I УАҚЫПТЫҢ АНЫҚТАМАСЫ
«Уақып» сөзі тілдік тұрғыдан «ұстау, тоқтату, қозғалтпау» деген мағыналарды береді. Ал шариғаттаға мағынасы «нақты нәрсені белгілі сипатта ұстау тұтқындау»[1]. Терминологиялық тұрғыдан, уақып дегені, мал-мүліктің пайдасын халыққа арнау және оның өзін Алланың меншігі ретінде есептеп, иелікке беру мен иелікке алудан мәңгілікке тыйым салу[2].
II УАҚЫПҚА ҚАТЫСТЫ ҚАСИЕТТІ МӘТІНДЕР
Уақып сөзі Құран Кәрімде тікелей аталмаған. Алайда, уақыпқа мағыналас деп саналатын ізгілік (бирр), жақсылық, садақа, ихсан және қайыр сияқты сөздер Құран Кәрімде уақып ұғымына жанама түрде сәйкес келеді деп айтуға болады. Бұл сөздердің уақыпты насихаттайтыны айтылғандықтан, осы аяттарды келтіру пайдалы деп есептеледі. Алла Тағала Құран Кәрімде былай дейді:
لَن تَنَالُواْ ٱلۡبِرَّ حَتَّىٰ تُنفِقُواْ مِمَّا تُحِبُّونَۚ وَمَا تُنفِقُواْ مِن شَىۡءٍ فَإِنَّ ٱللَّهَ بِهِۦ عَلِيمٌ
«Жақсы көрген нәрселеріңді Алла жолында жұмсамайынша, ізгілікке қол жеткізе алмайсыңдар. Сондай-ақ не нәрсе жұмсасаңдар да, Алла оны толық біледі»[3].
Сондай-ақ, басқа аятта Алла Тағала:
وَتَعَاوَنُواْ عَلَى ٱلۡبِرِّ وَٱلتَّقۡوَىٰۖ
«Ізгі істерде және тақуалықта бір-бірлеріңе жәрдемдесіңдер»[4].
Сонымен тағы бір аятта Алла Тағала:
وَٱعۡبُدُواْ رَبَّكُمۡ وَٱفۡعَلُواْ ٱلۡخَيۡرَ
«Раббыларыңа құлшылық етіңдер және қайырлы істер жасаңдар»[5].
Хадис жинақ еңбектерінде уақып тақырыбына қатысты хадистер саны көп емес. Алайда сенімді хадис жинақтарында келтірілген бірнеше хадиске тоқталайық:
- Әбу Һурайра (Алла разы болсын) жеткізген хадисте Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген: «Адам баласы мына дүниеден өткеннен соң амалдарының барлығы тоқтайды яғни, сауабы үзіледі. Бірақ, мына үш нәрседен амал тоқтамай, сауап жалғасып барып тұрады: «Садақа жәрия, пайдаланылатын ілім және оған дұға етіп жүрген салиқалы бала»[6]. Бұл хадистегі «Жәрия садақа» деген сөйлем, ағып тұрушы яғни, жалғасымды жасалып тұрған садақа деген мағынада. Оның ең көркем көрінісі уақып болып табылады. Ислам құқықшы (фақиһ) ғалымдарымыз да осылай деп үкім еткен[7].
- Абдулла ибн Омар (Алла разы болсын) риуаяттында былай дейді: «Омар ибн Хаттаб (Алла разы болсын) Хайбар соғысынан олжа ретінде (Самғ деп аталатын) жерге (құрма бақшасына) қол жеткізді. Сосын Омар (Алла разы болсын) Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) келіп: «Уә, Алла елшісі, мен Хайбар шайқасындан бір жерді иелендім және де ондай құнды мал-мүлукке қол жеткізген емеспін», - деді де, «Оны не істеуімді бұйырасын», - деп кеңес сұрады. Сонда Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оған: «Қаласаң ол жерді уақып жаса да және жемістерін, пайдасын садақа ет», - деді. Содан кейін Омар (Алла разы болсын) сатылмау, сыйлыққа берілмеу және мирас етілмеу негізінде уақып қылды. Жемісі мен пайдасын, пақырларға, жақын туыстарға, азаттыққа қауышқысы келген құлдарға, сапаршы қонақтарға және жолаушылараға садақа етті. Сонымен қатар, уақыптың басқаруына тағайындалған адамның уақыптың асылына яғни, негізгі мүлікке зиян келтірмей, тек оның табысы есебінен, шариғатқа сай өзі жеуіне де және досына жегізуінде де күнә жоқ»[8]. Ғұламалардың пікірінше, аталған хадис уақыптың Ислам шариғатында заңды негізі бар екенін дәлелдейді.
