Ислам діні – мейірім мен жанашырлыққа негізделген дін. Қоғамда татулық пен бірліктің нығаюына себеп болатын ең үлкен амалдардың бірі – қайырымдылық. Қайырымдылық жасау арқылы адам жүрегін жұмсартып, қоғамдағы мұқтаж жандарға қолдау көрсетеді. Сондықтан да халқымыз ежелден «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деп, игі істерге ерекше мән берген.
Қасиетті Құранда Алла Тағала жақсылық жасауды, мұқтаж жандарға көмектесуді бұйырады. Құран Кәрімде: «Жақсылық жолында не жұмсасаңдар да, Алла оны толық біледі» делінген. Бұл аят мұсылман баласының жасаған әрбір игі ісі мен берген садақасы Алланың назарынан тыс қалмайтынын білдіреді. Демек, қайырымдылық – тек адамдарға ғана емес, ең алдымен Алланың разылығына жетелейтін амал.
Исламда қайырымдылықтың бірнеше түрі бар. Соның ішінде садақа, зекет және уақып – қоғам игілігіне қызмет ететін маңызды құндылықтар. Садақа – мұқтаж жандарға көрсетілген көмек пен жанашырлықтың белгісі. Садақа тек мал-мүлікпен ғана шектелмейді, жылы сөз айту, жол көрсету, жақсы іс жасау да садақа болып саналады. Пайғамбарымыз Мұхаммед (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Садақа малды кемітпейді» деген. Яғни, адам Алла жолында берген сайын оның берекесі арта түседі.
Ал уақып – сауапты істің үздіксіз жалғасуына себеп болатын ерекше қайырымдылық түрі. Уақып – қоғамға пайдасы тиетін игі іске арнап мүлікті немесе қаржыны Алла жолына бағыштау. Ислам тарихында уақыптың арқасында мешіттер, медреселер, мектептер, жолдар мен құдықтар салынған. Бұл – халықтың бір-біріне деген қамқорлығы мен бірлігінің айқын көрінісі.
Қазақ халқы да қайырымдылықты өмір салтына айналдырған. «Асар», «жылу жинау», «садақа беру» сияқты дәстүрлер – халықтың бір-біріне деген жанашырлығының белгісі. Мұндай игі амалдар қоғамдағы ынтымақты арттырып, адамдардың бір-біріне жақындасуына себеп болады. Өйткені қайырымдылық бар жерде бауырмалдық, түсіністік және береке болады.
Бүгінгі таңда да қайырымдылықтың маңызы арта түсуде. Мұқтаж отбасыларға көмек көрсету, мешіттер мен қоғамдық игі істерге қолдау білдіру – әрбір мұсылманның ортақ міндеті. Әсіресе уақып мәдениетін дамыту арқылы қоғамға ұзақ уақыт қызмет ететін игі жобаларды жүзеге асыруға болады. Бұл болашақ ұрпаққа қалдырылған сауапты мұра болмақ.
Қайырымдылық – тек бір адамға жасалған көмек емес, ол тұтас қоғамның бірлігін нығайтатын күш. Бір-біріне жәрдемдескен қоғамда татулық пен береке орнайды. Сондықтан әрбір мұсылман қолынан келгенше садақа беріп, уақып сияқты игі істерге үлес қосуға ұмтылғаны абзал.
Алла Тағала жасаған барлық қайырымдылық амалдарымызды қабыл етіп, қоғамымызға бірлік пен береке нәсіп етсін!
Полатов Еркін Тұрғынұлы
УАҚЫП қорының Түркістан облыстық өкілдігі

