Уақып

Уақып - сөздікте «қамау, кедергі болу» деген мағыналарды білдіреді [1]. Ислам құқығында уақыпты әртүрлі терминдерде қолданғандар болған. Мәселен, Имам Шафиғи (қайтыс болған жылы 208/820) [2] және Мәлики құқықшылары (фақиһлері) сонымен қатар оларға ерушілер (немесе солардың жолындағылар, артындағылар) [3] уақып үшін «хабс» немесе «хубс» сөздерінің көпше түрі «ахбас» терминін қолданған. Хабс сөзі болса сөздікте «кедергі болу», «ұстау» деген мағыналарды береді. Сонымен қатар соғыста жауынгерлердің мінген аттарын да «әл хабс»  деп атаған. [4]
 
Уақыптың шариғаттағы дәлелі
 
Әбу Ханифадан басқа Ханафи ғалымдарының  және Ислам құқықшыларының көпшілігінің пікірлерінше уақып мәндуп сүннет болып есептеледі. [5] Яғни, шариғат бойынша істелуі ұнамды болған және Аллаға жақындататын іс. Уақыпқа Құран мен сүннет және ижмағ (Ислам ғұламаларының көпшілігінің мақұлдауы) дәлел бола алады. Құранда мұсылмандардың малдарын қалай жұмсалуы керектігі бүге шігесіне дейін баяндалған. Дәл уақыпқа байланысты Құранда ешқандай аят жоқ болғанымен оған ишарат жасайтын, мүлікті Алла жолында уақып етуге нұсқайтын әрі уақып құрудың  қажетті нәрсе екенін дәлелдейтін аяттар бар:

يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا أَنفِقُوا مِن طَيِّبَاتِ مَا كَسَبْتُمْ وَمِمَّا أَخْرَجْنَا لَكُم مِّنَ الْأَرْضِ ۖ

«Ей, иман келтіргендер! Маңдай терлеріңмен тапқан малдарыңды және біздің сендер үшін жерден шығарғандарымызды Алла жолында сарп етіңдер!»[6]
 деп, ескерткен.


Алла Tағала басқа бір аятта былай дейді:

لَن تَنَالُواْ الْبِرَّ حَتَّى تُنفِقُواْ مِمَّا تُحِبُّونَ وَمَا تُنفِقُواْ مِن شَيْءٍ فَإِنَّ اللّهَ بِهِ عَلِيمٌ

«Жақсы көрген нәрселеріңді Алла жолында жұмсамайынша жақсылыққа қол жеткізе алмайсыңдар. Не жұмсасаңдар да Алла оны сөзсіз біліп тұрады» [7]
, деген.


Сахабалардың ішінде Әбу Талха (р.а) (қайтыс болған жылы 34/654) осы аят түскен кезде: «Раббымыз біздің байлықтарымыздан өзінің жолында сарп етуімізді қалап тұрғандай. Уа, Алланың елшісі, қатты жақсы көретін «Байруха» атты жерімді Алланың жолында садақа еткім келіп тұр» деген болатын. Содан кейін Пайғамбарымыз ﷺ оған «ең жақын туыстарыңа бер» деген соң Әбу Талха (р.а) көкесінің ұлдарына және басқа да туыстарына жерін садақа етеді. [8] Алла разылығы үшін шын ниетпен берілген садақаның қайтарымын Алла еселеп береді. Бұған қатысты Алла Tағала:

مَّثَلُ الَّذِينَ يُنفِقُونَ أَمْوَالَهُمْ فِي سَبِيلِ اللَّهِ كَمَثَلِ حَبَّةٍ أَنبَتَتْ سَبْعَ سَنَابِلَ فِي كُلِّ سُنبُلَةٍ مِّائَةُ حَبَّةٍ ۗ وَاللَّهُ يُضَاعِفُ لِمَن يَشَاءُ ۗ

«Алла жолында мал-мүлкін садақа қылғандар жеті дана бас шығарған, әрбір басында жүзден дәні бар дақылға ұқсайды. Алла қалаған пендесіне еселеп сауап береді» [9]
 деп, Алла жолында жасалған садақаның еселеп сауап болып қайтатынын баяндайды.


Басқа аятта:
مَن جَاء بِالْحَسَنَةِ فَلَهُ عَشْرُ أَمْثَالِهَا

«Бір жақсылық істеген адам он есе сауапқа ие болады» [10]
, деген.


