Рухани жауапкершілік пен өмірлік мүмкіндік туралы ой
Адам баласына берілген ең үлкен нығметтердің бірі – уақыт. Уақыт – қайта оралмайтын, сатып алынбайтын, орны толмас қазына. Ал сол уақытты сауапқа, ізгілікке айналдыратын ұлы амалдардың бірі – уақып.
Уақыт – Алланың аманаты
Қасиетті Құранда Құран Кәрім уақыттың қадірін білдіретін сүрелер бар. Соның бірі – «Аср» сүресі. Алла Тағала уақытпен ант етіп, адамның зиянда екенін, тек иман келтіріп, ізгі амал жасағандар ғана құтылатынын баяндайды. Бұл – әрбір сәттің жауапкершілік екенін көрсетеді.
Пайғамбарымыз Мұхаммед пайғамбар (с.а.с.):«Адам баласы қиямет күні төрт нәрседен сұралмайынша, орнынан жылжымайды: өмірін қайда өткізді, жастық шағын қайда жұмсады…» – деп ескерткен.Демек, уақыт – сұрауы бар аманат.
Уақып – уақытты мәңгілікке айналдыру
Уақып – белгілі бір мүлікті немесе қаржыны Алла разылығы үшін қоғам игілігіне арнап, тұрақты түрде сауап алып тұратын қайырымдылық түрі. Уақыптың ерекшелігі – ол үздіксіз сауап әкеледі.
Хадисте: «Адам баласы қайтыс болғанда, үш амалынан басқа барлық амалы тоқтайды: садақа жәрия, пайдалы ілім, артынан дұға қылатын ізгі ұрпақ» делінген. Уақып – осы садақа жәрияның бір көрінісі.
Бір тал отырғызу, құдық қаздыру, мешіт салу, шәкірт тәрбиелеуге үлес қосу –барлығы уақыптың сауапты жолдары.
Уақыт пен уақыптың байланысы
Уақыт – өткінші. Уақып – мәңгілік сауап.
Адам өз уақытын бос дүниеге емес, сауапқа айналдыра алса, бұл – ең үлкен жетістік. Мәселен:Бір сағат уақытыңызды қайырымдылық ұйымдастыруға арнасаңыз – ол сауапқа айналады.Бір күн еңбегіңізбен мешітке үлес қоссаныз – ол уақыпқа айналады.Бір сәт ықыласпен жасалған іс – мәңгілік пайда береді. Уақытты уақыпқа айналдыру – мұсылманның парасаты.
Қоғам үшін маңызы
Бүгінде ел ішінде мешіттер, медреселер, қайырымдылық қорлары уақып арқылы дамуда. Бұл – жамағаттың бірлігі мен жанашырлығының белгісі.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тарапынан да уақып мәдениетін жандандыру бағытында игі бастамалар жүзеге асуда. Бұл – болашақ ұрпаққа қалатын рухани мұра.
Уақыт – шектеулі.
Уақып – шексіз сауаптың кілті.Әр күнімізді бос өткізбеуге тырысайық. Бүгін жасаған ізгі амал ертеңгі мәңгілік өмірімізге азық болсын. Уақытты қадірлей білсек, оны уақыпқа айналдыра білсек – өміріміз берекелі, ақыретіміз нұрлы болмақ.
Алла Тағала баршамызға уақыттың қадірін түсініп, оны сауапқа айналдыра білетін құлдарынан етсін!
Полатов Еркін Тұрғынұлы
Уақып қорының Түркістан облысы бойынша маманы

