Газет ұлт ағартушысы, Алаш қозғалысының көрнекті өкілі Ахмет Байтұрсынұлының ұйымдастыруы әрі редакторлығымен 1913 жылдың 2 ақпанында Орынбордағы «Кәрімов, Хұсайыновтар баспаханасында» басылып шықты. 1913-1918 жж. аралығында бес жылдан астам уақыт жарық көрген газетке А. Байтұрсынұлы 1918 жылы 17 қаңтарында шыққан 260 санына дейін редакторлық қызметті атқарды. Ал газеттің одан кейінгі бізге белгілі 266 нөміріне дейін Міржақып Дулатов пен Жанұзақ Жәнібеков екеуі кезектесе редакторлық атқарған екен. Басылымның біз білетін 266 нөмірі 26 қыркүйекте шыққан.
Ахмет Байтұрсынұлымен бірге басылымның мәнді, мазмұнды болып шығуына бар күшін салған ұлт зиялысы Міржақып Дулатов бұған дейін патша саясатына батыл талап қойып, «Оян, қазағымен» қазақ жұртына танылып, күрес жолында үкіметтің назарына ілігіп, істі болған тұлға еді. Ал «Қазақтың» соңғы нөмірлеріне редактор болған журналист Жанұзақ Жәнібеков жөнінде біреу білсе, біреу біле бермейді. Оның 1908 жылы Қазан қаласында 24 беттен тұратын ағартушылық бағыттағы «Айна» кітабы жарық көрді. Келесі жылы «Балалар бәдуәмі» жинағы, ал 1915 жылы Н. Күзембайұлымен бірлесе «Құран құралы» деген еңбегін жариялайды. Ол «Қазақ» газеті шыққан 1913 жылдан корректорлық қызмет атқарады. «Қазақ» басқармасында сатылатын кітаптарға жауапты болған. Қазақ жастарына жәрдем ұйымдастырады. Оның басылымда «Түркияның ішкі істері» («Қазақ». 1914. №48. 31 январь), «Түрік ұшушыларының өлімі» («Қазақ». 1914. №53. 9 март), «Қазан» («Қазақ». 1914. №61. 9 май), «Бағыстан ханым мектебі» («Қазақ». 1915. №151. 30 сентябрь), «Карс мұсылмандары» («Қазақ». 1915. №128. 20 май), «Құран кітабы» («Қазақ». 1915. №149. 13 сентябрь), «Түрік тілінің ұлы ғалымы В.В. Радлов» («Қазақ». 1917. №214. 20 январь) және т.б. мақалалары жарияланған.
1913-1918 жылдар аралығында шыққан «Қазақ» газеті бірде өрлеу, бірде бәсеңдеу сатысынан өтті. Небір қиыншылықтарға тап болса да көзі ашық, жанашыр азаматтардың арқасында халқымыздың шешімін таппай тұрған түйінді мәселелерін батыл көтере білді.
«Қазақ» газеті алғашқы санынан бастап қазақ елінің саяси-әлеуметтік өмірінің ең түйінді мәселелерін көтеріп, соның төңірегінде пікірталастар туындатып отырды. «Заманына қарай амалы» деп басталған «Құрметті оқушылар!» мақаласында газеттің не үшін шығарылып отырғандығын оқырмандарға айқын түрде түсіндірген. «Әуелі, газета – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газета сондай керек. Газетасы жоқ жұрт, басқа газетасы бар жұрттардың қасында, құлағы жоқ керең, тілі жоқ мылқау, көзі жоқ соқыр секілді» дей келе, газеттің көздегені – біріншіден, оқырмандарын дүниеде болып жатқан істермен, айтылып жатқан сөздермен таныстыру, екіншіден, басылымға әлеумет басына қызмет еткен білімді, пікірлі көсемдері, оқығаны көп ғалым адамдарды тарта отырып, олардың ой-пікірін білу, үшіншіден, бұл басылымды халыққа білім таратушы қылу, төртіншіден, халықтың сөзін сөйлейтін даушысына айналдыру болатын. Осы ұстанған жолдан соңғы нөміріне дейін тайған жоқ. Басылым қазақтың әрбір халінен хабар беріп, құлақтандырып отыруды өзінің міндетіне алды. Газеттің «Қазақ» деп аталуы «аталы жұртымыздың, ауданды ұлтымыздың аруақты аты» деп түсіндіріліп, ұлт үшін қызмет ететіндігін жеткізді.