- Осман ибн Аффаннан (Алла разы болсын) жеткен хадисте: «Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Мәдина қаласына келгенде Рума құдығынан басқа тұщы су қайнары жоқ еді. Сонда Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Жәннатта оған оданда жақсырақ сый есесіне, кім Рума құдығын сатып алып, онда өз шелегін мұсылмандардың шелектерімен бірге ортақ пайдалануға жағдай жасайды?», - деді. Сонда мен өз қаражатыма сол құдықты сатып алып, онда өз шелегімді мұсылмандардың шелектерімен бірге ортақ пайдалануға жағдай жасадым», деп айтқан[9]. Осылайша Осман да (Алла разы болсын) Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сияқты, Омар (Алла разы болсын) сынды елдің, халықтың ігілігі үшін уақып жасаған.
Бұл нақтылы үкімдерді білдіретін мәтіндер мен олардан негізінде ғылымдардың ижтиһады (зертеулері) арқылы туындаған үкімдер ислам құқығында уақып институтының мәні мен құрылымын айқындайды.
III МӘЗҺАБТАРДЫҢ УАҚЫПҚА ҚАТЫСТЫ КӨЗҚАРАСТАРЫ
- Ханафилер: Әбу Ханифаның пікірінше, уақып етілген мүлік уақып етушінің меншігінде қала береді, ал оның пайдасы қайырымдылық мақсаттарға садақа ретінде арналады. Уақыптың құқықтық үкімі арияға (уақытша пайдалануға беруге) ұқсас болып, рұқсат етілген, міндеттеуші сипатқа ие емес. Осыған байланысты, уақып етуші адам тірі кезінде уақыптан бас тартқан жағдайда, бұл әрекет мәкруһ саналса да, шариғат тұрғысынан жарамды деп есептеледі және уақып етілген мүлік мұра ретінде қалдырылады. Имам Әбу Юсуф пен Имам Мұхаммадтың пікірінше, уақып міндеттеуші болып табылады. Яғни уақып етілген мүлік уақып етушінің меншігінен толық шығып, Алла Тағаланың иелігіне өтеді де, ол сатылмайды, әрі сыйға тартылмайды, одан бас тартылмайды және күшін жоймайды. Уақып етуші қайтыс болғаннан кейін, уақыпқа берілген мүлік мирас ретінде берілмейді. Имам Әбу Юсуфтың көзқарасы бойынша, уақыптың күшіне енуі үшін уақып етушінің: «Мен осы мүлкімді пәлендей бір қайырымдылық ісіне уақып еттім» деп айтуы жеткілікті. Ханафи мәзһабында уақып мәселесінде пәтуа Имам Әбу Юсуф пен Имам Мұхаммадтың көзқарастарына негізделген.
- Шафиғилер мен Ханбалилер: Имам Шафиғи мен Имам Ахмад ибн Ханбалдың пікірінше, белгілі бір қайырымдылық бағытына жалғасымды болу шартымен уақып етілген мүлік уақып етушінің меншігінен толық шығады.
- Маликилер: Имам Мәликтің пікірінше, уақып етілген мүлік басқа біреудің меншігіне өтпегенімен, кейбір құқықтық өкілеттіктер тұрғысынан уақып етушінің де, оның мұрагерлерінің де меншігінен толық шықпайды. Алайда ол мүлік сатылмайды, мұраға және сыйға берілмейді[10].
Қазіргі заманғы ислам құқықтанушылар мен ислам фиқһ ғалымдары уақыпқа берілетін мүлік жер телімі немесе егін алқабы сияқты жылжымайтын және өзгермейтін заттардан болуы керек деген пікірді басым көрген. Өйткені уақыптың мәңгілік шарты бар. Ал, жылжымалы әрі өзгеріске ұшырайтын заттарда мәңгілік шартын талап ету мүмкін емес. Сонымен қатар, уақыпқа берілетін мал-мүліктің түрі тек өзгермейтін, тұрақты заттармен шектелмейді. Уақыт өте, болмысы өзгермейтін, қолданылса да таусылмайтын жануарлар, құрал-жабдықтар, кітаптар, соғыс құралдары сияқты жылжымалы мүліктерді де уақыпқа беру ислам құқықтанушылардың көпшілігі тарапынан қолдау тапқан[11]. Ақшаны уақыпқа беру болса, Ханафи мәзһабында әдет-ғұрып пен қолданыстағы тәжірибеге сүйене отырып рұқсат етілген[12].
