ҚМДБ жұмысының негізгі жеті бағытының бірі – уақып және қайырымдылық бағыты бойынша Рамазан айы бойы күн сайын еліміздің түкпір-түкпірінде ауызашар берілді.
«Ауызашар» акция аясында «Уақып» қоры, «Зекет және қайырымдылық» қоры және ҚМДБ қарасты қайырымдылық мекемелерінің ұйымдастыруымен мешіт жамағатына, медресе, қайырымдылық мекемелердің шәкірттеріне, студенттерге, қазыналы қарттарға, көпбалалы отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі жандарға ауызашар ұйымдастырылып, Алланың разылығына жету мақсатында, ауыз бекіткен әрбір мұсылманға қызмет жасалды. Сондай-ақ республика бойынша өкілдіктердің ұйымдастыруымен жолаушыларға «Ауызашар қоржындары», әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға «Рамазан қоржындары» таратылды.
Рамазан айының алғашқы 10 күнінде 216 764 адамға, ортаңғы 10 күнінде 342 309 мың адамға, соңғы 10 күнінде 353 124 адамға, жалпы Рамазан айында 30 күн бойы 912 197 адамға ауызашар берілді.
Алла Тағала Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өсиетіне амал етіп, ауызашар ұйымдастырған, оған үлес қосқан әрбір жомарт жанға Алла елшісі сүйіншілегендей ораза тұтушының сауабын нәсіп етсін! Алла Тағала Рамазан айында жасаған дұға-тілектерімізді, құлшылықтарымызды, игі амалдарымызды қабыл етсін! Келесі Рамазан айына төрт құбыламыз түгел болып жетуімізді нәсіп қылсын!