Алланың разылығы көзделіп жасалған әрбір амал мен берілген затқа - садақа делінеді. Әрбір берілген зат шынайы ықыласпен жүректен шығарылып берілуі қажет. Әлемдердің Раббысы болған Алла Тағала жаратылыстардың бойына өзгеге жәрдем ету, қолындағымен бөлісу сезімін дарытқан.
Садақаның негізгі шарттары - мұқтаж адамдарға үлестіру, Раббымыздың разылығы көзделуі сонымен қоса өз мүлкінен халал табысынан болуы айқындалады.
Өмірімізге, басымызға ешқандай бәлекеттер келмей тұрғанда садақа арқылы отбасымызды, мал дүниемізді, кәсіптерімізді қорғап отыру - шынайы Аллаға деген иманымызды одан сайын арттыра түседі. Әрбір ісімізде, мал мүлкімізде береке болуын қаламайтын тіршілік иесі жоқ. Береке біз үшін қолымыздағыға қанағат қылғанда, өзгенің нығметтеріне көреалмаушылықпен қарамағанда, тауып жатқан мал пұлдарымызды адалынан табуға тырысқанда, тәкаппарлық пен міндетсінуден ада болғанда, күнәні жеңіл көрмей Алламен байланысымызды ықылас пен шынайылыққа негіздеген ең бастысы Алла берген нығметтерін Алла жолында жұмсай алғанда беріледі.
Хадистерде: “Әр күн сайын таңғы уақытта екі періште түседі. Біреуі: “Иә, Жаратушым! Садақа қылғанда қайтарым ретінде жаңасын бере гөр”,- десе, екінші біреуі: Иә, Жаратушым! Сараңдық танытқанға дүние мүлкін опат ет- деп дұға жасайды”- жасайды дейді. Түсінетініміз опат болудың алдын алып, Нығмет иесінің мүлкін Өзі бұйырған жарлы жақыбаймен бөлісу керектігі баяндалған.
Әбу Дәуітте келген хадисте Пайғамбар (Алланың игілігі мен сәлемі болсын): Адамның өмірінде берілген бір дирһам садақасы, өлім сәтінде берілген жүз динар садақасынан артық,-дейді. Бұл хадистен түсінетініміз - ажал келместен, басымызға ауру, бәлекет, жамандық жақындамастан “Садақаңды саулығыңда бер” қағидасымен өмір сүріп үрдіске айналдыруымыз керек.
وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِىَ اللّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ للّهِ صَلَّي اللّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: الصَّدَقَةُ تُطْفِئُ غَضَبَ الرَّبِّ وَتَدْفَعُ مِيتَةَ السُّوءِ. أخرجه والترمذي.
Әбу Һурайрадан риуаят етілген хадисте: Алла елшісі Мұхаммед (Алланың игілігі мен сәлемі болсын) садақа Раббының ашуын басады және өлімді қайтарады,-делінген. Бұл өмір мен ақиреттің ең негізгі бақыты - Алланың ашуына ұшырмай, фәни дүниедегі соңғы сәтіміздің жеңіл болуы. Пайғамбар Мұхаммед (Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Али (Алла одан разы болсын) риуият етілген хадисте: садақа беруге асығыңдар. Өйткені апаттар садақадан оза алмайды,-деген. Асымыз адал, басымыз аман хәлінде сау жағдайда садақа беріп, жамандықтың алдын алып, жақсылықтың есіктерін ашуды баршамызға нәсіп еткей!
Ералы Есенгелдиев
Шымкент қаласы, Әл-Фараби аудандық Ордабасы мешітінің бас имамы

