Уақып – сахабалардың жарысқан амалы
Ислам тарихында уақыптың орны ерекше. Бұл – адамның мал-мүлкін, дүние-байлығын Алла жолына арнап, халыққа қызмет ететін игілікке қалдыру амалы. Уақып – тек бір реттік садақа емес, үздіксіз жалғасып тұратын қайырымдылық.
Сахабалар үлгісі: Пайғамбарымыз Мұхаммед ﷺ заманында сахабалар уақып істерінде бір-бірімен жарысқан. Олар Алланың разылығын іздеп, мал-мүліктерін, бағалы дүниелерін халық игілігіне арнаған.
Омар ибн Хаттаб (р.а.) Хайбардағы ең бағалы жерін уақып қылып, одан түскен пайдасын кедей-кепшікке, туысқандарына, Алла жолында жүргендерге арнады. Бұл уақып тарихтағы алғашқы үлкен үлгілердің бірі саналады.
Осман ибн Аффан (р.а.) Мединедегі "Румә құдығын" көп ақшаға сатып алып, оны халыққа тегін су ішуге арнады. Сол құдық бүгінге дейін уақып есебінде мұсылмандарға қызмет етіп тұр.
Әбу Талха (р.а.) өзінің ең жақсы көрген "Байруха" атты бақшасын уақып етті. Бұл бақ Мединедегі ең көрікті әрі құнарлы жерлердің бірі еді. Басқа да көптеген сахабалар мал-мүліктерінің ең абзалдарын Алла жолына арнап, қайырымдылықтың мәңгілік үлгісін қалдырды.
Уақып – үзілмейтін сауап. Пайғамбарымыз ﷺ: «Адам баласы дүние салғанда үш нәрседен басқа амалы тоқтайды: садақа жария (уақып), пайдалы ілім, артынан дұға қылатын салихалы перзент» деген (Мүслім риуаяты). Демек, уақып – өлгеннен кейін де сауабы үзілмейтін игі іс.
Сахабалардың уақыпқа жарысуы бізге үлкен өнеге. Олар дүниеге берілмей, керісінше, байлықтарын халық игілігіне жұмсап, шынайы жомарттықтың үлгісін көрсетті. Бүгінгі мұсылман үшін де уақып дәстүрін жаңғырту – қоғамды ізгілікке, бірлікке бастайтын жол.
ҚМДБ Уақып қорының Жетісу облысы бойынша өкілі,
Нұржол Ғазизұлы

