Ислам ата дініміз болса да, бодандық бұғауында тұралатып алғанбыз. Тәуелсіздіктің дәргейінде тәубеге келіп, тереңдеп біліп келеміз. Бұл тұрғыда дінтанушылар мен зерттеушілердың еңбегі ерен.
Жақын арада жарық көрген Қабдолда Қуат Сұлтанбекұлының «Ежелгі және қазіргі Қазақстандағы уақыптар» атты еңбегі тағы да бір сауаптың жолын түгендегендей. Тіптен, сауаптың санын біреуге көбейткен-ді. Мұсылман қазақтың бірінен: — Уақып дегенді білесіз бе? — деп сұрағанымыз да. — «Уақыт» дейсің бе? — деп құлақтары қалыс естіп, қайталап айтқанымызда бұрын-соңды естімегенін мойындап қалды. Бірақта, білімге құмар мұсылманның біліп алатынында дау жоқ. Осы арадан, бізге де жаңа кітаптың жан дүниесіне үңілудің реті келген болар. Автор еңбегінің әлқисасында, «Құран Кәрімнің көпшілік аяттарында «Шынында да иман етіп, жақсылық істегендер...» — деп, иман мен жақсылық ету сөзі бірге жүреді, яғни бірінсіз-бірі болмайды. Сол жақсылық істердің бірі Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) мен оның саңлақ сахабалары көрсетіп кеткен жақсылық ету, садақаның бір түрі — уақып екенін айтқым келеді», — деп сөз бастайды. (Кітаптың 4 беттінде).
Исламдағы алғашқы уақып — Омар ибн Хаттабтың Хайбардағы жері болып саналады екен. Бұған қоса, кей ғалымдар Пайғамбармыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Яһуди ғалымы Мухейриктің жерін уақып деп жариялауын атайды. Мұсылмандар сабына келіп қосылған Мухейрик «Бүгін өлетін болсам, малымды Мұхамметке (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өсиет еттім. Қайда қаласа, сонда жұмсасын» деген. Сол күні, ол өлгеннен кейін Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Мухейрик – яһуттардың жақсысы. Ол тастап кеткен Мәдинадағы жеті бақша уақып етіледі» деп жариялайды. Негізінде, уақыпты сөз бен ниет анықтайды деген уәжде автор.
Мұсылмандықтың анықтамасы кәлима болғанындай Уақыптың өзгешелігі «уақып еттім» деген сөзде. Уақыпты атамас бұрын, уақыптың қалай жүзеге асатындығына тоқталайық: Ханафиде уақыптың рукүні болып сөз формасы ғана саналады. Ал, сөз формасы уақып берушінің, алушының және уақыпқа қойылатын нәрсенің болуын талап етеді. Көпшілік ғалымдардың пікірінше:
1. Уақып беруші. Ол — заттың, мүліктің иесі. Оған қойылатын шарт екеу. Бірінші шарт: Уақып беруші балиғат жасқа толған, ақыл есі дұрыс, басы ерікті адам болуы керек. Шафиғи мазһабындағы фиқһшылар бойынша, мұсылман емес адамның мешіт салуға берген жері де уақып саналады. Екінші шарт: Қайырымдылық істеуге лайықты адам. Кісі балиғатқа жеткен болуы мүмкін, бірақ қайырымдылық істеуге лайық емес. Мысалы: Бір кісіге қазы өз мал-мүлкін пайдалануға тиым салды. Оның ақыл-есі дұрыс болмауына байлансты. Мұндай еріксізден жасалған уақып дұрыс емес болып саналады.
2. Уақып алушы. Уақыпқа тиген мүлікті, тиімді пайлалана алатын адам болуы керек. Аллаһ: «Дін жайында сендермен соғыспаған және жұрттарыңнан шығармағандарға жақсылық қылуларыңа, әділдік етулеріңе тиым салынбайды» — деген. (Мумтахина:8)
3. Уақыпқа қойылған зат. Кез-келген адам сияқты, уақып беруші адам да өзі уақып еткен мүлкінен пайдалана алады. Мысалы: Мешітке кіріп намаз оқу, судан ішу, оқуға қойылған кітаптардан оқу. т.б.