Садақ беру арқылы адам Алланың ашуынан алыс болады. Пайғамбарымыз ﷺ хадисінде:
                وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِىَ اللّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ للّهِ صَلَّي اللّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: الصَّدَقَةُ تُطْفِئُ غَضَبَ الرَّبِّ وَتَدْفَعُ مِيتَةَ السُّوءِ.
Әбу Һурайрадан (р.а.) риуаят бойынша: «Алланың Елшісі ﷺ былай дейді: «Садақа Раббының ашуын басады және жаман өлімді қайтарады» [11]деп, Алла жолында садақа берудің сауабын айтып өткен.

Көпшілік ғалымдардың пікірі бойынша төмендегі аят:

وَمَا أَنفَقْتُم مِّن شَيْءٍ فَهُوَ يُخْلِفُهُ وَهُوَ خَيْرُ الرَّازِقِينَ ...

Алла жолында берген нәпақаларыңның есесін Алла толтырады»[12]
Уақып Алла жолында жасалатын жақсылықтардың бірі. Сондықтан тәпсіршілердің көпшілігі [13] және хадисшілер [14] жоғарыдағы аятта уақыпты меңзеп тұр деген.

Сонымен қатар уақыпқа дәлел бола алатын бірнеше хадистер де бар:

وعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ صلى الله عليه وسلم قَالَ:"إِذَا مَاتَ الْإِنْسَانُ انْقَطَعَ عَنْهُ عَمَلُهُ إِلَّا مِنْ ثَلَاثَةٍ؛ إِلَّا مِنْ صَدَقَةٍ جَارِيَةٍ أَوْ عِلْمٍ يُنْتَفَعُ بِهِ أَوْ وَلَدٍ صَالِحٍ يَدْعُو لَهُ".

Әбу Һурайрадан жеткен хадисте пайғамбарымыз  айтты: « Егер адам баласы бұл өмірден өтсе, амал дәптері тоқтайды. Тек үш жағдайда ғана амал дәптері жазыла береді: Жария берілген садақа, пайдаға асқан ілім және дұға жасайтын салихалы ұрпақ» [15]. «Адамдар қайтыс болған кезінде  бүкіл амалдары тоқтатылады. Бірақ үш амалдың сауабы тоқтамайды. Олар: жалғасын тапқан садақа, пайдалы ілім және артынан дұға ететін салиқалы ұрпақ». [16] Бұл хадистегі үш амалдың сауабы тоқтатылмайтындығының айтылуымен уақыптың мәндүп амал екендігін көрсетіп тұр. Хадистегі «жария садақа» уақыптан басқа нәрсені меңзеп тұрған жоқ. Егер оның басқа да мағынасы болса уақып та сол мағыналардың ішіне кірер еді. [17]

Басқа бір хадисте Ибн Омар(р.а) былай деп риуаят етеді: «Омар ибн Хаттаб (р.а) Хайбар соғысында бір жерді иемденеді. Бір күні осы жер хақында кеңесу үшін пайғамбарымызға  келіп: «Уа, Алланың елшісі , мен Хайбар соғысында бір жерді меншігіме алдым және ондай байлыққа бұған дейін ие болмадым. Бұл жер хақында маған қандай әмір бересің?», деп сұрайды. Пайғамбарымыз  болса: «Егер қаласаң ол жерді уақып қыл да одан түскен пайданы садақа қылып отыр», деп кеңес береді. Омар(р.а) содан кейін ол жерді ешкімге сатыла алмайтын, мирасқа да қала алмайтын қылып садақа қылды. Одан түскен пайдалары болса кедейлерге, өзін құлдықтан құтқарғысы келгендерге, Алла жолындағы жақсылықтарға, жолаушыларға, басқа қаладан келген қонақ меймандарға садақа қылып беріп отырды. Ал ол істі мойнына алған яғни пайданы жинап отыратын кісінің сол кездегі жағдайға сәйкес ішіп жемі мен жанында тағы бір кісінің ішіп жеуіне уақыптан ақша бөлінді». [18]

Жоғарыдағы аят пен хадистерде уақып қылудың Аллаға ұнамды болған амал екендігі ашық түрде баяндалып отыр.

