Қазіргі уақытта қандай да бір адамға «уақып» десең, «уақыт» па деп қалады. Өйткені ол туралы түсінік қалыптаспаған. Кезінде «халал» деген ұғым да бейтаныс болып, кейіннен «бренд» сөзге айналды. Тіпті халал болсын, болмасын осы сөзді жарнама ретінде пайдаланады. Енді сол себепті уақыпты да танытуымыз, білуіміз, іске асыруымыз үшін жан-жақты зерттеуіміз қажет.
Уақыптың анықтамасы.
Уақыптың анықтамасы.
Шариғатта уақып дегеніміз – белгілі бір мал-мүлікті көп мәрте қайырымдылық жолында пайдалану үшін ұзақ мерзім жұмсамай ұстап тұру. Демек, ол – үзілмейтін садақа болып саналады. Сахаба Жабир ибн Абдулла (р.а): «Пайғамбарымыз (с.а.у.) сахабаларынан шамасы жетіп тұрып уақып етпегені болмады», – деген.
Уақыптар – діни сенім және ойлардың күшті дамыған құрылымдары ретінде ғасырлар бойы қоғамның материалдық әрі рухани қажеттіліктерін қамтамасыз етуде үлкен қызмет атқарып келеді. Осы орайда ғылым докторы Мунзир Қахфтің «Қазіргі ислам қоғамындағы уақып» атты кітабына тоқталсақ, ол кісі уақыптар жайлы: «Пайғамбарымыздың (с.а.у.) сүннетінде уақыптың көптеген түрлері бар: Мәдина Мунауурадағы пайғамбар мешітінен бастап, сахаба Мухайриқтың (р.а) Ухуд шайқасында Аллаһтың елшісіне (с.а.у.) тастап кеткен бау-бақшалары, Осман ибн Аффанның (р.а) мұсылмандар суын ішсін деп уақып еткен Рума құдығы. Омар ибн әл-Хаттабтың (р.а) Хайбардағы жерін уақыпға қойып, оның жемісін қайырымдылық істеріне арнауы.
Уақып мәселесінде ислам шариғаты заң жағынан жан-жақты зерттеліп, қалыпқа түскендігімен ерекшеленеді. Сондай-ақ, уақыптың көптеген мақсаттары мен түрлерімен, қоғамда атқаратын ролімен ерекшеленеді. Шариғат уақыпты мақсатына қарай үш түрге бөліп қарастырады:
1. Таза діни уақып
2. Қайырымдылық уақыбы
3. Арнайы немесе ұрпаққа арналған уақып
1. Таза діни уақып
2. Қайырымдылық уақыбы
3. Арнайы немесе ұрпаққа арналған уақып
Таза діни уақып деп – қаражатты, мал-мүлікті құлшылық мақсаттарына (тар мағынадағы) арнап бөлуді айтады, мысалы намаз оқитын жерлер т.б. Уақыптың осы түрін барлық халықтар ежелгі тарихтан бері білген болатын, мысалы мешіттер, шіркеулер, ғибадатханалар.
Қайырымдылық уақыбы деп – жылжымайтын мүлік пен қаражатты әртүрлі қайырымдылық істеріне (денсаулық сақтау, мәдени шаралар, оқу, қоғамдық, қауіпсіздік салалары) арнауды айтады. Уақыптың осы түрі исламға дейін де белгілі болды, алайда мұсылмандар алғашқы болып қайырымдылық түрі мен көлемін арттырды, тіпті ежелгі өркениеттер мен қазіргі батыс халықтардың барлығынан да асып түсті.
Арнайы немесе ұрпаққа арналған уақып деп – ислам дінімен бірге келген, пайғамбардың сахабалары ойлап тапқан уақып түрін айтамыз. Екінші халифа Омар ибн әл-Хаттаб (р.а) Хайбардағы жерін уақып еткеннен кейін көптеген сахабалар өздерінің мал-мүліктерін, бау-бақшаларын уақыпқа қоя бастады. Олардың кейбірі уақыпты әуелі өздерінің ұрпақтарына, сосын қайырымдылықтың жалпы түріне арнаған еді.
