Уақып - сауап есігін ашатын ізгі амал
Алла Тағала Құран Кәрімде:
«Сендер жақсы көрген нәрселеріңді Алла жолында жұмсамайынша, қайыр-сауапқа қол жеткізе алмайсыңдар» (Әли Имран сүресі, 92-аят) - деп бұйырады.
Бұл аят бізге шын ықыласпен жасаған уақыптың, яғни Алла жолында арнаған қайырымды істердің қаншалықты құнды екенін көрсетеді.
Уақыптың мәні
Уақып - тек мал-дүниені арнау емес, ол - жүрек тазалығының, иманның беріктігінің белгісі. Ардақты Пайғамбарымыз ﷺ:
«Адам баласы қайтыс болған соң, үш нәрседен басқа амалы тоқтайды: садақа жәрия (өзі өлгеннен кейін де пайдасы тиіп тұратын садақа), пайдалы ілім және артынан дұға қылатын салихалы ұрпақ» (Муслим риуаяты) - деген.
Демек, уақып – «садақа жәрияның» айқын көрінісі.
Тарихтағы уақып дәстүрі
Ислам тарихында уақыптың арқасында ғылым дамып, ірі медреселер салынды, ауруханалар бой көтерді, көпірлер мен жолдар салынып, қоғам игілігіне қызмет етті. Қазақ даласында да талай дәулетті жандар мешіт, медресе тұрғызып, құдық қаздырып, жерін халыққа арнаған. Бұл - халқымыздың асыл дәстүрге адалдығының белгісі.
Уақыптың тәрбиелік мәні
Қайырымдылық жасаған сайын жүрек жұмсарып, Алланың рахметіне бөленеміз. Алла Елшісі ﷺ тағы бір хадисінде:
«Жақсылық жасаудан ешқашан шаршамаңдар. Өйткені Алланың құзырында оның сыйы көп» (Табарани риуаяты) - деген.
Уақыпқа үлес қосу - бүгінгі ұрпақтың рухани жауапкершілігі. Әр ауылда, әр мешіт жанында уақып дәстүрі жаңғырса, тұрмысы төмен отбасылар қолдауға ие болып, жастардың білімге жолы ашылады.
Алла Тағала әрқайсымызды уақып істеріне атсалысушылардың қатарынан қылғай!
Темірханов Асылхан Нұртайұлы
Қарағанды қалалық «Қазыбек би» мешітінің имамы