Жәбір(р.а) атты сахаба: «Алла расулының ﷺ сахабаларының ішінде мал мүлкін уақып қылмаған ешкім болмаған» [19] деген. Ал жоғарыдағы хадистегі Омардың(р.а) өз меншігіндегі жерін уақып қылуын Ислам ғұламалары «Ислам тарихындағы ең алғаш уақып» деп санаған. [20]
 
Уақыптың хикметі
 
Жоғарыда уақыптың шариғаттағы дәлелін және оның Аллаға ұнамды іс екенін жеткіздік. Ал енді уақыптың пайдаларын былайша тізбектесек болады:

а) Мал мүлкін Алла жолында уақып қылу Аллаға жақындатады. Мұсылман осы арқылы үлкен сауапқа ие болады және ол үшін бұдан асқан үлкен қайырлы іс болмайды.
б) Мал мүлкін уақып қылған мұсылман осы арқылы Аллаға құл болғандығын және Алланы сүйетіндігін білдіреді. Алланың махаббатына тек үлкен сауапты іс әрекеттер ғана жеткізеді.
д) Уақып арқылы қайтыс болған мұсылманның сауабы үзілмей артынан барып тұрады. Негізінде бір мұсылман қайтыс болған кезде бүкіл іс әрекеттерінің сауабы үзіледі. Ал жасаған уақыпының сауабы үзілмейді. Сол арқылы оның рухы қабірде жатса да уақыптың сауабы арқылы нұрланатын болады. Қайтыс болған мұсылманның артынан салиқалы ұрпағының дұғасы, пайдалы білімінің және қылған уақыпының сауабы барып тұрады.
ж) Уақып мұсылмандардың қажетіне асады және осы арқылы Ислам дінінің дамуына өз үлесін қосады.
 
Уақыптың түрлері
 
Уақып жақсылық жолындағы уақып, бір әулетке тиесілі уақып, бір әулетке жартылай тиесілі уақып болып бөлінеді.

1.Жақсылық жолындағы уақып (діни уақып)
Басынан бастап Аллаға құлшылық ниетімен құрылған (мешіт, медресе және т.б) және осы уақыптан барлық адамдар, барлық кедейлер пайдалана алады деген тілекпен құрылған уақып жақсылық жолындағы уақып болып есептеледі. Осы уақыпты құрған адам ешқандай кісіден пайда күтпейді. Оның бұл жасаған ізгі амалы Алла үшін және адамзаттың пайдасы үшін болып табылады. Ол уақыптан жеке басы үшін бір пайда ала алмайды. Ал уақыптың жұмысын жүргізу үшін тағайындалған адамдар уақып арқылы түрлі қызметтер жасап түскен пайданы тиісті жерлерге таратады. [21]

2.Бір әулетке тиесілі уақыптар (Бір ұрпаққа тиесілі немесе бір адамның атындағы уақып)

Уақыптың осы түрін жолға қойғандар уақыптан өзіне, бала шағасына, отбасына пайда ала алады. Ал олардың қайтыс болуы арқылы уақып олардың меншіктерінен шығып пайдасы жұртқа ортақ болып қалады. [22] Бұл уақып түрі діни болуымен қатар бір адамның өз ұрпағының қажеттілігі үшін бір мүлік тағайындауы  болып есептеледі.

3.Бір әулетке жартылай тиесілі болған уақыптар

Бұндай уақыптың құрылым жүйесінде діни (жақсылық жолындағы) уақыптар мен бір әулетке тиесілі уақыптардың шарттары да болады. Яғни, бұндай уақыптан түскен пайдаға жалпы жұрт пен белгілі бір әулет ортақ болып табылады. [23]

Қайырымдылық уақыбы деп – жылжымайтын мүлік пен қаражатты әртүрлі қайырымдылық істеріне (денсаулық сақтау, мәдени шаралар, оқу, қоғамдық, қауіпсіздік салалары) арнауды айтады. Уақыптың осы түрі исламға дейін де белгілі болды, алайда мұсылмандар алғашқы болып қайырымдылық түрі мен көлемін арттырды, тіпті ежелгі өркениеттер мен қазіргі батыс халықтардың барлығынан да асып түсті.