Уақыптың осы түрі батыс елдері қоғамында, әсіресе АҚШ-та соңғы кезеңдерде ғана белгілі болды.
Жоғарыда аттары аталған уақыптың үш түрі уақып қаражатының екі түрін қамтиды:
Уақыптың өзі үшін ғана жұмсалатын қаражат, мысалы мешіт, оның ішіндегі төсеніштер мен кілемдер, медресе, оның жылжымайтын мүлкі мен жиһаздары, бала-шағаға арналған баспаналар.
Сауда-саттық, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы сияқты экономика салаларына салынып, түсетін пайдасы мен табысы уақып мақсаттарына жұмсалатын қаражат.
Ислам мемлекеті тарихындағы тұңғыш уақып – діни уақып болған, яғни пайғамбарымыздың (с.а.у.) Мәдинадағы мешіті десек, екінші уақып Осман ибн Аффанның (р.а) мұсылмандар суын ішсін деп уақып еткен Рума құдығы қайырымдылық уақыпқа жатады. Сол уақытқа дейін мұсылмандар судың құнын төлеп тұрған болатын. Ал, Омар ибн әл-Хаттабтың (р.а) уақыбына келсек, ол өте мәшһүр, тіпті фиқшылар оны шариғаттағы уақыптың дәлелі деп біледі. Оның уақыбы қайырымдылық сипатта болды, жердің жемістері кедейлер мен міскіндерді, жолаушыларды тамақтандыруға жұмсалды.
Қазіргі әлемде ислам уақып мал-мүліктері көптеген мұсылман мемлекеттерінде қоғамдық байлыққа айналып отыр. Ислам уақып идеясы үкіметтік емес секторды дамыту бағытында пайдалы принцип болып табылады. Үкіметтік емес секторды дамыту жалпы пайда мен қоғамдық-экономикалық дамуды көздейді. Сол себепті осы тақырыпты теориялық жағынан жақсы зерттеп, оны іс жүзінде елімізде жүзеге асыру өзекті мәселе болып отыр.
Уақып – мал-мүліктерін дамыту маңызды мәселеге айналды. Көтеріліп жатқан уақып идеясының мақсаты – Исламдағы уақып мәселесіне жан-жақты тоқталып, қазіргі көзқарас тұрғысынан уақыптың қоғамдағы маңызды ролін анықтау және қоғамдық-экономикалық дамуға үлес қосу болып табылады.
Жоғарыдағы уақып анықтаманы таңдау арқылы уақыпқа қойылған мал-мүліктің иелігі турасындағы фиқһи тартыстан алыс болу көзделген. Анықтамадағы «көп мәрте қайырымдылық жолында» деген сөз уақып етуші адамның өзі уақыпты пайдалануға болатынын жоққа шығармайды. Осы анықтама мал-мүліктің көптеген түрлерін қамтиды, мысалы жер мен ғимарат уақып етіліп қайырымдылық жолында қойылады. Діни рәсімдерді орындау үшін (мешіт) немесе аурухана, шипажай, жетімдер үйі, қарттар үйі, медреселер, студенттер жатақханасы. Сол сияқты жерді егін егуге немесе жалға беруге болады. Солардан түсетін пайданы мешіт қызметкерлері еңбек ақысына немесе кедейлер мен міскіндердің, жолаушылардың қажеттіліктеріне жұмсауға болады. Сондай-ақ, аурухана, медресе немесе жетімдер үйіне де пайдаланылады.
Қайырымдылық істері өте көп екендігі белгілі, қоғам дамыған сайын оның түрлері де көбейеді. Ардақты сахабалар Омар ибн әл-Хаттаб (р.а) халифалығы кезінде ойлап тапқан қайырымдылық істері деп, туған-туыс пен ұрпаққа арналған уақыпты айтуға болады. Олар жер, жылжымайтын мүлік, құрма ағаштары сияқты мал-мүліктерді уақып етіп, одан түсетін пайданы уақып етушінің үй-ішіне бөліп беруді өсиет еткен. Мал-мүліктің өзі ешкімге бөлінбейді, жыл сайын жемісін беріп тұрады. Ислам шариғаты туған-туыс пен ұрпаққа жақсылық жасауға шақырған. Пайғамбардың көптеген хадистерінде мұсылманның өзіне, әйеліне, баласына, әке-шешесіне жақсылық жасауы садақа болып саналатыны айтылған.