Ахмет газеттің мазмұнды болуына ерекше мән беріп, қазақтың жан жарасына айналған өзекті мәселелерді көтеріп, батыл ойлар айтып, жарық өмірге жол сілтеген, журналистика саласында шоқтығы биік басылымдардың біріне айналдырды. Оның мақалалары басылымның әр санында жарияланып тұрды.
Қазақ халқына жақын болып, елдің мұң-мұқтажын көтерген газетті жұртшылық қуанышпен қабыл алды. Бастапқыда таралымы 300-дей болған басылым, кейін 3 мыңға жетіп, қазақ даласына ғана таралып қоймай, Орынбор, Уфа, Қазан, Петербург, Түркия, Қытай жеріндегі қазақтар алдыртып оқыған.
1913 жылдың ішінде Торғай облысында – 694, Семей облысында – 612, Ақмола облысында – 586, Сырдария облысында – 327, Орал облысында – 301, Жетісу облысында – 157, Ішкі Ордалықта – 136, Ферғана облысында – 30, Самарқан облысында – 8, Закаспи облысында – 56 қазақ газет алып тұрса, Орынбор шаһарынан – 37, Уфадан – 14, Қазаннан – 13, Қытайдан – 10, Петербургтан – 9, Түркиядан – 5, Мәскеуден – 3, Том қаласынан – 3, басқа қалалардан – 37, барлығы – 3007 адам тұрақты оқырманына айналған («Қазақ». 1914. 23 қаңтар).
Газетті шығарушылар қиыншылықтарды да бастан кешірді. Бұл біріншіден, қаржы тапшылығы болса, екіншісі, патша саясатына қарсы сын-пікір айтқаны үшін үкімет тарапынан қысымшылыққа түсуі. Елдегі келеңсіз жәйттерді, парақорлықты, аярлықты айқын сынға алғаны үшін бірнеше рет патша әкімшілігі тарапынан салынған айыппұлды төлеуге мәжбүр болды. 1913 жылдың күзінде генерал-майор Сухомлиновтың тапсыруымен құпия түрде газетке шыққан материалдарды сүзгіден өткізу мәселесі Торғай облыстық басқармасының тілмашы болған Тұңғашинге тапсырылған. Сөйтіп, «Қазақ» патша әкімшілігінің қатаң бақылауына ілігіп, әрбір жарияланған мақалалар жіті тексерілді. «Қазақ» газетінің бетіне саяси билікке қарсы жарияланған мақалалар болған жағдайда оның редакторын заңдық жауапкершілігіне тарту қажеттілігі құпия түрде Баспа ісі бас басқармасына хабарланып отырылды.
Қаржы тапшылығы туындаған кезде «Қазақтың» үздіксіз жарық көруіне елдің игі жақсы адамдары мен байлары, оқу орындарында оқыған студенттер мен оқушылары қаржылай көмек көрсеткен. Газеттің алғашқы жылының өзінде ілгері қатарда оқығандары, білімділері қолынан келгенше көмегін аямай, газетке тегіс жазылған.
Мәселен, Досмайыл Қашқынбайұлы елден көмек ретінде 20 сом ақша жиып жіберген («Қазақ». 1913. №32.). Бұндай көмектер жиі-жиі жиналып, басқармаға тапсырылып отырған. Қаржылай көмек көрсеткендер жөнінде газетке жарияланған мақалалардан анғаруымызға болады.
