Мәйітті жоқтау. Әбу Ханифа (р.а) мәзһабында қайтыс болған кісіні жоқтап, өтірік жылау – харам, қатты дауыс көтермей жылауға болады. Мәйіттің бір жақсылығын санамалап, өксіп, бетін тырнап, киімін жыртып немесе шашын жұлып, шариғатқа қайшы сөздер айтып жылауға болмайды. Себебі, Пайғамбарымыз (с.а.у) бір хадисінде: «Біреу қайтыс болғанда, бетін ұрғылап, тырнап, үстіндегі киімін жыртып және надандық дәуіріндегідей айқайлап жылаған адам бізден емес» [1], екінші бір хадисте «Пайғамбарымыз (с.а.у) бізге наразылықпен жоқтауға тыйым салған» - деп келеді Әбу Дәуіт.
Мәйітті жерлеу. Мәйітті жерлеу – парыз кифая. Егер жерлеуге мүмкіншілік болмаса, мысалы, бір кісі теңіз сапарында дүниеден озса, кемеде оны жуындырып, кебіндеп, жаназасы оқылады. Егер құрлық жақын болса, жеткенше күтеді. Құрлық алыс болған жағдайда, денесі бұзылып кету қауіпі болса, ондай мәйітке ауыр бір нәрсе байлап немесе табытқа салынған бойы құбылаға қаратылып теңізге тасталады.
Жерді аңдар қаза алмайтындай және өліктің иісі шықпайтындай терең қазу – уәжіп. Пайғамбарымыз (с.а.у): «Кең қылып, терең етіп қазыңдар», - деген [2]. Әбу Ханифа (р.а) мәзһабы бойынша қабірдің тереңдігі кем дегенде белуардан келетіндей болуы қажет. Бұдан тереңірек болуы абзалырақ. Мәйітті жерлеген соң ысырапқа жол беріп, күмбездер салу, атағын шығару үшін бәсекелесу шариғатымызда жоқ.
Жер қыртысы қатты болса, лақат жасау (астын үңгілеп қазу) – сүннет. Лақат қабірдің төменгі құбыла жағынан кеңірек етіп, қазылады. Ал егер жер қыртысы жұмсақ болған жағдайда лақат қазудың керегі жоқ. Қазихан Махмуд әл – Узғандидің пәтуасында: «Жер жұмсақ болса, лақат қазбай – ақ, қабірдің ортасын төмен қарай тағы да қазып, ішіне мәйітті қойып үстін және айналасын кесек қышпен қалау керек» - делінген [3]. Мәйітті қабірге қойғанда жүзін құбылаға қаратып жатқызу – уәжіп.
Мәйітті құбылаға қаратып, оң жақ бүйіріне жатқызар кезде:
«Бисмилләһи уа ъалә милләти (суннәти) Расулилләһи» (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) – деп айту сүннет. Абдулла ибн Омардан риуаят бойынша Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсы былай деген: «Мәйіттеріңізді қабірлеріне қойған кездеріңде: Бисмилләһи уа ъала суннәти расулиллаһи деңдер» [4].
«Фатхул – Қадир» шархында: «Мәйіт қабірдің құбыла жағынан қойылады. Мәйітті қабірге қоятын кісі мәйітті лақатқа қойғанда, құбылаға қарап тұрады», - делінген. Мәйітті қабірге оң жақ бүйірімен жүзін құбылаға қаратып қояды. Егер жүзін құбылаға қаратпаса немесе шалқасынан, сол бүйір жағына жатқызып үстін топырақпен көміп қойғаннан кейін дұрыс қойылмағандығы байқалса да, қабірді қайта қазбайды. Бірақ жоғарыдағы айтылған жайыттарды көму алдында біліп қалса, тіпті лақат қышпен өріліп қойылса да, мәйітті дұрыстап жатқызу үшін ашу керек. Мәйітті қабірге оң жақ бүйірімен қойғанда, құбылаға қарап жатуы үшін бас – аяғын қышпен немесе топырақпен сүйеп қою мұстахаб. Мәйітті табытқа салып жерлеу – мәкрүһ, тек оған жер құмды немесе сазды болса ғана рұқсат етіледі. Бірақ табыт темірден болмауы керек. Мәйітпен бірге көрпе – жастық сияқты заттарды қабірге салу – мәкрүһ. Мәйіт лақатқа қойылған соң үш уыс топырақ салуы – мұстахаб. Сол топырақты мәйіттің бас жағына тастайды.