IV УАҚЫПТЫҢ СЕБЕБІ МЕН РҮКІНІ
- Уақыптың себебі: Уақып жасауға басты себеп, ол дүниеде жақсы ат қалдыру, адамдардың құрметі мен разылығын үміт ету және ақиретте Алла Тағалаға жақын болу тілегі[13]. Өз мүлкін ерікті түрде, көңіл ризалығымен, ізгі ниетпен уақып еткен адам яғни, ешбір қайтарымды күтпей адамдардың қызметіне арнаған кісі, дүниеде де, ақыретте де рухани ләззатқа кенелу мақсатымен құрбандық жасаған болады. Уақыптың мәні, ол мал-мүлкін адамдар игілігіне жарайтын қайырлы істерге жұмсап, Алла Тағаланың разылығына сай әрекет және құлшылық ғибадат болып табылады. Адамдарға пайдалы қызметтерді ұсыну, осылайша жақсы атпен еске алыну және ақыретте осы ізгі істерінің сыйын көру сенімі жатыр уақыптың негізінде. Қысқаша айтқанда, бұл дүниеде де, ақыретте де қадірлі әрі сүйікті болу. Алла Тағала тарапынан жақсы көрілуге лайық болу дегенді білдіреді.
- Уақыптың рүкіндері: Уақыптың рүкіндері төртеу, олар: бірінші – әл-уақиф яғни, уақып жасаушы кісі, екінші – әл-мауқуф яғни, уақып етілетін зат, үшінші – әл-мауқуф ғаләйһ яғни, уақыптан пайдаланылатын тарап, төртінші – лафз әл-уақф яғни уақып сөзі.
- Уақып жасауға құқылы адамның шарттары мыналар: бірінші – азат болуы, екінші – ақыл-есі бүтін болуы, үшінші – балиғат жасына толған болуы керек[14].
V УАҚЫПТЫҢ ДҰРЫС БОЛУ ШАРТТАРЫ
Уақып ісін орындау үшін бірнеше шарттар бар. Ең алдымен, уақыпты кім бергені анық көрсетілуі керек. Егер уақып жасаушы қойған шарттар исламға қайшы келмесе, олар күшінде болады және шариғат тәртібі бойынша сақталуы тиіс. Уақыптың құқықтық тұрғыдан дұрыс болу үшін қойылған шарттарға тоқталсақ:
- Мал-мүлікті уақып ретінде беруге және оны қайырымдылыққа арнау үшін уақып жасаушы адамның құқықтық қабілеті болуы шарт. Осы себепті балалардың, ақыл-есі кемістердің және құлдардың жасаған уақыптары жарамсыз болып саналады.
- Уақып жасаушы кісінің уақыпқа разы болуы шарт. Оның ризалығынсыз мәжбүрлеп берілген уақып жарамды (сахих) емес.
- Уақып жасаушы адам қарызынан немесе ақыл-есінің кемдігіне байланысты мүлкін пайдаланудан тыйым салынған (махжур) болмауы керек. Қарызы себепті немесе ақыл-есінің кемдігінен махжур болған адамның жасаған уақыпы жарамсыз. Мұндай уақып бұзылып, махжур адамның қарызын өтеу үшін сатылып жіберіледі.
- Уақып (мүнәжжаз) дереу орындалатын болуы тиіс. Уақып жасау барысында әлі жүзеге аспаған немесе жүзеге асуы күмәнді бір жағдайға шарттастырып жасалған уақып жарамсыз болып саналады. Мысалы, егер бір адам: «Егер мына ісім жүзеге асса, мына жылжымайтын мүлкім уақып болсын» десе, кейін аталған іс орындалған күннің өзінде де, бұл мүлік уақып ретінде есептелмейді. Ал егер ол өз меншігіндегі белгілі бір мүлікке қатысты: «Егер бұл мүлік менің меншігімде болса, уақып болсын» десе, мұндай уақып жарамды болып табылады. Себебі уақыпты нақты бар әрі жүзеге асқан жағдайға байланыстыру — уақыптың іске асуын қамтамасыз ететін құқықтық үкім ретінде қарастырылады.
Болашаққа байланыстырылып жасалатын уақып жарамсыз болып саналады. Өйткені уақыптың бірден жүзеге асырылуы (дереу орындалуы) талап етіледі, ал бұл талапқа қайшы келген жағдайда уақып сахих болмайды. Мысалы, «Бұл жылжымайтын мүлкімді келесі жылдың басынан бастап белгілі бір мақсатқа уақып еттім» деп айту осы санатқа жатады.
