Адам баласының бұл дүниедегі ғұмыры - уақытша ғана аялдама. Бүгін бар болған денсаулық, бойдағы күш-қуат, қолдағы дәулет - бәрі де Ұлы Жаратушының пендесіне берген аманаты. Осы аманаттың қадірін терең түсініп, мүмкіндік бар сәтте игі амалдарға ұмтылу - мұсылманның көрегендігі мен рухани кемелдігінің айғағы. Әсіресе, садақаны дәл саулықта, әл-қуат толық кезде беру - жүректегі иманның беріктігін, Аллаға деген шынайы ықыласты білдіретін ең абзал құлшылықтардың бірі.
Алла Тағала Әли Имран сүресінің 92-аятында: «Жақсы көрген мал-дүниелеріңнен Алла жолында жұмсамайынша, ізгілік пен кемелдікке қол жеткізе алмайсыңдар», - деп баян етеді. Бұл аят адам баласын дүние-мүлкіне байланып қалмай, керісінше, жүрегіне жақын болған нығметтерден Алла жолында жұмсауға үндейді. Өйткені нағыз игілік – адамның өзі мұқтаж болмай тұрып, барында бөлісуінде, нығметтің қадірін дер кезінде танып, оны сауапқа айналдыра білуінде.
Пайғамбарымызға (ﷺ) бір адам келіп: Уа Расулаллаһ! Сауабы ең көп садақа қайсы? - деп сұрайды. Сонда Пайғамбарымыз (ﷺ): Денің сау, кедейліктен қорқып, сараңдығың артып, бай болудан үмітті болған шағыңда берген садақа - ең абзал садақа. Ал бұл шағыңда садақа беруге салғырт қарап, жан алқымға келгенде «Пәленшеге осынша садақа болсын, түгеншеге мұнша садақа болсын» деуіңнен түк пайда жоқ. Онсыз да ол дүние-мүлкің солардікі болады, - деп жауап береді. Бұл хадис садақаның ең қадірлісі - әлсіздік пен шарасыздықта емес, керісінше, адам бойында күш-қуат, алдында үміт пен жоспар көп кезде берілген садақа екенін айқын көрсетеді.
Сондықтан саулықта берілген садақа - тек көмек емес, ол жүректің тазалығының, иманның беріктігінің және Раббысына деген толық сенімнің белгісі.
Есім Ержан Базарбекұлы
Алматы қаласы, Алатау ауданы, «Бекет ата» мешітінің бас имамы

