Садақа беру – мал-мүлікті кемітпейді
Алла ризалығы үшін жасалған әрбір іс пен берілген затқа – садақа дейміз. Берілетін садақаның үлкен-кішісі болмайды. Не берілседе ықыласпен Алла разылығы үшін берілуі қажет. «Оң қолың бергенді сол қолың көрмесін» хадисіне сәйкес берілген садақа мен жасалған жақсылықты жасырын жасау ең абзал амалдың бірі.
Алла біздерге мал-мүлік берсе, Алланың берген нығметіне шүкіршілік етіп, орнымен жұмсап, шүкіршілігі ретінде Алла разылығы үшін белгілі бір мөлшерін мұқтаждарға беру керектігін ескертеді. Бұл туралы Құранда былай дейді:
وَفِي أَمْوَالِهِمْ حَقٌّ لِّلسَّائِلِ وَالْمَحْرُومِ
«Олардың малдарында қайыршының және (сұрауға намысы жібермеген) жарлының да ақысы бар» (Зарият-19).
Алла берген дәулетті қайда, қалай жұмсайтынымыз жайында мына аят баян етеді:
«Сенен адамдар мал-мүліктерін қалай жұмсауы керектігі жөнінде сұрайды. Сен айт: «Оны қалай жұмсасаңдар да еріктерің. Ата-аналарыңа ма, туысқандарыңа ма, жетімдерге ме, пақырларға ма, әлде мүсәпір жолаушыға ма, бәрібір әйтеуір жасаған қайырларыңды бір Алла білмей қоймайды», (Бақара-215).
Алла пендесін мал-мүлікпен де сынайды. Ал шайтан болса, бізге сараң болуды үгіттеп, садақа беруден тосатын болады.
«Алла берген несібені (игілікке) жұмсамай, сараңдық жасағандар қараулығы өздеріне пайда жеткізеді деп ойламай-ақ қойсын. Ол – өздеріне зиян. Сараңдық еткен нәрселері қиямет күнінде мойындарына шынжыр болып оралады. Жер-көктегі игіліктің иесі Алла. Кімнің не істегенін бір Алла түгел көріп тұрады» (Али Имран-180).
Бірде Пайғамбарымыз (с.а.у.) бен сахабаларының арасында мынандай әңгіме болады. Пайғамбарымыз (с.а.у.):Әрбір мұсылман садақа беруі тиіс, - деді. Сахабалардан бірі:
- Ей, Алланың Елшісі (с.а.у.), таппаған адам не істейді? Пайғамбарымыз (с.а.у.):
- Жұмыс істеп, табыс тауып садақа берер, - деді. Сахабалар:
- Істейтін жұмыс таппаса не болады? – деді. Пайғамбарымыз (с.а.у.):
- Мұқтаж болған жанға қандайда бір көмегін береді, - деді. Сахабалар:
- Жәрдем ететін адам да таппаса ше? – деп тағы сұрады. Пайғамбарымыз (с.а.у.):
- Қандай да бір іс жасаса (біреуге жол көрсету, жолдағы зиян тигізетін затты алып тастау, ілім алу, үйрету т.б.), ол үшін бір садақа, - деді. (Бухари, Муслим риуаяты)
Пенде мұқтажға садақа берумен сауапқа кенеледі әрі мүлкінен ештеңе кемімейді. Керісінше Алла оның мүлкіне береке беретін болады. Ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай дейді: «Садақа мал-дүниені ешқашан кемітпейді. Пенде қолын садақа беру үшін созғанда ол садақа сұраушының қолына жетпестен бұрын Аллаға берілгендей болады»
Бір хадисте: «Әр күні таңертең екі періште түседі. Бірі: «Ей, Раббым! Садақа бергенге садақасына қайтарым ретінде жаңасын нәсіп ет», - десе, екіншісі: «Ей, Раббым! Сараңдық еткенге мал-дүниесін опат ет», - деп дұға етеді», - дейді. (Бухари, Муслим риуаяты)
Садақа мал-мүлікті көбейтеді.» (Ибни Ади)
Садақа беруде асығыңдар, өйткені бәле садақадан асып өте алмайды. (Табарани, Байхаки)
Садақа беріңдер. Өйткені садақа жаһаннамнан құтылуларыңа себеп болады. (Табарани)
Бір дана құрма да болса садақа ретінде беріңдер, өйткені ол аз да болса аштықты кетіреді және судың отты сөндіргені секілді күнәларды жояды. (Ибни Мүбәрәк).