Ал, енді уақыптың экономикалық маңыздылығына тоқталсақ, уақып дегеніміз – мал-мүлікті өндірістік мақсаттарда пайдаланып, одан түсетін табыс пен пайдалардың жемісін болашақта көру. Мүлікті жамағат болып та (мешіт немесе медресе) немесе жеке-жеке адам болып та пайдалануға (кедейлер, міскіндер) рұқсат етіледі. Демек, уақып – жинақтау мен инвестиция салудың бірлігі болып саналады. Ол дегеніміз – мал-мүліктің бір бөлігін келешекке қалдыру. Сонымен қатар, мал-мүлікті эксплуатацияға айналдыру, өндірістік байлықты арттыру. Уақыпқа қойылған өндірістік байлық көптеген қызмет түрлерін өсіреді және табыстар түсіреді.
Мысалы мешіт жанынан асхана,қонақ үй, дүкен, наубайхана ашу уақып қаражатының жиналуына себепші болады. Ал, ол өз кезегінде халыққа жұмыс орындардың ашылуына, материалдық жағынан мешіт, медреселердің көбеюіне әкеледі. Яғни, экономикадағы Алланың секторының дамуына жол ашады.
Сонымен бірге уақып мекемесі зекет жинау жұмысымен айналысып, соның ішінде «зекет жинаушы» үлесін алуға құқы болады.
Әлбетте, уақып жұмысын жүргізу үшін ҚМДБ жанынан уақып бөлімін ашу керек. Өйткені уақып дегеніміз – шариғатымыздағы «үзілмейтін садақаға» болып және ол ізгілікті іске жұмсалуы ,белгіленген жеріне берілуі көзделеді.
Ислам уақыбы негізін қалау дегеніміз – тұрақты экономикалық корпорациялар құруға ұқсас болады. Ол өз кезегінде келешекке арналған капитал мен өндірістік байлықты дамытады. Оның пайдасы келер ұрпаққа табыс, қызмет түрінде үлестіріледі. Инвестициялық қорлардағы акцияларды, дивиденттерді немесе ислам банктеріндегі инвестициялық депозиттерді уақыптың жаңа үлгілері деп білуге болады. Сахабалар Рума құдығы уақып етіп қойылғаннан бастап немесе Омардың Хайбардағы жерін уақыпқа қоюы сияқты. Сахабалар жерлерді, жеміс ағаштарын, ғимараттарды уақыпқа қойған, бұл жөнінде һижри жыл санауы бойынша екінші және үшінші ғасырда фиқһ бойынша жазылған ғүламалардың еңбектерінде айтылған. Акциялар, дивиденттер немесе ислам банктеріндегі инвестициялық депозиттер өндірістік байлық дамытуды көздейтін жинақтауды білдіреді. Бұрынғы бау-бақшалар немесе ғимараттар сияқты олардың пайдаларын келер ұрпақ пайдаланады. Ислам уақыбы болашаққа, келер ұрпаққа қайырымдылық көзімен қарайды, сол үшін қоғамдық өндірістік байлық көлемін арттыру үшін жедел пайдалана салудан бас тартады.
Уақыпқа қойылатын байлықтың өніміне назар салсақ, онда уақыптың мал-мүліктерін негізгі екі түрге бөлуге болады:
– Тікелей пайдалану қызметтерін өндіретін мүліктер, мысалы медресе, аурухана, жетімдер үйі. Уақыптың осы түрі қайырымдылық (медресе т.б) мақсатқа арналады.
- Шариғат бойынша рұқсат етілген тауарлар базарда сатылады да, таза пайдасы уақып етуші белгілеген мақсаттарға (діни, қайырымдылық т.б) жұмсалады.
2. Уақып мүлкінің жинақталып қалуы.
2. Уақып мүлкінің жинақталып қалуы.