Газеттің шығуына бір жыл толуына орай жарияланған «2-інші феурал» деген бас мақалада тәуекел деп газет шығаруды бастағанда небәрі 750 сом ғана қаражат болып, жабылуға шақ қалғанда жұрт болып көтермелеп, басылымның жабылып қалмауына жәрдем беруі, одан әрі халық игілігіне қызмет етуге жол ашқандығын айта келе: «Жұрт азаматтарының бірсыпыралары пұл жағынан, бірсыпыралары қаламмен білім жағынан, бірсыпыралары екі жағынан да жәрдем етті» дей келе, «Қазақ» атынан алғыс білдірген.
Қаржы мәселесін шешу үшін «Азамат» серіктестігін құрып, оған басылымға жаны ашыған зиялылар енді. Серіктестіктің құрылуын Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатов газетке жариялаған «Алаш азаматтарына» деп аталған мақаласы мен серіктестіктің шартында мақсаты газет, журнал, кітаптар бастыру арқылы қазақ арасына өнер, білім жаю деп түсіндірген.
Алғашқы шыққан жылдың өзінде газет қазақ жұртына қажетті мәселелерді көтере білді. Нәзипа Құлжанова «Қазақтың» бірінші жылдағы қызметін жоғары бағалап, алдағы жылдарда да халықпен мұңдас, сырлас болатындығына тілектес бола отырып, «Қазақты» көркейтуге шақырған («Қазақ». 1914. 30 март).
А. Байтұрсынұлы халық арасына ұйымдастырушылық және іскерлік, журналистік шеберлігімен танылып, ұлт басылымын жоғары деңгейге көтерді. 1915 жылдың басынан бастап «Қазақ» газеті аптасына екі рет шыға бастады.
«Қазақтың» айналасына Ә. Бөкейхан, Х. Досмұхамедов, Ж. Досмұхамедов, М. Тынышбаев, Х. Ғаббасов, М. Жұмабаев, Р. Мәрсеков, М. Шоқай және т.б. ұлт зиялылары топтасып, елдегі саяси зәру мәселелерді көтере отырып, ұлттық сананың оянуына түрткі болды. Олардың тұжырым, пайымдары басылымға сол қалпында берілді.
Газет қазақ жұртын үкіметтің бұйрық-жарлығымен, ішкі және сыртқы жаңалықтармен, оқу-біліммен, ауыл шаруашылығы, мәдениет, тарих, медицина, қазақтың тұрмыс жайымен таныстырып отырды. Жалпы «Қазақ» газеті Мемлекеттік Дума, тарих, этнография, әдебиет, құқық, оқу-ағарту саласы, дін, әлеуметтік-экономикалық жағдай, сауда, қамқорлық, әкімшілік, сот және сайлау барысы, земство мәселесі төңірегінде мақалалар жариялады.
«Қазақ» бірінші орында ұлт мәселесін көтерді. Ұлттық езгіде жатқан қазақтың ұйқысынан оянып, алдыңғы қатарлы елге айналуына, білімді, мәдениетті халықтардың қатарына көтеруге, ұлт-азаттық қозғалыс идеологиясының қалыптасуына күш салды. Кейіннен кеңестік жүйе тарапынан қатаң сынға ұшырап, «ұлтшылдықты» насихаттаудың бастауы осы органнан бастау алады деген тұжырымға ие болды. Әсіресе жалған жаламен жазаға ұшыраған қазақ зиялыларын айыптау барысында олардың ұлтшылдықтары осы газетке жариялаған мақалалары мен осы газетті шығарудағы қызметтерімен дәлелденді. Сөйтіп, 1917 ж. Ақпан төңкерісі қарсаңына дейін «Қазақ» ұлттық бейресми газет ретінде өз айналасына қазақ ұлт зиялыларын топтастырып, қоғамда болып жатқан түрлі оқиғалар мен құбылыстар, Қазақстанның саяси-экономикалық, әлеуметтік жағдайы туралы материалдар жариялап, ресми орындардың қатаң бақылауында болса да бүкіл түркі-мұсылман интеллигенциясының патша үкіметінің отаршылдық жүйесіне қарсы наразылықтарын көтере білді.
