2025 жылы ҚМДБ Уақып корпоративтік қайырымдылық қоры уақып институтын дамыту, оның қызметін жүйелеу және қоғам игілігіне бағыттау мақсатында кешенді жұмыстар атқарды. Жыл барысында рухани, әлеуметтік, экономикалық және ақпараттық бағыттарды қамтитын бірқатар маңызды жобалар мен іс-шаралар жүзеге асырылды.
Аталған кезеңдегі басты рухани жобалардың бірі – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен жүзеге асырылған «Қазақ Құран баспасы» жобасы болды. Жоба аясында Құран Кәрім мәтіні отандық графикалық мамандардың қатысуымен электронды нұсқада толық әзірленіп, тарихи зерттеу жұмыстары, беттеу, сыртқы дизайн және жаңа шрифт жасау процестері аяқталды. Қасиетті Құранды басып шығару жұмыстары 2026 жылға жоспарланды.
Жыл ішінде уақып институтын насихаттау және кәсіпкерлермен өзара ынтымақтастықты нығайту мақсатында республикалық деңгейдегі іс-шаралар өткізілді. Алматы қаласында алғаш рет «Уақып – сарқылмас сауап» атты І республикалық форум ұйымдастырылып, оған еліміздің барлық өңірлерінен 400-ден астам кәсіпкер қатысты. Сонымен қатар Астана қаласында және бірқатар өңірлерде кәсіпкерлерге арналған семинарлар мен іскерлік кездесулер өткізіліп, уақып қабылдау тәртібі, жобалардың таныстырылымы және уақыпнама табыстау рәсімдері жүзеге асырылды. Аталған іс-шаралар нәтижесінде шамамен 1300-ге жуық кәсіпкер қамтылды.
Уақып тақырыбы еліміз бойынша мешіт жамағаттары арасында кеңінен түсіндіріліп, жыл көлемінде 817 рет насихатталып, 16 340-қа жуық азаматты қамтыды. Бұл жұмыстар уақып мәдениетін қалыптастыруға және қоғамдағы қайырымдылық сана-сезімді арттыруға ықпал етті.
Жыл қорытындысы бойынша уақып ретінде бірқатар жылжымайтын және жылжымалы мүліктер қабылданды. Атап айтқанда, Алматы қаласы мен Түркістан қаласында орналасқан кәсіптік нысандар мен жер телімдері уақыпқа алынды. Сондай-ақ өңірлерде әлеуметтік маңызы бар автокөлік, тұрғын үй, қасапхана, көпір, дүкен және балалар ойын алаңдары ел игілігіне берілді. Сонымен қатар 56 ірі және шағын кәсіпорынмен уақыпнама рәсімделіп, тұрақты әріптестік байланыстар орнатылды.
Қордың тұрақты экономикалық моделін қалыптастыру мақсатында бірқатар кәсіпкерлік бастамалар іске қосылып, уақыпқа тиесілі нысандар қызметін бастады. Бұл жобалардан түсетін табыстар тікелей қор қызметіне бағытталуда. Сонымен бірге уақып қорының қаржылық тұрақтылығын арттыру мақсатында бірқатар брендтік өнімдер әзірленіп, сатылымға шығарылды.
Ақпараттық қызмет аясында әлеуметтік желілер мен ресми интернет ресурстар арқылы уақып қызметі туралы материалдар жүйелі түрде жарияланып отырды. Жыл ішінде бейнематериалдар, тікелей эфирлер, подкасттар мен мақалалар жарық көріп, қордың негізгі платформаларында тұрақты аудитория қалыптасты. Сондай-ақ еліміздің барлық өңірлерінде қордың аймақтық ақпараттық парақшалары белсенді жұмыс істеді.
Қайырымдылық және демеушілік қызмет шеңберінде білім беру, діни және әлеуметтік мекемелерге тұрақты қаржылай қолдау көрсетілді. Жыл ішінде қор тарапынан 45 881 900теңге көлемінде демеушілік көмек көрсетіліп, сонымен қатар демеушілер есебінен еліміз бойынша қайырымдылық мекемелер мен студенттер үйлеріне 710 000 000 теңге көлемінде қайырымдылық жасалды.
Жалпы алғанда, 2025 жыл ҚМДБ Уақып корпоративтік қайырымдылық қоры үшін уақып институтын жаңғыртуға, оның қызметін жүйелеуге және ұзақ мерзімді дамуына негіз қалаған маңызды кезең болды. Қор алдағы уақытта да дін мен қоғамға қызмет етуге бағытталған жұмыстарын тұрақты түрде жалғастыра бермек.