Ал егер «Бұл жылжымайтын мүлкім мен қайтыс болғаннан кейін уақып болсын» десе, онда мұндай әрекет өсиет болып саналып, қайтыс болғаннан кейін мұраның үштен біріне ғана жүреді. Мұндай өсиеттен бас тартуға да шариғат тұрғысынан рұқсат болып табылады.
- Уақыпта мәңгілікке уақып ету шарты бар. Алайда, уақып ететін кезде мәңгілікке деп айту Имам Мұхаммедтің пікірінше шарт болғанымен, Имам Әбу Юсуфтің пікірінше шарт емес. Басым көрілген пікір Әбу Юсуфтың көзқарасы. Егер уақып уақытша болса, ғалымдардың бір ауыздан келісімі бойынша ондай уақып жарамсыз болып табылады. Мысалы, бір кісі жылжымайтын мүлкін он жылға уақып етсе немесе оны қажеттілік туындаған кезінде сатып, алынған қаражатты өз қажеттігіне жұмсау шартымен уақып етсе, мұндай уақып жарамсыз болып есептеледі.
- Уақып кірісі мәңгілік түрде тоқтамайтын бір мақсатқа (бағытқа) арналуы тиіс. Мысалы, кедейлерге немесе мешіттерге арналуы сияқты. Егер мұндай мақсат нақты көрсетілмесе, уақып жарамды болып саналмайды. Имам Әбу Ханифа мен Имам Мұхаммедтің пікіріне сәйкес. Ал Имам Әбу Юсуфтың пікірінше, мәңгілік мақсаттың нақты көрсетілуі шарт емес. Тіпті уақып кірісі ұрпақ сияқты бір кезде тоқтайтын мақсатқа арналып көрсетілсе де, уақып дұрыс (сахих) болып есептеледі. Кейіннен уақып кірісі кедейлерге жұмсалады. Өйткені уақып жасаушының негізгі мақсаты уақыптың жалғасуы арқылы оның кірісінің кедейлерге тиесілі болуы. Мұндай шарт дәлелдеу жолымен бекітіліп, уақыптың мән-мағынасында бар деп қарастырылады.
- Уақып етілетін мүліктің жылжымайтын болуы шарт. Осы себепті жылжымалы мүліктің негізін уақып ету жарамсыз болып саналады. Өйткені жылжымалы мүлікте мәңгілік сипат болмайды. Алайда, жылжымайтын мүлікке байланысты түрде жылжымалы мүлікті уақып ету жарамды болып табылады. Мысалы, бір диқанның жерімен қоса ауылшаруашылық құралдарын, егін тұқымын және малын бірге уақып етуі сияқты. Сондай-ақ соғыс кезінде пайдаланылатын қару-жарақтарды, аттарды, түйелерді және кітаптарды уақып ету, әдет-ғұрыпқа қарамастан, рұқсат деп танылған.
- Уақып етілетін ғимараттар мен ағаштар бұзылуға немесе түбімен қопарылып алып тасталуға үкім етілмейтін болуы қажет. Осыған байланысты, бір адамның заңсыз иеленген жер телімінің үстіне өзі үшін салған ғимаратын немесе еккен ағаштарын белгілі бір мақсатқа уақып етуі жарамсыз болып саналады. Өйткені мұндай нысандар заңсыз иелену нәтижесінде пайда болғандықтан, оларды бұзып тастауға немесе түбімен алып тастауға үкім етілінуі мүмкін.
- Уақып етілетін мүлік нақты әрі анық көрсетілуі тиіс. Осыған байланысты, егер бір адам «малымнан бір бөлігін уақып еттім» деп, оны нақтыламай айтса, не болмаса «мына екі жылжымайтын мүлкімнің бірін уақып еттім» немесе «мына зәйтүн ағаштарымның жиырмасын уақып еттім» деп, дәл анықтамай мәлімдесе, мұндай сөздер арқылы уақып жүзеге аспайды.
- Уақып етілетін мүлік уақып жасалған сәтте уақып етушінің меншігінде болуы шарт. Осы себепті өзгенің мүлкін уақып ету жарамсыз болып саналады. Тіпті уақып етуші бұл мүлікке кейіннен басқа бір себеп арқылы ие болған күннің өзінде, бастапқыда жасалған уақып жарамды деп танылмайды. Алайда, өзге бір адамның атынан жасалған уақып, егер мүліктің иесі оны мойындап, қабылдайтын болса, ондай уақып жарамды болып есептеледі.