Газетте көтерілген өзекті мәселенің бірі ғасырлар бойы атадан балаға мұра болып келген жер мәселесі болып, алғашқы санынан бастап жерді халықтың өзіне қайтару қажеттігін көтерді. Қазақ жерінің қандай жағдайда мемлекет меншігі ретінде тартылып алынып, келімсектерге беріліп кетпеуі жолында түрлі пікірлер айтылып, ашық талқыға салынды. «Қазақ қайтсе өз жерін аман сақтап қалады, отырықшылықпен бе, жоқ әлде көшпелі қалыппен өмір сүре отырып па?» деген көкейтесті сұрақтардың айналасында жауап іздеді. Патша өкіметінің қоныс аудару саясаты, басы артық жерлерді кесіп алу туралы нұсқаулар, жерді жалға беру, қоныс аудару басқармасының озбырлығына наразылық, қоныс аударушылар мен қазақтар арасындағы қарым-қатынастар, жер бөлу ісі және тағы басқа жерге қатысты мәселелер төңірегінде жанашыр қазақ азаматтары мен Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынұлы, М. Дулатұлы, А. Жанталин, М. Есболов, Р. Мәрсеков, Ж. Сейдалин сияқты зиялылар қалам тартты.
«Қазақ» газеті баспасөз саласын дамытуды қолдады. Газет, журналдардың аса қажеттілігін, маңыздылығын оқырмандарына түсіндірмекке тырысты. «1907 жылғы санаққа қарасақ, Русияда сол жылы 2173 есімді газета һәм журналдар шыққан екен. Оның 1396-сы орыс тілінде, 867-сі басқа тілде. Сол 867-нің ішінде біздің татар қандастарымыздың 30 шамалы газета, журналдары болды. Бізде біреу де болмады. Онан бері 5 жыл өтті. Сол 5 жылдың ішінде газета, журналдардың саны бұрынғыдан да өсті. Біз де құр қол қалғанымыз жоқ. «Айқап» журналы шықты. Ол бұрынғыдан гөрі жақсырақ болса, ілгері басқанымыздың белгісі. Бірақ бір адам ілгері басып, соныменен тұрып қалсақ, оныменен алысқа ұзай алмаймыз. Ілгері басқанның үстіне ілгері басарға керек. Озғандарға жету керек, жеткендерімізден озу керек. Дүниенің төріне тырмысқандар төрден орын алып жатыр. Тырмыспағандар есікте қалып жатыр: есікте қалмай, төрге тырмысалық. Басқалар төрге қалай бара жатқанына қарап, біз де солардың істегенін істейік. Басқалардың заманға қарай етіп жатқан амалын көруімізге газета-журналдар керек», – дей отырып, ұлттық баспасөзді өркендетуге шақырады («Қазақ». 1913. №1).
Өзімен қатар шығып тұрған «Мұғалім», «Айқап» журналдары мен «Ел», «Мұсылман газетасы» жайында мәліметтер беріп, олардың мазмұнымен таныстыруға тырысқан. «Мұғалім» журналының Орынбор қаласында айына екі реттен шығып, оқу және оқыту мәселесі, мектеп-медресе тәртібі турасында жариялауды мақсат тұтып тұрғандығы жазылды («Қазақ». 1913. №33.).
«Қазақтың» екінші санында Орал қаласында шығып, оншақты нөмірінен кейін тоқтап қалған «Қазақстан» газетін Б. Қаратаевтың қолдауымен өткізілген кеңесте қайтадан шығару мәселесі көтеріліп, осы жылдың 27 қаңтарынан бастап қайта шығарылғандығы жөнінде шағын хабарлама басылды. Онда газеттің қазақ және орыс тілдерінде екендігі айтылды («Қазақ». 1913. №2). «Қазақстан» газетінің 16 ақпанда шыққан екінші саны оқырмандарын отырықшы болудың пайдасы мен зияндығы, сыртқы хабарлармен таныстырмақ болғандығы да келтірілді («Қазақ». 1913. №4.).
