Қазақ қоғамында садақа беру ежелден келе жатқан ізгі дәстүр. Мұқтаж бен міскіндерге, жесірлер мен жетімдерге қолдау білдіру – халқымыздың асыл қасиеттерінің бірі. Осы ізгі амалдың жалғасы әрі жүйелі түрі ретінде уақып институты қалыптасты. Уақып – қоғам игілігі үшін мүлікті қайырымдылық жолына арнап, оның пайдасын мұқтаж жандарға, жесірлер мен жетімдерге, білім мен дін ісіне тұрақты түрде бағыттауды көздейтін рухани-әлеуметтік құндылық. Осылайша садақа мен уақып қазақ қоғамында өзара сабақтасып, ел бірлігін нығайтып, әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етудің маңызды тетігіне айналған.
Ислам тарихына көз жүгіртетін болсақ, уақып жасамаған сахабаны кездестіруге мүмкін емес. Барлығы дерлік өмірінде бір рет болса да, уақып жасаған. Уақыптың сауабының мәнін, маңыздылығын сахабалар түсене отыра, өмірлеріңнің бір бөлшегіне айналдырған. Уақып еткен адам өзіне тиесілі мүлікті (жер, ғимарат, дүкен, кітап, тіпті құдық тағы сол сияқты) сатпайтын, сыйламайтын, мұраға қалдырмайтын етеді. Ол мүлік тек қоғам игілігіне қызмет етуі керек. Мәселен, мешітке жерді уақып ету; медресе, мектеп салуға ғимарат арнау; кедейлерге су болсын деп құдық қаздыру, аурухана, кітапхана, жол салуға мүлік бөлу.
Уақыптың уақып болу себепті өзіндік негізгі шарттары бар:
➢ Уақып тұрақты болуы керек (уақытша емес)
➢ Мүліктің өзі сақталады, пайдасы ғана жұмсалады
➢ Алла разылығы үшін жасалады Ал уақыфты садақадан айырмашылығы:
➢ Уақып — бір реттік садақа емес, ұзақ мерзімді, жүйелі қайырымдылық
➢ Уақып деп берілген мүлік сақталады, пайдасы ғана жұмсалады
➢ Уақып үздіксіз сауап әкеледі (садақа жәрия)
Пайғамбарымыз ﷺ өзінің бір хадисінде: «Адам өлгеннен кейін оның амалы тоқтайды, тек үш нәрсе қалады: садақа жәрия (үздіксіз қайырым), пайдалы ілім, дұға қылатын салиқалы ұрпақ». Уақып осы садақа жәрияға жатады.
Бұл жөнінде АллаТағала Қасиетті Құран Кәрімде:
«Егер садақаларды ашық берсеңдер, ол – қандай керемет! Сондай-ақ оны жасырып, пақырларға берулерің – өздерің үшін жақсы! Сол себепті Аллаһ жаман істеріңді жойып жібереді. Аллаһ не амал жасапжүргендерің жайлы толық хабардар» («әл-Бақара» сүресі, 271).
Орта Азияға ислам діні тараған кезден бастап уақф жүйесі де бірге дамыды. Түркістан, Сайрам, Тараз, Отырар сияқты қалалардамешіттер, медреселер, керуен-сарайлар уақып арқылы ұсталған. Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне тиесілі жерлер мен егістік алқаптар уақф болған — олардың табысы діни және әлеуметтік істерге жұмсалған. Байлар мен билер мектеп, мешіт салдырып, оған жер, мал, дүкен уақып етіп қалдырған.
Бұл жүйе қоғамды мемлекетке ғана емес, халықтың өзіне сүйеніп дамытуға көмектесті. Қазақ даласында уақып беру дәстүрі ислам дінінің таралуымен бірге қалыптасты. ХІХ ғасырда қазақ зиялылары мен ауқатты тұлғалар уақып арқылы діни-ағартушылық істі қолдады. Соның жарқын мысалы – Құнанбай Өскенбайұлы. Ол кісі Меккеде қажыларға арналған қонақ үй салдырып, оны уақып ретінде қалдырған. Бұл нысан қазақ қажыларына ұзақ жылдар бойы қызмет етті. Сонымен қатар жоқ-жітікке көмек қолын созған адал, қолы ашық адам болған. Абай Құнанбайұлы – тікелей уақф қалдырғаны жөнінде нақты дерек аз, бірақ әкесінің уақып ісін қолдап, діни-ағартушылық бағытты насихаттаған. Шоқан Уәлиханов әулеті – Уәли хан әулеті медресе, мешіт ұстауға, дін қызметкерлеріне көмек көрсетуге қаражат бөлгені тарихи деректерде кездеседі. Мұхамеджан Сералин – ағартушылық бағыттағы қайырымдылық істерге қатысқан, діни оқу орындарын қолдаған. Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы – уақфты тікелей рәсімдеген емес, бірақ исламдық ағарту, медреселерді сақтау, халыққа білім беру идеясын қолдап, уақып дәстүрін жаңғыртуға ықпал еткен. Сонымен қатар, Түркістан, Сыр бойы, Жетісу өңірлерінде бай-саудагерлер мен діндар азаматтар мешіттер мен медреселерге жер, мал, қаржы бөліп, уақып ретінде тапсырған. Бұл дәстүр халықтың білім алуына, діннің сақталуына және әлеуметтік көмектің дамуына үлкен үлес қосты.
Көріп отырғанымыздай уақып – қазақ қоғамындағы қайырымдылық, жауапкершілік және рухани құндылықтардың айқын көрінісі болды.
Шарипов Ерболат Курмангалиевич
Ақмола облысы бойынша «уақып» бөлімінің маманы