Әулетке арналған уақып деп – ислам дінімен бірге келген, пайғамбардың сахабалары ойлап тапқан уақып түрін айтамыз. Екінші халифа Омар ибн әл-Хаттаб (р.а) Хайбардағы жерін уақып еткеннен кейін көптеген сахабалар өздерінің мал-мүліктерін, бау-бақшаларын уақыпқа қоя бастады.

Уақып тақырыбы қаншалықты маңызды болғандай, бұл жұмысты, бұл қызметті жүргізу де соншалықты сауапты да,жауапты жұмыс.

Яғни, Ислам діні бұл өмірді мәңгілік өмірге дайындық мекені, ал болашақ өмірді – осы өмірдің жалғасы етіп, адамның тәні мен жаны, материалдық және рухани дүниесі арасына таңғажайып та, кемел тепе-теңдік орнатып, қоғамның тұрақты да, бақытты дамуына сенімді темірқазық бола алды.

Біріншіден уақып - Пайғамбарымыздың ﷺ cүннеті. Әсіресе жетпіс жыл діннен қол үзген біздің қоғам үшін- ұмытылған сүннеті. Ал, пайғамбарымыз ﷺ: «Кімде-кім үмметімнің бұзылған заманында менің сүннетімді ұстанса,онда оған жүз шәйіттің сауабы бар» [24] - деп хадисінде айтқандай, әрине бұл тірілтуге зәру болған сүннет екені белгілі нәрсе.

Уақыптың мақсаттарына келсек, ислам уақыбы өзінің негізгі қызметтерін белгілеп алды, олар:

– Білім беру, мәдениет, ғылыми зерттеу салаларына ислам уақыптары білім беру орындары ғибадатханалардан бөліне бастаған кезеңдерден бастап-ақ көңіл бөле бастады. Сицилия аралы ислам халифатының құрамында болғанда, онда бастауыш мектептердің саны үш жүзге жуық болатын, солардың барлығы да уақып арқылы жұмыс жасайтын. Құддыс, Дамаск, Бағдат, Каир, Нисапурда мектептердің саны жүздеп саналатын. Фас қаласында Қарауин,  Каирде әл-Азһар, Бағдатта Низами мен Мустансирия университеттері жүмыс істеді. Уақыптар осы университетте оқитындарға қағаз-қалам, ғылыми кітаптар тарататын, оқытушыларды жалақымен қамтамасыз ететін. Көптеген университеттер студенттерді арнайы жатақханамен қамтамасыз етумен қатар оларға шәкіртақы да тағайындалды. Оған қосымша мыңдаған ғылыми жинақтары бар кітапханалар да ислам уақыбы арқасында салынды. Қайырымдылық жасаушылар жылжымайтын мүлік пен бау-бақшаларын уақып етіп, кітапхананы кітаптарға толтырды, қызметкерлерді жұмысқа тартты.

– Денсаулық сақтау саласына келсек, ислам уақыптары ауруханалар салды, жиһаздармен толтырды, зертханалар тұрғызды, дәрігерлер мен көмекшілерге жалақы тағайындады. Сондай-ақ, медицина факультеттерін ашып, оқытушылар мен студенттерге қаржылай көмектесті.

– Құлшылық мекендері де (мешіт, медресе,зәуия, мәйітті жуатын жерлер) уақып тарапынан қаржыландырылды.

– Қоғамдық мақсатқа және қоршаған орта мен жануарларды қорғау саласында уақыптың орны ерекше. Омардың (р.а) Хайбардағы уақыбы кедейлерге, міскіндерге және жолаушыларға арналған еді. Кедейшілікке қарсы күрес пен қоғамдық көмек мәселелері мұқтаж адамдарды киіммен, тамақпен, баспанамен қамтуды көздейді. Уақыптың қамқорлығына жесір әйелдерді, бойдақ жігіттерді, кедей қыздарды, емізулі баласы бар әйелдерді, ерлерімен ұрсысқан әйелдерді де, сол сияқты жол бойында орналасқан қонақ үйлерді, жол жиегіндегі бұлақтарды қамтыды.[25]
 
Қазақ жеріндегі уақыптар

Енді қазақ жерінде уақыптың болғандығын дәлелдейтін құжаттарға қарап отырсақ мына жәйттарға куә боламыз: Ең әуелі бұл «Насаб-нама» тарихы. «Насаб-нама» дегеніміз бұл қазақ жеріндегі ислам миссионерлері – қожалардың шежіресі болумен қатар, уақыптық жерлерінің құжаттары ретінде ұрпақтан-ұрпаққа беріліп отырған.