Басылым патша үкіметінің қатаң бақылауына қарамастан мұсылман дүниесінен хабар беріп, түрікшілдік, жәдидшілдік, панисламшылдық, пантұрандық қозғалыс барысына қатысты материалдарды да батыл жариялай білді.
«Қазақ» газеті Ресей империясы мен шет мемлекеттер арасында болып жатқан саяси оқиғалар барысын оқырмандарына дер кезінде жеткізуге тырысқан. Балқан соғысы, бірінші империалистік соғыстың басталуы мен оның барысы, Ресей мен Түркия арасындағы қарым-қатынас, соғыс техникасы мен қару-жарақтар, Қытай елінің өз тәуелсіздігін қорғау үшін күресі және дүниежүзілік империалистік соғыстың Қазақстанға тигізген әсері басылымның маңызды хабарлары болды.
1913 жылы 23 мамырдағы санда жарияланған «Бітім бопты» деген мақалада Балқан патшалығы мен Түркия арасындағы бітім барысы, осыған қарамастан аталған елдер арасында әлі де атыс-тартыс жүріп жатқандығы айтылса («Қазақ». 1913 №15.), ал келесі санында бұл бітім турасындағы шет мемлекеттерде газет бетіне жарық көрген мақалалардан үзінді келтіреді (Қазақ. 1913 №16.). Осы бөлімде «Қазақ» соғысушы елдердің де соғысқа қатысты көзқарастарын білдіреді. «Стамбұл хабарлары» деген шағын хабарламада: «Балқанда соғыс басталған хабары келгеннен бері Стамбұл халқының көңілдері көтеріңкі. Соғысты жақтаушы партиялар соғысу керек деген пікірді жұртқа жайып жатыр. Соғыс министрі Азиядағы үйіне қайтарған солдаттарды қайтадан жиюға бұйрық қылған. Күнде Стамбұл арқылы соғысқа даярланған топ-топ әскерлер өтіп жатыр» делінді («Қазақ». 1913. №20.).
«Моңғол» атты шағын мақалада моңғол, қытай және Ресей үкіметтерінің арасындағы байланыс барысы, қытай мен ресейліктердің моңғолға қатысты қабылдаған заң жобасына моңғолдардың қарсылық пікірлері туралы айқын айтылды. Сонымен қатар моңғол елі туралы Ресейдің Мемлекеттік Думасында октябрист Протапов пен кадет партиясының депутаты Быстротиннің айтқан пікірлері де бар («Қазақ». 1913. № 20.).
«Қазақ» газетінде қазақ елінің тарихы, археологиясы және этнографиясы жайында түрлі материалдар жарияланды. Шет жерлерде тұратын қазақтардың тұрмыс-тіршілігі мен олардың әдет-ғұрпы, кәсібі жайында мағлұматтар да келтірілді. «Қытай жеріндегі қазақтар» деп аталған мақалада Қытайдағы Құлжа өлкесіндегі қазақтардың тұрмыс-тіршілігі, кәсібі жөнінде толымды мәліметтер беріледі. Бұл жерде бұрыннан тұратын қазақтар «жергілікті тұрғындар», ал Түркістаннан көшіп барғандар «қашқындар» деп аталатындығы, әлі де болса оқу-ағарту барысының дұрыс жүргізілмей отырғандығы айтылса («Қазақ». 1913. №1), ал газеттің бірнеше санына жарияланған «Тіршілік жайынан» деп аталатын мақалада қазақтың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы жан-жақты талданған. Мәселен, әйел баланы алып қашу дәстүрі және оның жөн-жоралғылары туралы келтірілді. Сонымен қатар қазақ халқының мал бағу, егін салу кәсібін шет мемлекеттің кәсібімен салыстыруға тырысқан («Қазақ». 1913. № 14, 15, 18, 20, 22, 27).
