар уақып қоры арқылы жүзеге асып келеді.
Бір сәт ойланайық: егер әр мұсылман ай сайын азғантай болса да үлесін қоссақ, талай отбасыға көмек көрсетіліп, талай шәкірттің арманы орындалар еді.
Экономикалық пайдасы
Уақып – халықтың өз ішіндегі ресурсты дұрыс бағыттау жүйесі. Ол мемлекеттің әлеуметтік жүгін жеңілдетіп, қоғамның өзара қолдауын күшейтеді. Мәселен, бір ауылда уақып ретінде жер немесе дүкен бөлінсе, оның табысы жылдар бойы мешіттің немесе мектептің қажетіне жұмсалады. Бұл – ұзақ мерзімді қайнар көз.
Рухани берекесі
Алла жолында арнаған дүние ешқашан зая кетпейді. Керісінше, ол береке болып оралады. Жамағаттың жүрегінде мейірім оянып, ынтымақ артады. Уақып арқылы халықтың рухани бірлігі бекиді.
Жаңа дәуірдегі міндет
Қазіргі таңда бізге уақыпты жаңаша дамыту қажет. Ол үшін жамағат арасында түсіндіру жұмыстарын күшейтіп, уақыпқа сенімді көзқарас қалыптастыруымыз керек. Уақып қоры – осы істің негізгі тетігі. Қор арқылы халықтың көмегі жүйелі түрде жиналып, әділ әрі ашық түрде жұмсалып келеді.
Уақып – сіз бен бізге мәңгілік сауап есігін айқара ашатын амал. Әркім шамасына қарай үлес қоса алады. Біреу қаржысымен, біреу кәсібімен, біреу жерімен немесе еңбегімен үлес қоса алады.
Ең бастысы – ықылас. Ал ықыласпен жасалған амалдың сауабы Алланың алдында таудай болады.
Қорытынды
Уақып – өткеннің көне дәстүрі емес, бүгінгі күннің де, болашақтың да қажеттілігі. Ол – қоғамға қызмет ететін мәңгілік садақа. Ендеше, жамағат болып уақып ісін қолдап, ұрпаққа ізгілік мұрасын қалдырайық!
Айтқазин Рауан Төлеубекұлы
Қарағанды қалалық «Төлеутай ата» мешітінің имамы