Алайда, кезіндегі орыс патшасының отарлау саясаты мен кеңестік атеистік идеология олардың көзін жоғалтуға тырысқанын көруге болады. Оған дәлел ретінде осы еңбектегі мына деректерді айта кетсек болады: «Насаб-нама»  нұсқаларының көпшілікке таныс болмауының тағы бір себебі, уақыптық жерлер бекітіліп берілген заңды құжат та еді. Сол себепті де, бұл қолжазбалардың көпшілігі сырт көзден жасырын келді.

Өйткені, бұл «Насаб-намалар» тек шежіре емес, сонымен қатар уақыптық жер-суларға ие екендігін куәландыратын заңды құжат есебінде пайдаланылған. Әрбір саяси өзгерістерден кейін, «Насаб-нама» иелері уақыптық жер-суларын қорғау үшін лауазымды адамдардың мөрлері мен құжаттарын қайтадан куәландырып отырған.

Уақып жөнінде сөз қозғағанда, Қазақстан жерінің рухани астанасы саналатын Түркістанда Ақсақ Темірдің 1397-1405 жылдары Қожа Ахмет Яссауиға арнап салғызған кесене-мешіті жайлы айтпаса болмайды. Өйткені тарихи деректерден Ақсақ Темір осы кесене-мешітті уақып етіп салып, «уақыпнама» қалдырғанын білеміз. Ол уақыпнама жайлы М.Е.Массонның «Қожа Ахмет Иасауи кесенесі» атты еңбегінен оқып танысуымызға болады.
 
Алаш қайраткері Міржақып Дулатұлы бір өлеңінде:

Жарар еді ортада мешіт салсақ,
Қаза қылмай намазды барып тұрсақ,
Бір ғалымды фазыл заттан имам сайлап,
Байларымыз жиналып уақып қылсақ.
 
М.Дулатұлы шариғат, діни ұстанымы туралы пікірі Ә.Бөкейханмен үндес .
Ол осы жөнінде былай жазады: «Қазақ халқына діни бір уағыз» атты бөлімінде әр болыста жамағат қаржысына ұсталатын бір мешіт, земство қаражатымен жұмыс жасайтын бір медресе болсын», – деген.

Мұның сыртында, байлар мешіт-медресе ашамыз деп жатса, тыйым салынбасын», – дейді.

Қазақстанның сыртында бабаларымыз арғысы Бабыр ұрпағы Үндістанда дүниенің жеті кереметінің бірі Тәж-Махал салып кетсе, Бейбарыс бабамыз Мысыр елінде салған мешіті және ислам жұртына ардақты үш мешіт: Меккедегі Месжидул Харамды, Мәдинадағы пайғамбар мешітін, Құддыс қаласындағы Әл-Ақса мешіті жөндеуден өткізіп кеңейткені белгілі.

Ал, бергісі Құнанбай қажының Меккедегі уақып етіп салып кеткен тәкиесі – халқымыз үшін ардақты мекен болып саналады.

1874 жылы Меккеге барған Құнанбай парызын өтеумен қатар, қалаға қонақ үй салдыртады. «Тәкия» қонақ үйінің салғаны жайлы нақты дерек 1883 жылы Қазан қаласынан басылып шыққан «Маңызды мәселелер кітабында» келтіріледі.Онда: «Байтоллаға бардық.Құрбан айының басында Меккеде қазақ тәкиесіне түстік.Кіші жүз салдырған.Қанатбай деген қазақ тұрады.Құнанбай қажының да тәкиесі бар екен. [26]

 Сондықтан да Елбасымыз Сауд королімен алғаш рет жолыққандағы өтініштерінің бірі – осы Меккедегі Құнанбай тәкиесі жөніндегі болғаны мәлім.  Жоғарыда сөз еткен зекет болсын, садақа болсын,қоғам үшін қажетті қайырымдылықтың барлығы - уақып жұмысына жатады.