«Қазақ» газеті орта, жаңа ғасырларда өмір сүрген тарихи тұлғалар, қазақтың батырларымен оқырмандарын таныстыруға тырысқан. «Қошқарбай батыр» деп аталған мақалада Ертіс пен Сілеті теңізінің арасын мекен етіп, жоңғарлармен шайқасқан Қошқарбай мен Тілеуберді батырлар жөнінде тарихи маңызды деректер келтіреді. Қошқарбайдың мергендігі мен жоңғармен күресте қолданған тәсілін жазудың өзі батырдың қара күш иесі ғана емес, айлалы, ұрыс тактикасын жақсы меңгергендігін көрсету болатын-ды. «Қошқарбай батыр жоңғарларды Алтай тауынан асырып қуғанда өткізетұғын жалғыз тар жол екен. Жоңғардың айлакер мергені Қошқарбай батырды басқа жерден қанша атса да оқ өтпеген» деп, батырды жоңғарлар ұзақ уақыт құрықтай алмағандығын келтіреді. Дегенмен бір ұрыста қапыда оқ тиген Қошқарбай еліне келген кезде сол жарадан қайтыс болады. Қошқарбайдың серігі Тілеуберді батыр да соғыс басшыларының бірі болған екен. Оны денесіне қарап «Дәутеке» деп атапты. Жоңғарлардың қолынан бұл да қаза тауыпты. Дегенмен «Ат атада болмайды» деген нақыл сөзді осы Тілеуберді айтқан деседі («Қазақ». 1913. №15.)
М. Дулатовтың өзі де тарихи тұлғаларға аса мән беріп, зерттеу жүргізген. Солардың бірі – Хазірет Сұлтан турасында жазылған мақаласы. Бұл мақаласы көлемді болған соң газеттің бірнеше санына жарияланған. Қожа Ахмет Яссауи жөнінде тың деректер келтіре отырып, оның тұсындағы саяси оқиғаларға, сондай-ақ, Хазірет Сұлтан мешітінің салыну тарихына да тоқталады. Бұл мешітте қазақтың Абылай, Жолбарыс, Әбілқайыр, Қасым хандарының жерленгендігі, мешіттің ғасырлар бойы қалай жөндеуден өтсе де, өз қалпын сақтап келе жатқандығын жазады («Қазақ». 1913. №15, 16, 18.) Міне, осындай тарихи мазмұндағы материалдардың «Қазақ» газетіне басылуы, біріншіден, өткен тұлғаларды өскелең жастар білсе деген мақсатты көздесе, екіншіден, ел жадынан ұмыт болып бара жатқан батыр, көсем, данышпандарын басылымға жарияласа деген үміт те бар еді.
Қазақ зиялыларының газеттегі мақалалары тарих саласы үшін құнды дерек болып табылады. Газет ұлт зиялыларының патша саясатына қарсы күрес барысында жолсерік бола білді. «Қазақ» газеті 1916 жылғы 25 маусымдағы бұратана атанған халықтарды тылға қара жұмысқа алу турасындағы патша Жарлығына қатысты туындаған жағдайды, ұлт зиялыларының осы мәселе төңірегіндегі ой-пікірлерін талдауға алған бірден-бір басылым болды.
Елдің дүрліге көтерілетінін сезген ұлт зиялылары олардың қойша қырылып, құрбанға айналатындығын ескертіп, сабырға шақырғандығы 1916 жылдың 8 шілдесіндегі 188-санында «Қазақ» газетіне жарияланған «Орынбор, 8 июль» деген мақалада айқын көрінді. «Қашып жан сақтауға болмайды. Қысқа ақылмен қашатын жігіт болса, елге бүліншілік болады. Бұл күнде соғыс уақыты, тәртіп қатты, қашқандардың артынан қалған әке-шешесін, қатын-баласын шулатқан, шаруасын күйзелткеннен басқа өнер еш нәрсе жоқ» дей отырып, бүліншілікке шығып босқа қырылғаннан гөрі ақылмен шешудің арты оң болатындығын баса көрсетті («Қазақ». 1916. №188).