Уақып байлығының жинақталып қалу құбылысының өзектілігіне тоқталу керек. Уақыптың табиғаты көбейе беретін байлықты талап етеді. Уақыптың өзі асылында өндірістік байлықты білдіріп, сатуға тыйым салынатын, құнын жұмсауға болмайтын, бостан-бос тұруына рұқсат етілмейтін, оған нұқсан келтіру харам болатын мал-мүлікті білдіреді. Демек, уақып – күннен-күнге көбейетін, бірінің үстіне бірі жинақталатын мүлік.
Біздің тарихымызда уақып әрдайым көбейіп отырды. Тіпті кері қайту ғасырларында да уақыптар кемімеді. Уақыптың көбеюінің басты шарты — адамдар тарапынан өндіріс байлықтарының жұмсай салмай ұстап тұру процесі. Ол нәрсе адамның діни сезімі мен ар-ожданымен тікелей байланысты. Уақыпқа қойылған мал-мүлік егер уақып етуші шарт қоймаса, барлық пайдасы уақыпқа жұмсалуы тиіс. Ғалымдар тұрақты уақыптан түсетін пайда, тіпті уақып етуші оны айтпаса да уақыпқа қойылған мүлікке жұмсалуына бірауыздан келіскен. Демек, шариғат уақыпқа қойылған мүлікті сақтауға және үздіксіз өнім беруіне көп көңіл бөледі. 20 ғасырдың басынан бастап жаңа бір фактор туындады, ол дегеніміз мұсылман елдеріндегі халықтың өсуі мен экономикалық өсу арқылы халық өндірісінің көлемі артуы. Бұрынғыдан мирас боп жеткен уақып мүліктері қазіргі таңда қалалардағы ең жақсы, ең керемет аудандарға айналған жерлерде орналасқан боп шықты. Егіншілікке қолайлы құнарлы жерлер де қаланың базарына жақын орналасқан еді. Оның себебі тарихтан белгілі, яғни сол уақыптар қойылған кезде қалалар кішкене, адам саны аз болатын. Көптеген уақыптардың өндірістік құнының артуына ғимараттарды соғу технологиясында болған даму септігін тигізді. Енді биік ғимараттар соғу мүмкіндігі туып, қаладағы уақыпқа қойылған жерлердің айырбастау құны бірден өсті. Осының барлығы мешіттер, үйлер сияқты тікелей уақып мүліктеріне жаңаша қарауға әкеліп соқты. Ескі үйлер бұзылып, оның орнына жаңа көп қабатты үй салу көзделді. Оның бір қабаты мешіт болса, қалғаны басқа мақсатта пайдаланылып, түскен пайда уақыпқа қайтатын болды. Осы құбылыс, шынында да, көптеген мүсылман елдерінің астаналарында ( Мекке, Каир, Дамаск, Рабат, Стамбул) орын алды.
– Қоғамдық – экономикалық дамудағы уақыптың маңыздылығы уақып идеясы үкіметтік және жеке меншік сектордан бөлек үшінші секторды дамудан туындаған. Осы секторға көптеген шараларды жаңғырту жауапкершілігі жүктелді. Уақыптың табиғаты қайырымдылық, жақсылық, мейірімділік, өзара қамқорлыққа негізделген, жеке бастың ғана пайда табуы мен заңның күшін қолданудан ада болады.
Осы мәселеледе ислам жүйесі ерекше экономика секторымен ерекшеленеді. Тіпті кейбір басшылар мен бай кісілер өздерінің мал-мүліктеріннің барлығын қайырымдылық істеріне арнап уақып еткен болатын. Ислам жүйесі кез-келген қоғамның, әсіресе мұсылман қоғамының қоғамдық-экономикалық шараларға мұқтаж екендігін жариялаған болатын. Шараның осы түрі биліктен алыс болғаны жөн. Себебі көп жағдайда басқарудың заңсыз әрекеттері орын алады. Сол себепті, тәуелсіз экономикалық сектордың пайда болуына қолдау көрсетіп, оны заң түрғысынан қорғау керек.
Уақып – өндірістік байлықтың бір бөлігін жеке меншік пайдаланудан гөрі қоғамның пайдалануына шығару. Ислам шариғаты осы шараларға адам баласы мұқтаж екендігін жариялаған болатын, тіпті мұсылман еместерге де қатысты еді.