4. Сөз формасы. Уақып кезінде оны айтудың екі түрі бар. Ашық айту және анық емес түрде айту. («Садақа ретінде бердім», т.б. Сол кездегі ниетке байланысты.) «Уақып еттім» дегеннен бастап, уақыптың сауабы жазыла бастайды. «Уақып — қайырымдылықтың бір түрі және шариғат оған шақырады. Уақып — кедейлермен міскіндерге көмегін тигізеді. Ілім мен білімге тартады. Уақыптың басқа ізгі істермен (зекет, садақа, хадия, һиба, өсиет) байланысы тығыз. Өйткені, бұлардың барлығы-қайтарымсыз көмек түрлері» — деп өз ойын толықтырады Қуат Сұлтанбекұлы. (24-25 бет).
Автордың жоғардағы анықтамасынан кейін: — Уақыптың өзіміз білетін зекет пен садақадан айырмашылығы барма? — деп ойлауымыз да мүмкін. Кітапта бұл туралы да талдулар бар. Уақып пен зекеттің айырмашылығы: Аллаһ Тағала: Шын мәнінде садақалар, Аллаһ тарабынан бір парыз: Қолы тар пақырларға, түгі жоқ міскіндерге, оны жинауға бөлінгенлерге, көңілдері алынатындарға, құлды азат етуге, борыштыларға, Аллаһ жолына және жолда қалғандарға беріледі, — деп бұйырады. Зекетте зат пен оның пайдасын біреуге иелендіруге болады. Уақып етеу де бұлай емес. Уақып пен басқа садақалардың айырмашылығы: Уақып пен садақаның ұқсастығы — мұсылман еместерге де жарайтыны.
Ал, айырмашылығы — уақып кезінде зат немесе мүлік сол күйінде қалып, одан пайда алу үздіксіз жалғаса береді. Ал, хадия мен һиба кезінде зат немесе мүлік сақталмауы мүмкін. (25-бет). Ойға алған тақырыбын осылайша жеткізген жаңа басылым, мұсылман оқырманның ортасынан өзіндік орын тепті. Кітапта көтерілген уақып мәселесіне байланысты, Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасының қызыметкері Қайрат Жолдыбайұлы балай дейді: «Қазақстанда «Уақып» деп арнайы аталмай-ақ, мешіт, медреселер діни басқарманың қарамағына өткізіліп жатыр. Ұзақ мерзімге пайдалануға жарайтын осы дүниелерді уақыпқа жатқызуға болады.
Мұсылман елдерінде уақып мәселесімен айналысатын министрлік, арнайы мекемелер болады. Бұдан, олардағы уақыптың бір ізге салғанын аңғарамыз. Қазір басқармамыз Ислам қорын ашуды ойластырып отыр. Егер бастама жүзеге асса, Қазақстандық уақып етушілердің мал-мүлкі сонда тіркеледі. Оны қандай да бір өзгеріс болса да, ешкім өзінің пайдасына ала алмайды. Мұсылман қауымына үздіксіз қызмет ете береді».
Айта кетелік, уақыптың экономикалық тиімділігі де өте жоғары. Бұл туралы Қуат: «Ислам уақыбы негізін қалау дегеніміз тұрақты экономикалық корпорацияларға ұқсас болады. Ол өз кезегінде келешекке арналған капитал мен өндірістік байлықты дамытады, оның пайдасы келер ұрпаққа табыс, қызмет түрінде үлестіріледі. Инвестициялық қорлардағы акцияларды, дивиденттерді немесе ислам банктеріндегі инвестициялық депозиттерді уақыптың жаңа үлгілері деп білуге болады» (46-бет). Иә, сәт! Діңкелеп қалды деген дінімізде дертінен айыға бастады. Сауаптың та сапалысын жасайтын болдық. Үзілмейтін садақаның сырыда түсіндік-ау шамасы.
Қолымызда барымызды жұрт болып жұмылып, қорға салып «Уақып» деп атайық. Осы атағандарымыз: Әуелі Аллаһ үшін, өзіміздің сауабымыз үшін, ұрпағымыз үшін, ұлт пен діннің келешегі үшін де қызмет атқара алады. Дегенмен, қабырғасы сөгіле қайыр-садаққа жасайтын қазаққа, «Уақып» термин емес тегінен келе жатқан тектілік ісі.
Жәнібек Алдамжанұлы