Топырақ салу. Қабір басындағы кісілерге қабір көмілуден бұрын үш уыс топырақ салу – мұстахаб. Әбу Һурайра: «Алла Елшісі (с.а.у) бір жаназаға намаз оқыды. Сосын мәйіттің қабіріне келіп, оның бас жағына үш уыс топырақ тастады», - деген Ибн Мәжә риуаяты. Ал мәйітті лақатқа қойған соң бірінші уыс тастағанда: «Минһә холақнакум» (Біз сендерді әуелде топырақтан жараттық) – деп, екінші уыс тастағанда: «Уә Фиһа нуъидукум» (және топыраққа қайтарамыз), ал үшіншісін тастағанда: «Уә минһә нухрижукум тәратан ухра» (және топырақтан қайта шығарамыз), - деп айту – мұстахаб Имам Ахмет риуаяты.
Топырақ салу. Қабір басындағы кісілерге қабір көмілуден бұрын үш уыс топырақ салу – мұстахаб. Әбу Һурайра: «Алла Елшісі (с.а.у) бір жаназаға намаз оқыды. Сосын мәйіттің қабіріне келіп, оның бас жағына үш уыс топырақ тастады», - деген Ибн Мәжә риуаяты. Ал мәйітті лақатқа қойған соң бірінші уыс тастағанда: «Минһә холақнакум» (Біз сендерді әуелде топырақтан жараттық) – деп, екінші уыс тастағанда: «Уә Фиһа нуъидукум» (және топыраққа қайтарамыз), ал үшіншісін тастағанда: «Уә минһә нухрижукум тәратан ухра» (және топырақтан қайта шығарамыз), - деп айту – мұстахаб Имам Ахмет риуаяты.
Қабірге төмпешік болғанға дейін топырақ үйіледі. Қабір үстіне бір қарыстай топырақ үйілуі – мұстахаб. Қабір үсті түйе өрекші секілді етіп үйленгені дұрыс. Қабірдің үстін гипстеу немесе әрлеу – мәкрүһ.
Мәйітті жерлеу ісі. Жерлеу ісін кез келген шамасы жеткен кісі атқара алады. Дей тұрғанмен, жерлеу ісін дінді жақсы білетін, әрі туысы болып келетін жандардың атқарғандығы шариғатта дұрыс деп табылған. Себебі, ол мәйітті Пайғамбар (с.а.у) сүннетіне сай қылып жерлейді. Ханафи мәзһабы бойынша, қабірге түсетін кісі мөлшерін белгілі бір санмен шектелмеген. Олардың тақ немесе жұп болуына да үлкен мән бермеген. Себебі, оның барлығы мәйіттің жағдайына қарай өзгеріп отырады [5]. Имам әл – Бәйһақи Хазіреті Алиден (р.а) мына бір хадисті риуаят етеді: «Пайғамбар (с.а.у) қабіріне түсіп, жерлеу ісін төрт кісі атқарады. Олар: Али, Аббас, Фадл және азат еткен құлы Салих (Алла олардың барлығына разы болсын) [6]. Ескертетін жайт, мұсылман қабіріне туысы болса да, мұсылман емес кісінің түсуі шариғатта мәкрүһ деп саналған. Себебі, күпірлікте жүрген кісі болған жерге Алланың қаһары мен лағынеті түседі. Сондықтан мұсылманның қабіріне ондай жанның түспегені дұрыс.
Пайдаланған әдебиеттер:
- Бұқари, Муслим риуаяты
- Әбу Дәуіт риуаяты.
- «Әл – Аламгирия», «Миғражуд – дирия»
- Ибн Хиббан риуаяты.
- «Әл – Мабсутә, 2/61
- «Әс – Сунанул – Кубра», 4/53.