- Уақып етушінің уақыпқа қатысты шарттары нақты әрі айқын түрде белгіленіп, бейхабарлықтан және күмәннан ада болуы тиіс. Осыған байланысты, егер бір адам белгілі бір мүлкін «пәлен мешітке немесе пәлен мектепке уақып еттім» деп, нақты таңдау жасамай, екіұшты түрде уақып етсе, мұндай уақып жарамды болып саналмайды.
- Уақып қайырымдылық (сауапты) мақсатта жасалуы тиіс. Мәселен, бір мұсылман өз мүлкін шіркеуге уақып етсе, бұл іс ғибадат сауап ниетін білдірмейтіндіктен, мұндай уақып жарамды болып саналмайды.
Егер бір мұсылман ер адам Ислам дінінен шықса (иртидад жасаса), бұрын жасаған уақыпы жарамсыз болып қалады. Алайда ол қайтадан Исламға оралып, уақыпты жаңадан жасаса, бұл уақып сахих болып есептеледі. Ал егер әйел адам Исламнан шықса, оның тіпті сол күйінде жасалған уақыпы жарамды болып саналады. Себебі әйел адамның иртидады үшін өлім жазасы шығарылмайды және оның мүліктік сарп ету құқығы жарамды деп танылады.
Қалыпты жағдайларда уақыптың өзін сатып, оның қаржысына басқа бір уақып нысанын құруға рұқсат етілмейді. Алайда уақып мүлкі ешқандай кіріс әкелмейтін жағдайда немесе оның кірісі шығындарын өтей алмайтын болса, сондай-ақ алдау-арбау (ғабнул фәхш) зияны болмау шарты сақталған жағдайда, қазының (судьяның) шешімімен оны сатып, алынған қаржыға басқа бір уақып нысанын құруға рұқсат етіледі. Сол сияқты, қайырымдылық мекемелерінің біреуі қирап, оны қайта қалпына келтіру қажеттілігі болмаған жағдайда, уақып кірісін сол тектес өзге бір қайырымдылық мекемесіне қазының шешімімен жұмсауға болады[15].
ӘДЕБИЕТТЕР:
- Құран Кәрім
- Сахих Бұхари
- Сахих Муслим
- Абдулла әл-Маусили. Әл-Ихтияр ли тәалил әл-мұхтәр. Дамаск, Дәр әл-Фәйхә, 3 т.
- Хайреддин Караман. Мукаесели ислам хукуку. Станбул, 3 т.
- Ибраһим Хәләби. Мултәқа әл-Әбхур. Дамаск, Дәр әл-Бәйрутия, 728 б.
- Мехмет Шекер. Исламда социал даянишма мүәссеселері. Анкара, 285 б.
- Омар ибн Абидин. Радд әл-мұхтар. Бейрут, Дәр әл-Фикр, 6 т.
Алматы облыстық ортылық
«Қапшағай» мешітінің наиб имамы,
Дінтану магистрі
[1] Маусили, Әл-Ихтияр ли тәалил әл-мұхтәр, т.2, б.247
[2] Хайреддин Караман, Мукаесели ислам хукуку, т.1, б.216
[3] Әли Имран сүресі, 92-аят
[4] Әл-Мәида сүресі, 2-аят
[5] Әл-Хаж сүресі, 77- аят
[6] Сахих Муслим, Уәсия 14; Сунән Әби Дәуд, Уәсая 14; Сунән әт-Тирмизи, Әхкәм 36; Сунән ән-Нәсаи, Уәсая 8.
[7] Ибраһим Хәләби, Мултәқа әл-Әбхур, Кітәб әл-Уақф.
[8] Сахих Бұхари, Уәсая 22, Харс 14
[9] Сахих Муслим, Шүрб 1: Сунән әт-Тирмизи, Мәнәқиб 18
[10] Ибн Абидин, Радд әл-мұхтар, Кітаб әл-уақф
[11] Мехмет Шекер, Исламда социал даянишма мүәссеселері, б.103
[12] Хайреддин Караман, Мукаесели ислам хукуку, т.1, б.219
[13] Ибн Абидин, Радд әл-мұхтар, Кітаб әл-уақф
[14] Ибн Абидин, Радд әл-мұхтар, Кітаб әл-уақф; Хайреддин Караман, Мукаесели ислам хукуку, т.1, б.219
[15] Ибн Абидин, Радд әл-мұхтар, Кітаб әл-уақф