 
[1] Мұхаммед Әбул Фейд Забиди, Тәжул Арус мин Жәуаһирул Қамус, І-XXV, Дәрул Хидая ,  белгісіз , уақыты белгісіз, XXIV, 467-468. Мұхаммед Ән Нәжар, Әл Мужамул Уасид, орыны белгісіз, уақыты белгісіз, Дәрул Дағуа, II, 1051.
[2] Мұхаммед ибн Ыдырыс Әш Шафиғи, Әл Умм, I-XI, Дәрул Уәфә, 2001/1422. 5,104.
[3] Әбу Абдулла Мухаммед ибн Әбдусәләм ибнСайд ибн  Сахнун, Әл Мәдәуәнәтул Кубра, 1-6,1323/1904,6,т98.
[4] Әз Зәһәби, 16, 520-523.
[5] Ибн Абидин, Мухаммад ибн Әмин ибн Омар ибн Абдулазиз, Раддул Мухтар ғалад Дуррил Мухтар, 1-12, Дәрул Кутубил илмия, Бәйрут, 1994, 6,520. Әбу Мухаммад Абдулла ибн Абдурахман Әбу Зәйд Әл Кайрауани, Ән Нәуәдир уәз Зиадат, 1-15, Дәрул Ғарибул Ислами, Бәйрут, 1999, 12, 5.Әбул Хамит Мухаммад ибн Мухаммад Әл Ғазали, Әл уасит фил мазхаб, 1-7, Дәрус салам , 1997,4,237. Ибн Қудама, Муафақуддин Әбу Мухаммад ибн Абдулла, Әл Муғни, 1-15, Дәрул аламул кутуб, Рияд, 1997, 8,184.
[6] Бақара, 2/267.
[7] Әли Имран сүресі, 92-аят.
[8] Муслим Ибн Хажжаж Әл Қушайри, Әл жамиул сахих, Истанбул, 1992, Зекет, 14, 42. Ахмад ибн Ханбал, Муснад, Истанбул, 1992,3,149.
[9] Бақара сүресі, 261-аят.
[10] Әнғам сүресі, 160-аят.
[11] Тирмизи хадистер жинағы
[12] Сәбә сүресі, 39-аят.
[13] Әбу Жағфар Мухаммад ибн Жәрир Әт Табари, Жамиул баян ан тәфсири Айил Құран, 1-16
[14] Бұқари, Әл жамиул сахих, Истанбул, 1992, Зекет, 44, Уәкәлә, 15, Уәсая, 17-26.  Муслим, Зекет, 14,42. Ахмад ибн Ханбал, Муснад, 3,149. Иахия ибн Шараф Нәуәуи, Сахихил Муслим би шархин Нәуәуи, 1926, 7,84.
[15] Муслим хадистер жинағы
[16] Муслим, Уәсаят , 15. Бұқари, Әдәбул муфрад, 18,14. Әбу Дәуіт, Сунәнул Әбу Дәуіт, Истанбул, 1992, Уәсая, 14.
[17] Елмалылы Хамды Иазар, Ахкамул Ауқаф, (аударған доктор Назиф Өзтүрік, Анкара, 1995,119-120.
[18] Бұқари, Уәсая, 22. Муслим, Уәсаят, 15.
[19] Ибн Қудама, (Аты аталған еңбек) 8,185.
[20] Абдулла ибн Абдурахман Әл Бәссәм, Таузихул ахкам мин Булуғил марам, 1-7, Мәктәбәтул Әсәди, Мекке, 2003,5,102.
[21]  Мухаммад ибн Мухаммад Әс Салих, Әл уақфу фиш шариатил Исламия уә әсәруһу фи танмиятул мужтамиғи, Рияд, 2001,53-54.
[22] Мухаммад Қадри Паша, Қанунул Адл уәл инсаф фил қада ғәлә мушкилатул ауқаф, (тахқиқ Мухаммад Ахмад Сираж) Дәрул Сәләм, Каир, 2006,245.
[23] Қадри Паша, (Аты аталған еңбек) 245-246. Салих, 55.
[24] Байхақи хадистер тарихы
[25] www/kantakji.org/figh/files/wakf/w-1.htm.27.04.2004
[26] Тұрсын Жұртбай: ҚҰНАНБАЙ (Жәбір сұлтаны),abai.kz

Сілтеме: https://www.muftyat.kz/kk/nasihat/zhuma-minberi/2018-07-31/21852-uayip-yizmetn-mayizdyilyiyi-zhma-uayizyi/ 
bottom-logo.png

Әлеуметтік желілер

"Уақып" қоры © Барлық құқығы қорғалған

Search