Ислам діні адам баласын дүниеге құл болуға емес, дүниені сауапты істерге құрал етуге шақырады. Адамға берілген мал-мүлік, байлық пен мүмкіндік - сынақ әрі аманат. Сол аманатты пайдаланғаны үшін әрбір пенде қиямет күні жауап береді. Исламда мүлікті Алла жолында жұмсаудың ең көркем, ең берекелі жолдарының бірі – уақып ету.
Уақып – тек қайырымдылық емес, бұл – болашаққа қалдырылған сауапты мұра, өшпейтін із, тоқтамайтын амал. Уақф арқылы адам өз мүлкін халықтың игілігіне айналдырып, дүниеден өткеннен кейін де сауап алып тұрады.
Уақып ұғымы және оның мәні
Уақып сөзі араб тілінде «тоқтату», «бекіту» деген мағынаны білдіреді. Шариғаттағы мағынасы – белгілі бір мүлікті Алла разылығы үшін қоғамның немесе мұқтаж жандардың игілігіне арнап, оның өзін емес, пайдасын үздіксіз қолдануға беру.
Уақыпқа берілген мүлік сатылмайды, мұраға қалдырылмайды, жекеменшікке айналмайды. Ол – Алла жолына арналатын тұрақты садақа. Сондықтан уақф – садақа жәрияның нақты көрінісі.
Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Адам баласы қайтыс болғанда оның барлық амалы тоқтайды, тек үш нәрседен басқа: үздіксіз садақа, пайдалы ілім және дұға жасайтын салиқалы ұрпақ» (Муслим).
Ғалымдар бұл хадистегі «үздіксіз садақаны» уақыппен тікелей байланыстырған. Уақыптың Құран мен сүннеттегі орны Құран Кәрімде Алла Тағала мал-мүлікті Өзінің жолында жұмсауға жиі үндейді: «Өздерің жақсы көрген нәрселеріңнен Алла жолында жұмсамайынша, ізгілікке жете алмайсыңдар» (Әли Имран сүресі, 92-аят).
Бұл аятта шынайы иманның белгісі – малға деген сүйіспеншілікті Алла разылығы үшін құрбан ету екені көрсетілген. Уақып – осы аяттың амалдағы көрінісі.
Сахабалар дәуірінде уақф кеңінен тарады. Омар ибн Хаттаб (Алла оған разы болсын) Хайбардағы ең құнды жерін уақып еткенде, Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оған: «Оның өзін сатпа, сыйлама, мұраға қалдырма. Тек пайдасын Алла жолында жұмса» – деп кеңес берген. Бұл – ислам тарихындағы алғашқы уақып үлгілерінің бірі.

