Қайырымдылықты жүйелеудің, қоғамды ұйыстырудың өркениетті жолы
Ізгі істерге жарыса ұмтылу – мұсылман қоғамының айрықша белгісі. Ондай ортада адамдар бір-біріне мейіріммен қарап, мұңдыны демеп, мұқтаждың жүгін жеңілдетуге ұмтылады. Бұл – тек жеке адамның жақсы мінезі ғана емес, тұтас қоғамның тірегіне айналатын құндылық. Өйткені иман жүректе орнықса, ол міндетті түрде амалға айналады: ықылас – әрекетке, ниет – қызметке, сенім – қоғамдық жауапкершілікке жетелейді.
Ислам – сыртқы салтанатқа сүйенген құр рәсім емес. Ол – жүрекке қонған ақиқаттың өмірге айналуы. Сол себепті мұсылман қауымында қайырымдылық пен өзара жәрдемдесу жай ұран болып қалмай, нақты жүйеге, тұрақты үрдіске айналуы керек.
Малдағы хақ және қоғамның амандығы
Құранда мүміндердің сипаттарының бірі ретінде олардың мал-мүлкінде мұқтаждар үшін белгілі үлес бар екені айтылады:
﴿وَالَّذِينَ فِي أَمْوَالِهِمْ حَقٌّ مَعْلُومٌ لِلسَّائِلِ وَالْمَحْرُومِ﴾ (المعارج: 24–25)
Мағынасы:Қолдарындағы дүние-мүліктерінде белгілі мөлшерде ақы бар екенін мойындайды, Қайыр тілеуден басқа амалы қалмаған пақырлардың һәм (қанша жерден мұқтаж болса да елге алақан жаюдан қымсынатын) мұқтаж жандардың (ақысы бар екенін біледі).
Бұл аят қоғамның өзегіне қатысты үлкен жауапкершілікті меңзейді: мұқтажға қол ұшын беру – көңілдің жомарттығы ғана емес, ортақ міндет. Кедейдің жайы, жетімнің көз жасы, аурудың мұңы – қоғамға ортақ аманат. Ал жүректердегі сараңдық сетінемей, ортада суықтық көбейсе, береке де азаяды.
Көмек қолы созылған ортада, керісінше, жүрек тазарады, ниет түлейді, бауырластық бекемделеді. Бай мен кедейдің арасына көзге көрінбейтін қабырға тұрғызатын сезімдік алшақтық та осылайша азаяды. Бірі – «менікі», бірі – «сенікін» деп бөлінбей, жұрт өзін бір дененің мүшесіндей сезінгенде ғана қоғам шын мәнінде нығаяды.
Қайырымдылыққа жоспар керек
Қайыр жасау – тек бүгінгі күннің қажетін өтеумен шектеліп қалмауы тиіс. Иә, жедел көмек қажет: ас-су, киім-кешек, ем-дом, баспана. Бірақ қайырымдылықтың ең биік мақсаты – адамның қолын ұзарту ғана емес, адамды аяққа тұрғызу.
Сол үшін қайырымдылықпен айналысатын орталықтар мен ұйымдарға жоспарлы, ұзақ мерзімді бағдар керек: еңбекке жарамды кісіге жұмысқа тұруына, кәсіп үйренуіне көмектесу; білімі бар жасқа оқуына жағдай жасау; көпбалалы отбасының тіршілігін түзейтін тұрақты қолдау тетіктерін қалыптастыру. Қайырымдылықтың ең көркем түрі – біреуді мәңгі «алушы» күйінде қалдырмай, ертең өзі де «берушіге» айналар жол ашу.
Уақып – жақсылықты тұрақтандыратын тетік
Жақсылықтың ең ұтымды әрі өркениетті жолдарының бірі – уақып. Уақып – бір реттік садақадан да кең ұғым: ол жақсылықты жүйелейді, игілікті үздіксіз арнаға айналдырады. Яғни бір мүлік, жер, ғимарат немесе жоба Алла разылығы үшін қоғамдық пайдаға бағышталып, оның жемісі үзілмей қызмет етеді.
