Адам баласы үшін ең қымбат нығметтердің бірі – денсаулық. Қуат-қайратымыз орнында, табысымыз бар, мүмкіндігіміз жетіп тұрған шақта жасаған игілік – ең шынайы, ең құнды садақа. Сондықтан Пайғамбарымыз Мұхаммед с.а.у. : «Садақаның ең абзалы – саулығыңда, дүниеге құштар болып тұрғаныңда берген садақаң» деген мағынадағы өсиет қалдырған. Бұл хадис бізге бір ақиқатты еске салады: жақсылықты ертеңге қалдырма.
Саулықтағы садақа – ықыластың өлшемі
Көп адам садақаны қартайғанда, байып кеткенде, не бір қиындық келгенде ғана ойлайды. Ал шын мәнінде, адамның иманы мен ықыласы оның саулығында, дәулеті барында көрінеді. Себебі дәл сол кезде нәпсі «жина», «көбейт», «кейін бересің» деп сыбырлайды. Ал мүмін жүрек «Алла разылығы үшін бүгін берейін» деп шешім қабылдайды.
Құран Кәрімде :
«Өздерің жақсы көрген нәрселеріңнен жұмсамайынша, ізгілікке жете алмайсыңдар» («Әли Имран», 92-аят) деп ескертеді. Демек, садақа – артық дүниеден емес, жүрекке жақын болған нәрседен берілгенде шынайы құнға ие болады.
Уақып – саулықтағы садақаның мәңгілік жалғасы
Садақаның ішінде ерекше бір түрі бар – садақа жария, яғни тоқтаусыз сауап әкелетін қайырымдылық. Ислам тарихында бұл жүйе «уақып» деп аталады. Уақып – бір мүлікті, қаржыны немесе мүлік табысын Алла жолына арнап, қоғам игілігіне тұрақты түрде жұмсау.
Пайғамбарымыз Мұхаммед с.а.у.:
«Адам қайтыс болғанда, оның амал дәптері үш нәрседен басқа жабылады: садақа жария, пайдасы тиетін ілім, дұға ететін салиқалы ұрпақ» деген (р.а.). Уақып – осы садақа жарияның нақты көрінісі.
Ислам өркениетінде уақып арқылы мешіттер, медреселер, ауруханалар, көпірлер, құдықтар салынды. Ғасырлар бойы адамдар сол игіліктің жемісін көріп келеді. Бір адамның саулығында берген садақасы жүздеген жылдарға жалғасқан сауапқа айналды.
Уақып қоры – бүгінгі қоғамның тірегі
Қазіргі таңда уақып қорлары – қоғамдағы мұқтаж жандарға жүйелі көмек көрсететін, рухани және әлеуметтік жобаларды жүзеге асыратын маңызды институт. Олар:
- Жетім-жесірлерге қолдау көрсетеді
- Студенттерге шәкіртақы тағайындайды
- Мешіттер мен діни білім ошақтарын дамытуға үлес қосады
- Ауру жандарға ем-дом ұйымдастырады
- Қайырымдылық акцияларын тұрақты түрде жүзеге асырады
Бір реттік садақа – сауап. Ал уақыпқа салынған қаражат – үздіксіз сауап. Саулығыңда уақыпқа үлес қосу – өзіңе ақыреттік инвестиция жасау деген сөз.
«Ертең» деп жүріп кеш қалып қоймайық
Көпшілігіміз «зейнетке шыққанда», «балаларымды үйлендіріп болған соң», «байығанда» деп садақаны кейінге ысырамыз. Бірақ ертеңге кім кепіл? Денсаулық та, мүмкіндік те – уақытша аманат.
Құран Кәрімде:
«Сендерге өлім келіп, “Раббым, мені жақын бір мерзімге дейін кешіктірсең, садақа беріп, ізгілерден болар едім” деместен бұрын, Біз сендерге берген ризықтан жұмсаңдар» («Мунафиқун», 10-аят) деп ескертіледі.
Бұл аят – саулығымыз барда, мүмкіндігіміз жетіп тұрғанда игілік жасауға шақыру.
Уақып – ұрпаққа аманат, өзіңе шапағат
Саулықта берген садақа – жүректің тірі екенінің белгісі. Ал уақыпқа берілген үлес – мәңгілікке жалғасатын сауаптың бастауы. Бүгін отырғызылған бір ағаш ертең сая болады. Бүгін ашылған бір құдық талай жанның шөлін қандырады. Бүгін қолдаған бір шәкірт ертең елге қызмет ететін ғалымға айналуы мүмкін.
Сондықтан «Садақаны саулығыңда бер» деген сөз – жай ұран емес, өмірлік ұстаным болуы тиіс. Деніміз сау, қолымыз бос, жүрегіміз жұмсақ кезде уақып қорына үлес қосайық. Себебі бұл – дүние мен ақыретті жалғайтын алтын көпір.
Алла Тағала берген саулығымызды Өзінің разылығына жеткізетін амалдармен көркейтуді нәсіп етсін!
Маралхан Шереханұлы
ШҚО бойынша «Уақып» маманы