3. Ислам уақыптарының тарихынан қысқаша дерек.
3. Ислам уақыптарының тарихынан қысқаша дерек.
Ислам тарихы бойында осы қоғамдық іс-шаралардың көлемі мен мақсаттары жақсы дамыды. Мұсылман қоғамдары мен ислам мемлекеттерінде ислам уақыптары өндірістік байлықтың негізін құрады. Көптеген мұсылман мемлекеттерінің астаналары мен үлкен қалаларында уақыптың жылжымайтын мүліктері қалалардың қақ ортасында сауда орталықтарында қоныс тепті. Қалаларға жақын жерлерде егіншілік жерлердің де көлемі үлкен болды. Уақыпқа қойылған егіншілік жерлердің көлемі Мысырда 19-шы ғасырдың басында барлық жердің үштен бірін құрайтын. Қалаларда сауда орындары, баспаналар көп шоғырланды, оған мешіттер, медреселер, ауруханаларды да жатқызуға болады. Тіпті, Каир қаласы «Мың мешіттің қаласы» деген атпен де мәшһүр болды. Мұсылман елдерінде уақыпқа қойылған егіншілік жерлердің де көлемі зор еді. Мысалы, Түркияда ХХ ғасырдың басында республикаға айналмай тұрып барлық жердің үштен бірін уақып етілген жерлер құрады. Сондай-ақ Сирия, Палестина, Ирак, Алжир, Марокко, Сауд Арабиясының Хижаз өлкесінде де солай болған.
Уақыптың мақсаттарына келсек, ислам уақыбы өзінің негізгі қызметтерін белгілеп алды, олар:
– Білім беру, мәдениет, ғылыми зерттеу салаларына ислам уақыптары білім беру орындары ғибадатханалардан бөліне бастаған кезеңдерден бастап-ақ көңіл бөле бастады. Сицилия аралы ислами болып тұрғанда, онда бастауыш мектептердің саны үш жүзге жуық болатын, солардың барлығы да уақыфқа қойылған-ды. Сол мектептердегі білім беру уақыпқа қойылған мүліктерден түскен ақшадан қаржыландырылатын деп Ибн Хауқал жазады. Құдыс, Дамаск, Бағдад, Каир, Нисапурда мектептердің саны жүздеп саналатын. Фас қаласында Қарауин, Каирде әл-Азһар, Бағдатта Низами мен Мустансирия университеттері жүмыс істеді. Уақыптар осы университетте оқитындарға қағаз-қалам, ғылыми кітаптар тарататын, оқытушыларды жалақымен қамтамасыз ететін. Көптеген университеттер студенттерді арнайы жатақханамен қамтамасыз етумен қатар оларға шәкіртақы да тағайындалды. Оған қосымша мыңдаған ғылыми жинақтары бар кітапханалар да ислам уақыбы арқасында салынды. Қайырымдылық жасаушылар жылжымайтын мүлік пен бау-бақшаларын уақып етіп, кітапхананы кітаптарға толтырды, қызметкерлерді жұмысқа тартты. Кітапханалардың маңыздылығы арта түсті, тіпті жылжымалы мүлікті уақып етуге болмайды деген фиқшылардың өздері мусхаф пен кітаптарға басқаша үкім берген. Ғалымдар мен ізденушілердің кітаптарды қолға алуына жеңілдік жасап, кітапханадан кітап алу үшін кепілдік сұрауды жоққа шығарған.
– Осының барлығы да ілім-білімнің кең түрде тарауына әкелді. Қоғамның барлық деңгейіне сауаттылық тарады. Ғалымдар мен билік басындағылардан бөлініп шықты, фиқһ, хадис, дәрігер, философ мұсылман ғалымдар халықтың нағыз серкелеріне айналды. Биліктің қателігін жоюға еш аянбай, өздерінің істері үшін мақтау да күтпеді. Қоғамдық-экономикалық айырмашылықтардың да азаюына әкелді.
