Қабірде отыру, ұйықтау, дәрет сындыру және қабірді басу. Қабір үстінде отыру немесе ұйықтау яки жүру – мәкрүһ. Қабірдің үстіне үлкен немесе кіші дәрет сындыру – мәкрүһ тахрими (харамға жақын мәкрүһ).
Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен хадисте Пайғамбарымыз (с.а.с.) былай деген: «Сендердің біреулерің шоқ үстіне отырып, киімінің өртеніп, терісіне дейін өтіп кетуі қабір үстіне отырғаннан әлдеқайда қайырлы болар еді» [1].
Ата–анасының, туысының қабіріне барғысы келген адам басқа қабірді баспай, айналып өтуі ләзім. Қабір басына ешқандай шүберек байланбайды, тиын-тебен тасталмайды.
Қабір басында дұға жасау. Мәйіт жерленген соң жамағаттың аз уақыт кідіріп, оған дұға жасауы, Алладан кешірім тілеуі, Құран оқуы – сүннет.
Осман ибн Аффан (р.а.) былай дейді: «Пайғамбар (с.а.с.) мәйітті жерлеп болған соң: «Бауырларың үшін кешірім тілеңдер және оған Алладан беріктік сұраңдар. Расында, ол қазір сұралуда» дейтін [2].
Қабір басында Құранның кез келген сүресін оқуға болады. Бірақ «Мүлік» сүресін оқу халқымызда дәстүр болып қалған. Бұл дәстүр Пайғамбарымыз (с.а.с.) мына хадисінен өрбіген.
Ибн Аббастан (р.а.) былай дейді: «Пайғамбарымыз (с.а.с.) сахабаларының бірі бір қабірдің үстіне оның қабір екендігін білмей шатырын тігеді. Сөйтсе бір кісінің «Мүлік» сүресін басынан аяғына дейін оқығанын естиді. Ол Пайғамбарға (с.а.с.) барып: «Уа, Расулалла! Мен шатырымды білмей қабірдің үстіне тігіппін. Сөйтсе, оның ішінде бір адам «Мүлік» сүресін аяғына дейін оқып шықты», - деп бұл істің мәнісін сұрайды. Сонда Алланың Елшісі (с.а.с.): «Расында ол («Мүлік» сүресі) қорғаушы һәм құтқарушы, оны (мәйітті) қабір азабынан құтқарады», - деген [3].
Пайдаланылған әдебиеттер:
Пайдаланылған әдебиеттер:
-
Мүслім риуаят еткен.
-
Әбу Дәуіт риуаяты.
-
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы. Е.А.Оңғаров, С.З.Ибадуллаев. Жаназа және жерлеу рәсімдері – Астана, 2018 – 148 б.