Бұдан кейінгі «Қазақтың» 11 тамыздағы нөмірінде А. Бөкейханов, М. Дулатов, А. Байтұрсынұлының тағы да елге бұл бұйрықты еш қарсылықсыз орындауды үндеген үндеу хаты жарияланды. Олар қазақтың басында екі ауыртпалықтың барлығын, бірі барса шаруашылыққа кемшілік келтіріліп, бейнетке ұшырайтындығы, екіншісі, бармаймын деп қарсылық қылса, елде бүліншілік басталатынын айқын айтты. Осыдан ауыр болса да бірінші жолды таңдаудың тиістілігін дәлелдеп бақты. Ұлт зиялылары халықтың бостан-босқа қырылатындығын түсінді. Олар ел арасына алашшыл азаматтардың атынан барып, «жұмысқа барыңдар» деп үгіт жүргізіп жүргендігін газетке жариялаған «Қазақ жұртына» деген мақалаларында келтіре отырып, патша жарлығы орындалмаса, мұның арты жақсылыққа апармайтынын баса айтты.
Тыл жұмысындағы қазақтардың ауыр жағдайын көтеріп, дабыл қаққан да осы «Қазақ». Майдандағы қазақ жұмысшыларының жағдайын көруге, білуге жіберілген өкілдер мән-жайды анықтап, газетке басып отырды. Қара жұмысқа барған қазақтардың жағдайымен танысып, үкімет тарапынан берілетін жеңілдіктердің орындалу-орындалмауын қадағалауда ұлт зиялылары белсенділік танытты. Әлихан Бөкейханов пен Мырзағазы Есболов 1916 жылдың 23 желтоқсанынан 1917 жылдың 12 қаңтары аралығында Минскі маңындағы Батыс майдандағы Земгордың қол астындағы 9 қостағы тыл жұмысындағы қазақтарды аралап шығады. Бұл жерлерде 13 мыңдай қазақ жұмыс істеп жатқан еді. Көрген-білгендері жайында Москвадағы Земскі съезінде баяндама жасап, әскери бақылаудан (цензура) өткеннен кейін бұратаналарды бақылап отыратын Москвада бір бөлім, Минскіде бір бөлім ашуға арнайы рұқсат алған екен. Олар 22 қаңтарда Минскіге жол жүріп кетіп, Земскі съезінде жасаған баяндамасын «Қазақ» газетіне жіберіп, жариялайды.
Олардың жазуынша, қазақ жұмысшыларының тұратын үйлері белуарына дейін жерден қазылып, төбесін тақтайдан ит-арқа қылып, үстін топырақпен жапқан, едені тақтай. Үйлердің екі жағында 2-3 терезе бар. Бір үйде 100, 150, 200 адамға дейін тұрады. Қабырғаға бірінің үстіне бірі орналасқан екі қабаттық нар, үйдің қақ ортасында тамақ ішетін үстел мен орындықтар қойылған. Ал кейбір үйлердегі жататын нарлар тығыз орналасқандықтан жұмыскерлер тамақты сол нардың үстінде отырып ішкен. Бір жатақтарда асхана бөлек үйде орналасқан. Барақ үйлер 2-3 пешпен жылытылды. Күніне 2-4 адам кезекшілік атқарып, үйдің тазалығын, жылылығын қамтамасыз етіп отырған. Кейбір үйлерде киім кептіретін жерлері бөлек болса, ал ондай мүмкіндік жоқ жерлерде үйдің ішінде кептірілген. Қара жұмысқа әкелінгендердің көптігі сонша, орналастырылатын үйлер жетіспей, 100-150 кісілік су өткізбейтін шатырларға жатқан. Жер үйлерге қарағанда суықтау әрі дымқыл көрінеді. Ә. Бөкейханов пен М. Есболов жер және шатырлы үйлерге қай жақтан келген қазақтардың орналасқанына дейін көрсетеді («Қазақ». 1917. №216). Бұдан кейін күнбатыс майдандағы земгор дружиналарындағы қазақ жұмысшы жігіттерінің тұрмыс-жағдайы туралы қазақ зиялылары Әлихан, Мырзағазы, Тел, Мұса, Хасендердің баяндамалары «Қазақтың» №219-220 сандарында «Доклад» деген атпен жарық көрді («Қазақ». 1917. №219; №220).