Кейде уақыпты тек мешіт салумен шектеп ойлаймыз. Шын мәнінде уақыптың өрісі әлдеқайда кең:
- аурухана, емхана, денсаулық орталықтары;
- мектеп, медресе, университет;
- кітапхана, кітап, оқу құралдары;
- егіндік, бақша, ферма, өндіріс көзі;
- жолаушыға паналайтын орын, жатақ, қонақүй;
- жетімге, жесірге, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған қолдау орталықтары.
Яғни уақып – қоғамның әлеуметтік жүрегін соқтыратын, халықтың тұрмысын тіктейтін, ұлттың білімін өсіретін тірі институт.
Тарихтан тағылым: уақып өркениеті
Уақыптың рухы – құр ұран емес, өмірдің өзіне айналған тәлім. Исламның алғашқы буыны жақсылықтың салмағын сөзбен емес, сүйгенін беру арқылы көрсеткен.
Бір күні мына аят түскенде:
﴿لَنْ تَنَالُوا الْبِرَّ حَتَّى تُنْفِقُوا مِمَّا تُحِبُّونَ﴾
(яғни: адам игіліктің шыңына өзі жақсы көрген дүниесін жұмсамай жетпейді), Мәдинадағы ең сүйікті бағын Алла разылығы үшін беруге асыққан сахаба Әбу Талха туралы оқиға – уақып рухының айқын көрінісі. Ол: «Ең сүйікті дүнием – Бәйруха. Оны Алла жолына беремін», – деп ниетін білдіргенде, Мұхаммед пайғамбар бұл амалды құптап, қайырымның ең әуелі жақындарға жеткені жөн екенін нұсқаған. Сөйтіп ол сол игілікті туыстарының қажетіне бұрған.
Ал уақыптың құқықтық негізін айқындап берген ең белгілі үлгінің бірі – Омар ибн әл-Хаттаб уақыбы. Ол Хайбардан алған ең қымбат жер теліміне қатысты: «Бұдан артық қазына көрмедім, не істейін?» – деп сұрағанда, Пайғамбарымыз (с.а.у.) уақыптың өзегін білдіретін қағиданы ұсынған: «Негізін ұстап қал да, пайдасын садақа қыл». Осылайша жердің өзі сатылмайды, сыйға берілмейді, мұра болып бөлінбейді; ал оның жемісі кедей-кепшікке, туысқа, жол жүргіншіге, қонаққа, Алла жолындағы игі іске жұмсалады. Бұл – қайырымды бір сәттік қадамнан тұрақты жүйеге айналдыратын, қоғамға ұзақ дем беретін шешім еді.
Осы екі оқиғаның өзінен-ақ бір ақиқат көрінеді: уақып – әлсізді әлдилеу ғана емес, жақсылықты заңдастырып, бекітіп, ертеңге жеткізетін өркениеттік жол.
Байлық – сын, ал жұмсау – жауап
Мал-мүлік – адамның қолындағы уақытша аманат. Береке малдың көптігінде ғана емес, оның игілікке жұмсалуында. Қайырымға жұмсалған дүние – азаймайтын олжа, керісінше адамға да, ортаға да рухани салмақ береді.
Нығметтің қадірі оны өзгемен бөліскенде артады. Ал қолда барын тұйықтап, қоғам мұқтажын елемеу – жүрекке қараңғылық түсіретін әдет. Қайыр-садақа – біреудің өмірін жеңілдетсе, уақып – тұтас бір ортаның ертеңін түзейді.
Қорытынды: бүгінгі күннің қажеті – уақып мәдениеті
Бүгінгі қоғамға уақып бұрынғыдан да қажет. Өйткені уақып – тек діндарлықтың белгісі емес, әлеуметтік әділеттіліктің, ұлттық тұтастықтың, рухани тәрбиенің құралы. Қайырымдылықты жүйелеп, игілікті үздіксіз арнаға айналдыратын уақып мәдениеті күшейсе, қоғамда жалаң ұран азайып, нақты әрекет көбейеді. Ал нақты әрекет бар жерде – береке бар, бірлік бар, болашақ бар.
Нұрбол Қабыланұлы
Астана қаласы бойынша «Уақып» маманы

