ИСЛАМДАҒЫ УАҚЫП ҰҒЫМЫНЫҢ МАҢЫЗЫ МЕН ҚОҒАМДАҒЫ РӨЛІ
Ислам діні адам баласын тек құлшылыққа ғана емес, қоғамға пайдалы болуға, өзгенің игілігі үшін қызмет етуге шақырады. Осы тұрғыдан алғанда уақып ислам өркениетінің ең маңызды әлеуметтік-экономикалық институттарының бірі. Уақыф-жеке адамның мал-мүлкін Алла разылығы үшін қоғам игілігіне арнауы арқылы үздіксіз сауапқа кенелу жолы.
Уақып сөзінің тілдік және терминдік мағынасы
«Уақып» (арабша: وقف) сөзі тілдік тұрғыда «тоқтату», «ұстап қалу», «арнау» деген мағыналарды білдіреді. Ал шариғаттағы терминдік мағынасы-белгілі бір мүлікті немесе қаражатты Алла жолында тоқтатып, оның пайдасын қайырымдылық мақсаттарға жұмсау.Яғни уақып етілген мүлік сатылмайды, сыйға берілмейді, мұраға қалдырылмайды. Оның өзі емес, тек пайдасы қоғамның қажетіне жаратылады. Осы ерекшелігі уақыпты басқа садақалардан айрықша етеді.
Уақып – садақа жария
Исламда уақып «садақа жария» ұғымымен тікелей байланысты. Пайғамбарымыз Мұхаммед ﷺ: «Адам баласы қайтыс болғанда оның амалы үзіледі, тек үш нәрседен басқа: садақа жария, пайдалы білім және өзіне дұға жасайтын салиқалы ұрпақ»-деген (имам Мүслім).
Ғалымдар хадисте айтылған «садақа жария» дегеніміз-ең алдымен уақып екенін атап өткен. Себебі уақыптың сауабы адам қайтыс болғаннан кейін де тоқтамай, үздіксіз жалғасып отырады.
Уақыптың ислам тарихындағы бастауы
Уақыптың алғашқы үлгілері Пайғамбарымыз ﷺ дәуірінде пайда болды. Хазіреті Омар ибн Хаттаб (р.а.) Хайбар жерінен алған ең құнды жер телімін Пайғамбарымызға ﷺ айтып, оны қалай пайдаланғаны абзал екенін сұрайды. Сонда Алла Елшісі ﷺ: «Егер қаласаң, оның өзін тоқтатып, пайдасын садақа қыл»-деп кеңес береді.
Омар (р.а.) сол жерді уақып етіп, оның табысын кедейлерге, туыстарға, құл азат етуге, Алла жолындағы жолаушыларға арнады. Осы оқиға уақыптың шариғи негізін қалыптастырған маңызды дәлелдердің бірі саналады.
Уақыптың түрлері
Ислам ғұламалары уақыпты бірнеше түрге бөлген:
1. Қайырымдылық уақып
Мешіт, медресе, аурухана, мектеп, кітапхана, жетімдер үйі сияқты қоғамдық мекемелерге арналған уақыф.
2. Әулеттік уақып
Алдымен отбасы мүшелерінің қажетіне жұмсалып, кейін қоғамдық мақсаттарға өтетін уақып түрі.
3. Жалпы қоғамдық уақып
Барша мұсылман қауымына ортақ, кең көлемдегі жобаларға арналған уақып.
Уақыптың қоғамға тигізер пайдасы
Уақып-қоғамдағы әлеуметтік мәселелерді шешудің тиімді жолы. Ол:
- кедейлікпен күресуге;
- білім мен ғылымды дамытуға;
- діни мекемелердің тұрақты жұмыс істеуіне;
- жетім-жесір, мұқтаж жандарды қолдауға;
- қоғамда мейірім мен жауапкершілікті арттыруға ықпал етеді.
Тарихта көптеген ислам қалалары уақып есебінен дамыды. Мемлекет қазынасына салмақ салмай-ақ, халықтың өзі өз қажетіне өзі жауап берген.
Уақып және мінез тәрбиесі
Уақып-тек материалдық амал емес, ол рухани тәрбиенің көрінісі. Уақып жасаған адам дүниеқоңыздықтан арылып, жомарттыққа, ықыласқа, жауапкершілікке үйренеді. Бұл-«қызмет ету мінезден» деген ұстанымның нақты іске асуы.
Қазіргі замандағы уақып
Бүгінгі таңда уақып ұғымы жаңа мазмұнмен қайта жанданып келеді. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы уақып мәдениетін дамытуға айрықша көңіл бөлуде. Жер, ғимарат, бизнес нысандары, қаржы және басқа да мүліктер уақып ретінде тіркеліп, мешіттер мен қайырымдылық жобаларына жұмсалуда.
Заманауи уақып-мешіттің коммуналдық шығынын жабу, шәкірттерге шәкіртақы беру, әлеуметтік әлсіз топтарға көмек көрсету сияқты нақты істерге бағытталып отыр.
Құрандағы уақыптың негізі
Алла Тағала Құран Кәрімде:
«Алла жолында мал-мүліктерін жұмсағандардың мысалы-әр масағында жүз дәні бар жеті масақ шығарған бір дән секілді. Алла қалағанына еселеп береді» (Бақара сүресі, 261-аят),-деп баяндайды. Бұл аят уақыптың берекесі мен сауабының еселеніп артатынын көрсетеді.
Қорытынды
Уақып-исламның адамзатқа ұсынған ұлы құндылықтарының бірі. Ол-дүниені ақыретке айналдырудың, мал-мүлікті мәңгілік сауапқа алмастырудың жолы. Уақып-тек өткеннің мұрасы емес, бүгінгі және болашақ қоғамның да тірегі. Әрбір мұсылман өз шамасына қарай уақып жасау арқылы үмметке қызмет етіп, Алланың разылығына бөлене алады. Уақып-берекеге бастайтын, сауапты арттыратын, қоғамды көркейтетін игі амал.
Алла Тағала уақып жасаушылардың ниеттерін қабыл алып, істеріне береке нәсіп етсін!
Дощанов Ғалымбек Азимбайұлы
Абай облысы бойынша «уақып» бөлімінің маманы

