Дүниеде мұсылман баласы қолынан келгенше тек ізгілік пен қайырымды істерді жасай білсе, ақыретте еселеген сауабын алары сөзсіз. Асылында, Алланың берген әрбір күнін ізгілікке, адамгершілікке, рухани кемелденуге бағыттауымыз керек-ақ. Сонымен қатар тек рамазан айында немесе белгілі бір діни күндерде ғана емес, әрдайым садақа беру арқылы қайырымдылық жасай білуіміз де қажет. Халқымыз «Кең болсаң – кем болмайсың» деген.
Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы: «Біз қашан да өзгелерге қайырымдылық жасап, жан-жағымызға шуағымызды төгіп, шарапатымызды тигізіп, адамның алғысын алып, өсіп-өнген елміз» - деген болатын. Шынында, халқымыз өз ұрпағына қайырымдылықты жастайынан үйретіп, адамгершілік қасиеттерге баулыған. Адам баласына жақсылық, жан-жануарларға, тіпті табиғатқа камқорлық жасаудың өзін сауапты амалға, бір сөзбен айтқанда қайырымдылыққа жатқызған екен. Әрине материалдық көмек көрсету үшін қаражат жұмсайтынымыз белгілі.
Осы ретте елімізге белгілі ғалым С.Сейітбеков бір мақаласында: «Алла ризалығы үшін жасалған әрбір іс пен берілген затқа – садақа дейміз. Берілетін садақаның үлкен-кішісі болмайды. Не берілседе ықыласпен Алла разылығы үшін берілуі қажет. «Оң қолың бергенді сол қолың көрмесін» хадисіне сәйкес берілген садақа мен жасалған жақсылықты жасырын жасау ең абзал амалдың бірі. Құран Кәрімде 200 жерде Алла жолында садақа беру, мал сарп ету жайында баяндалады» - дейді.
Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен хадисте Алланың ардақты Елшісі (с.ғ.с.) былай дейді: «Садақа Раббының ашуын басады және жаман өлімді қайтарады» (Tирмизи, Зәкат 28) - деген екен.
Алла Тағала Құран Кәрімде: «Алла өсімді жояды да, садақаларды арттырады (береке береді)...» («Бақара» сүресі, 276-аят) десе, тағы бір аятта «Алла жолында малдарын жұмсап, әрі артынан міндетсу, ренжіту жасамағандар үшін Раббыларының құзырында сыйлық бар. Оларға қорқыныш жоқ. Олар қайғырмайды да» («Бақара» сүресі, 262-аят) деп сүйіншілейді.
Иә, жоғарыда келтірілген аяттар Хақтың нақ сөзі һәм уәдесі, ал ардақты пайғамбарымыздың хадисінде садақа берушілерді дәріптейді. Ислам ғалымдары садақа байлықтың көбеюіне, берекеттенуіне әрі әртүрлі апаттардан қорғап, берушісінің күнәларынан тазаруына себеп болғандығын айтады.
Бүгінде елімізде қайырымдылық қызметін жүзеге асыратын көптеген қорлар жұмыс жасайды. Олардың атқарып жатқан іс-шараларын біз күнделікті БАҚ-тан немесе әлеуметтік желілер арқылы оқып отырмыз. Біреулері науқас жандардың еміне қол созып жатса, енді біреулері жомарттық танытып көпбалалы отбасыға пәтер кілтін табыстап жатыр. Осы ретте мұқтаж жандарды қашанда әлеуметтік қолдау, оларды қорғауға ат салысу күн сайынғы жұмысымыз болуы тиіс деп ойлаймын. Осы мақсатта жұмыс жасап жатқан ҚМДБ жанындағы «Уақып» қайырымдылық қорының бағыты да жан-жақты қайырымдылық қызметін ұйымдастыру болып табылады. Сондай- ақ, «өскелең ұрпақтың келешегінің имандылықпен қалануына үлес қосу. Мұсылман жұртына қарайласу. Кемел қоғам құруға ұмтылу үшін бірлескен түрде іс қылу» - дейді «Уақып» қорының президенті Ардақ Оразбай.
Иә, «Адамды адам ететін – мейірім мен қайырым» – деген екен даналар. Яғни, осы сөзді үнемі жадында ұстайтын, айналасына қайырым-қамқорлықпен қарайтын жандар қай заманда аз болмаған.
Тарихтан көптеген қайырымды жандардың есімін білеміз. Шежірелік деректерге зер салсақ, олар өздерінің көмегін көбінісе білімге жұмсаған. Оқу орындарын ашып, мектеп-медреселер тұрғызып, халықтың оқу-ағарту ісіне үлкен еңбек сіңірген, яғни олар білімге қолдау көрсету арқылы ұлт болшағының негізін салды. Әріден тарқататын болсақ Бөкей ордасының соңғы ханы Жәңгір хан халықты ағарту ісіне үлкен үлес қосты, мектеп ашты, оның жылсайынғы барлық материалдық қажеттіліктерін өзі қамтамасыз етіп отырған екен. Құнанбай қажының 1824 жылы салдырған мешіті мен 1876 жылы Мекке қаласына салған қонақ үйі халыққа ұзақ жылдар бойы қызмет еткен. Бүгінде тарихи ескерткіш қатарына жататын Сыр өңіріндегі Қалжан ахун мешіт-медресе жастардың білімді болуына септігін тигізген. Бұл да халықтың қолдауымен тұрғызылған білім ордасы болған. Тәуелсіздік алған жылдардан бастап салынған мыңдаған мешіттеріміз бен ондаған медреселеріміз қайырымды, жомарт жандардың демеуімен салынған. Айта берсек бұлардың барлығы бір сөзбен айтқанда қайырымды жандардың еліне, халқына жасаған риясыз қызметі.
Бүгінде өзінің аттарын атамай, қарапайымдылығын сақтап, қайырымдылығын жасырып қалуды жөн санайтын жекелеген адамдар да көп. Олардың бұл ісін нағыз кең жүректі азаматтық іс дер едім. Бүгінгі күннің өзінде әртүрлі салалар бойынша үздіксіз қолынан келгенше қайырымдылық жасап келе жатқан азаматтарымызбен мақтана аламыз. Халқымыз «Адамдарды қаны ғана емес, жақсы істері де туыстырады» – деген екен.
Ардақты сахабаның бірі Әсма (р.а.) жеткізген хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай дейді: «Алла жолында санамастан көп-көп жұмса. (Егер санайтын болсаң) Әйтпесе Алла да саған санаулы қылып береді. Жасырып, жинама. Әйтпесе Алла да сенен жасырады (яғни аз береді)» -деген екен (Бұхари және Мүслим).
Ізгі бір жанның мына бір сөзінде үлкен мән бар:
«Аз» деп айтпаңыз,
Алла азайтып қояр.
«Жоқ» деп те айтпаңыз,
Жаратқан жоқ қылар.
«Бар» деңіз,
«Көп деңіз.
«Шүкір деңіз.
Бар нәрсеңді бөлісіп,
Ал, бауырым,
Бұл сенікі деңіз.
Ұмытпа, әй достым!
Барлық нәрсенің Иесі,
Ол - күмәнсіз Алла!», - деген екен. Иә, Алла берген нығметті бөлісе білсек, шүкір ете білсек, онда дүниеде ұтылғанымыздан ұтқанымыз көп болары сөзсіз.
Нұрлыбек НҰРСЕЙІТОВ,
ҚМДБ «Уақып» қорының
Қызылорда облысы бойынша өкілі