Бірнеше жыл бұрын Алматыда тұратын Нағигүл деген депутат апайымыз: "Кеше бір отырыста бір апаны көрдім. Халифа Алтай деген кісінің бәйбішесі екен. Ақсақалы Құран аударған, елімізге танымал тұлға болыпты. Сол қарияға Алматы іргесінен жер беріліп, ақсақал қайтыс болған соң ғұламаның жанұясы сол жердің құжатын жөндеуге көмектесші деп отыр", - деді.
Мен болсам: "Апай, Сіздің үйге бақ келген екен. Мұндай Құран аударған адамның отбасына көмектесу - Құранға қызмет, Алладан қайтады", - дедім.
Әлгі депутат апамыз ақсақалдың ұлы Абдрайым ағаны ертіп алып, барлық ресми мекемелерге барып, бір жылдың ішінде құжаттарын жөндеп береді.
Қуанышы қойнына сыймаған Бибәтіш апа: «Қызым, барлық жасаған жақсылығың Алладан қайтсын. Мынау ақсақалдың өмірбақи намаз оқыған жайнамазы, тәбәрік болсын», - деп сыйлайды.
Нағигүл апайдың үйіне барған сайын сол жайнамазға намаз оқуды өтіне беруші едім, бір-екі жылдан соң апайымыз: "Бауырым, сыйлықтың ең үлкені - өзіңе ыстық, ардақты болған нәрсені сыйлау", - деп хадисте келеді екен. Мына қасиетті айт күні ғұламаның жайнамазын саған сыйлайын", - деп бергенде Аллаға көп шүкір етумен болдым. Жайнамазға қарасаңыз қарияның қиямда көп тұрғанынан болу керек, екі аяғының орны жыртылған, екі тізе мен екі алақанының, маңдайының іздері қалған ерекше жайнамаз еді. Сол жайнамаз бен біздің жайнамаздарды салыстырсам, жермен көктей айырмашылық бар екен. Бізде жайнамаз көп болғанымен, тесіліп, ағарған жері көрінбейді. Бұл да бір тақуалықтың көрінісі болса керек. "Тақуалық" деген екінің біріне берілмейтіні ақиқат. Алла бізге сондай кісілерге болмасақ та ұқсап бағуға жазсын! Мынадай сөз бар екен: "Зікірсіз ғапыл болғаннан, зікірмен ғапыл болу артық", яғни, өмір бойы басың сәждеге тимей кеткеннен гөрі, намазыңды шамаң жеткенше ықыласпен оқуға тырысып өту деп білеміз.
Әлгі жайнамазға қайта оралайықшы. Өзіміз де, кейде үйге қонақ келсе де, сол жайнамазды беріп тұратын болдық. Таяуда үйімізде қонақта болған Дариға апай сол жайнамазда намаз оқыған соң, мына әңгімені айтып берді: "Кезінде ақсақал елімізге ең алғаш келген кездері жанында көп сапарлас болдым. Яғни, жол жүру билетін алып беру, аударма жасау т.б. Ол кездері діннен хабарым аз, ақсақалдың қадірін біле алмаппыз. Ол кісі еліміздің көптеген қалаларын, тарихи орындарын аралаған болатын. Барған жерде мешіт кездессе, намаз оқиды. Намаз соңынан ұзақ дұғада болып, екі иығы селкілдеп отырып жылайтын еді. Бірде: «Бұл кісі не деп дұға жасайды екен?» - деп тыңдап көрсем:
"Иә, Жаратқан Ием! Халқымызды арақтан сақтап, иманды ете гөр!" - деп дұға етіп жатқанын естіп едім", - деген еді.
Расында, атам қазақ: "Қолда барда алтынның қадірі жоқ" дегендей, кейде осы жанымызда жүрген адамдардың қадірін білмей қаламыз.
Пайғамбарымыз (Алланың салауаты мен сәлемі оған болсын): "Адам қалай өмір сүрсе, солай қайтыс болады" (Муслим), - деп айтқандай, ғұлама қария қайтыс болар алдында жұбайы Бибәтіш апамызға: "Анау келген кісілерді көрдің бе? Шәй беріп, қонақ қыл", - депті де, аяқ-қолын жөндеп, жүзін құбылаға бұрып, иманын айтып жатып қайтыс болыпты.
Алла Тағала Құранда: «Алла Тағала сондай иман келтіргендерді, дүние тіршілігінде де, ақыретте де мықты сөзбен бекітеді...» («Ибраһим» сүресі, 27-аят), - деп бұйырғандай аманатын тапсырған.
Алла баршамызға ислам бойынша өмір сүріп, иманмен өтуді жазсын!
Қуат Қабдолда