Түрлі табиғат құбылысынан кірпіші құлап, не қабырғалары ішіне түсіп кеткен жағдайда мазардың кей тұстарын қауіпсіздік үшін жөндеп қоюдың оқасы жоқ. Алайда бүтіндей қайта жаңартуға тыйым салынады. Жәбір (р.а) былай дейді: «Алланың елшісі (с.а.с.) қабірлерді ақтауға тыйым салады [1].
Қабірді қайта ашу. Мәйіт сүйегі қабірде әбден шіріп жоқ болды–ау дегенге дейін қабірді ашу – харам. Бірақ та мәйіт біреуден тартып алынған кебінге кебінделген немесе тартып алынған жерде жерленген, яки жер иесі мәйіттің онда жерленуіне қарсы болса немесе мәйіт түрлі дүние–мүлікпен бірге жерленсе, қабірді қайта ашуға болады. Бұл ретте мәйіттің бұзылған – бұзылмағанына қарамайды. Мәйіттің жақындары жерді немесе кебінді иесінен сатып алса, яки басқа жолмен ризашылығын алған жағдайда қабір қайта ашылмайды. Сондай–ақ, қылмысты тексеру секілді кейбір себептерге байланысты құзырлы органдар қабірді ашуды талап еткен жағдайда, талап орындалады.
Мәйітті қайтқан жерінен басқа жерге апару. Мәйітті қайтыс болған жерге жерлеу – мұстахаб. Мәйіт денесі бұзылмайтын болса, басқа жерге апарып жерлеуге болады. Жерленген мәйітті ешбір үзірсіз қайта қазып, екінші бір жерге көшіру – харам. Бірақ жерленген жер біреудің меншігі болып және ол әкетуді талап етсе немесе көпшілікке өте қажет құрылыс не жол салынатын болса, яки қабірдің су астында қалу қаупі төнсе, өзге дін өкілдерінің қабірстанына жерленіп қойылса, мәйітті басқа жерге көшіруге болады.
Бір қабірге бірнеше кісіні бірге жерлеу. Бір қабірге үзірсіз (себепсіз) бірнеше мәйітті жерлеу – мәкрүһ. Оба (тырысқақ) ауруы тарағанда немесе соғыс кезінде қабір қазып үлгермесе, бір жерге бірнеше мәйітті қоюға болады.
Аса мұқтаж болғанда ғана бір қабірге екі–үш адамды жерлеуге болатыны жайлы айтылады. Қабірге бірнеше адам қойылатын болса, олардың абзалырағы бірінші жатқызылады, содан кейін басқалары қойылады [2].
Егер үлкендермен бірге жастар да жерленетін болса, онда үлкендер алдымен қойылады. Егер ер–әйел аралас болса, онда ерлер бірінші қойылады. Мәйіттер арасын топырақпен бөліп қою қажет.
Имам Бұхари Жәбир ибн Абдулладан (р.а) мына бір хадисті риуаят еткен. «Пайғамбар (с.а.с.) Ухұд шайқасында шәйіт болғандардың екеуін бір кебінмен кебіндеген болатын. Сосын: «Қайсысы Құранды көбірек жаттаған?» - деп сұрады. Сахабалар нұсқағанын лақатқа бірінші кіргізіп: «Қиямет күні мен бұларға куәгер боламын», - деді [3].
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
-
Ибн Мәжә риуаяты.
-
«әл – Мухит» кітабынан.
-
Бұхари риуаяты.