М. Дулатов көтеріліске бір жыл толмай жатып оның тарихта ерекше із қалдырғандығын «Қазақ» газетіне жариялаған «Тарихи жыл» деген мақаласында нақты көрсетті. «1916 жылдың оқиғасы ерекше болды. Айдап өргізіп, иіріп жусатып күнелткен төрт түлік малын сұм қоянда аман өткізіп, байдың бахласының пейілі кеңіп, байға жарлы теңеліп, жайлауында жадырап, өзінен бақытты жұртты білмей рахат ғұмыр өткізіп, тып-тыныш жатқанында өрттен шошынып оянғандай бір күйге ұшырады халық... Халқын бір уыс қылды, кең дүниесін тарылтты. Жүрегіне найза тиді», - деп, ел басына қара түнек орнап, 25 маусым жарлығы елді олжалау, ескі кекті қоздырып, партиялықты қолға алып, өтірік шағым айтып, бірін-бірі жаптыру, шаптыру, тінттіру сияқты фактілерге орын бергендігін келтіреді. Ол «халықтың берекесін қашырған атқамінерлер мен қалада орысша оқығандар» деп ашық жазды. Қазақ халқының бүліншілікке ұшырауының басты себебін надандыққа жатқызады («Қазақ». 1917. №212).
Ақпан төңкерісінен кейін алаш қайраткерлері осы майдандағы қазақтардың елге аман-есен оралуына, сондай-ақ, із-түссіз жоғалып кеткен немесе оқыстан жау оғынан қаза тапқандардың тізімін құруға, бұл жайында олардың отбасына хабарлауға күш салып, «Қазақ» газеті арқылы ақпар беруге тырысты.
Ақпан төңкерісі барысындағы Ресейдің ішкі саяси жағдайына сараптама берген де, қазаққа жол, жөн сілтеген де осы басылым. Патша үкіметі құлағаннан кейін бұл басылым ұлт зиялыларының органына айналып, елдегі саяси жағдай, демократиялық өзгерістердің жүргізілу барысы жайында мағлұматтар жариялап, Ақпан революциясының нәтижесінде құрылған Уақытша үкіметті қолдауға, Құрылтай жиналысына әзірлік жұмыстарын жүргізуге шақырды.
«Қазақ» газеті «Алаш» партиясы мен Алашорда үкіметінің үні болды. Алаш қозғалысының әрбір қадамын айнаға басқандай тізіп, аласапыран тұста адаса бастаған қазаққа бағыт берді. Сонымен қатар газетте «Алаш» партиясының бағдарламасы, оның саяси қызмет барысы туралы, ұлт зиялыларының идеологиялық-демократиялық ой-пікірлері басылды. Бұл басылымдарда жарияланған материалдардың деректік құндылығын соңғы жылдарда жазылған ғылыми жұмыстар дәлелдеп отыр. «Қазақ» арқылы Алаш тарихына байланысты кем-кетігіміз толықтырылды.
Қазақ халқының әлеуметтік-экономикалық дамуын, оның ішінде ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп пен сауда мәселесі, ел мәдениеті, әдебиеті, тарих мен этнографиясын да «Қазақтан» табасыз. 1918 жж. ұлттық-демократиялық басылым кеңестік жүйеге берік орныға бастаған тұста жабылып, олардың орнына большевиктік газеттер шығарыла бастады.
Сөзімізді түйіндей келе, А. Байтұрсынұлы шығарған «Қазақ» газеті еліміздің ұлттық тәуелсіздігі жолындағы күрес тәсілдерін осы басылымдар арқылы көтере білуі ХХ ғасыр басындағы ірі жеңіс дер едік.
Светлана Смағұлова,
тарих ғылымдарының докторы