– Денсаулық сақтау саласына келсек, ислам уақыптары ауруханалар салды, жиһаздармен толтырды, зертханалар тұрғызды, дәрігерлер мен көмекшілерге жалақы тағайындады. Сондай-ақ, медицина факультеттерін ашып, оқытушылар мен студенттерге қаржылай көмектесті.
– Құлшылық істеуге арналған жерлер де (мешіт, зәуия, мәйітті жуатын жерлер) уақып тарапынан қаржыландырылды.
– Қоғамдық мақсатқа және қоршаған орта мен жануарларды қорғау саласында уақыптың орны ерекше. Омардың Хайбардағы уақыбы кедейлерге, міскіндерге және жолаушыларға арналған еді. Кедейшілікке қарсы күрес пен қоғамдық көмек мәселелері мұқтаж адамдарды киіммен, тамақпен, баспанамен қамтуды көздейді. Фиқһ ғалымдары «егер уақып етуші кісі мақсатын баяндамай кетсе, онда уақып кедейлер мен міскіндерге арналатынын ескерткен». Уақып жесір әйелдерді, бойдақ жігіттерді, кедей қыздарды, емізулі баласы бар әйелдерді, ерлерімен ұрсысқан әйелдерді де ,сол сияқты жол бойында орналасқан қонақ үйлерді, жол жиегіндегі бұлақтарды қамтиды.
Көп ғасырлар бойы ислам уақыптары осындай қызметтер атқарды және қазіргі заманда да осы салаларда қызмет көрсете алады. (www/kantakji.org/figh/files/wakf/w-1.htm.27.04.2004)
4. Қазақ жеріндегі уақыптар.
4. Қазақ жеріндегі уақыптар.
Енді қазақ жерінде уақыптың болғандығын дәлелдейтін құжаттарға қарап отырсақ мына жәйттарға куә боламыз: Ең әуелі бұл «Насаб-нама» тарихы. «Насаб-нама» дегеніміз бұл қазақ жеріндегі ислам миссионерлері – қожалардың шежіресі болумен қатар, уақыптық жерлерінің құжаттары ретінде болғандығын және ұрпақтан-ұрпаққа беріліп отырғандығын білуімізге болады.
Алайда, кезіндегі орыс патшасының отарлау саясаты мен кеңестік атеистік идеология олардың көзін жоғалтуға тырысқанын көруге болады. Оған дәлел ретінде осы еңбектегі мына деректерді айта кетсек болады: «Насаб-нама» нұсқаларының көпшілікке таныс болмауының тағы бір себебі, уақыптық жерлер бекітіліп берілген заңды құжат та еді. Сол себепті де, бұл қолжазбалардың көпшілігі сырт көзден жасырын келді.
Өйткені, бұл «Насаб-намалар» тек шежіре емес, сонымен қатар уақыптық жер-суларға ие екендігін куәландыратын заңды құжат есебінде пайдаланылған. Әрбір саяси өзгерістерден кейін, «Насаб-нама» иелері уақыптық жер-суларын қорғау үшін лауазымды адамдардың мөрлері мен құжаттарын қайтадан куәландырып отырған.
ХІХ ғасырда жер иеліктерін реттеумен айналысқан орыс өкіметі де бұл мәселелермен айналысуға, шын қожалар мен жалған қожалардың ара жігін ажыратып отыруға міндетті болған (Расудова Р.Я. «Термин ходжа в топономии Средней Азии. Онамастика Ср.Азии. Москва, 1978, 115-128 б.).
Біз оны «Насаб-намаларға» соғылған орыс өкіметі жергілікті әкімшілігі мөрлерінен де көре аламыз.
Исхақ-бабтан он бір ата кешкен бұл «Насаб-нама» Маулана Сафи ад-дин Орұң Қойлақыға қалады. Насаб-нама араб тілінде еді. Оны түрік тіліне өзі аударды. Исхақ баб хижраттан жүз жыл өткенде Шам уалаятынан Түркістан уалаятына «исламаша» келген еді.
Ол Қарғалықта үш қабат қорған, Азина мешітін салды. Қарғалық елінде он мың үйлі халық болды. Исхақ баб өзінің артына көптеген жер мен суларды уақып етіп қалдырады. Ол жер-сулар Қаратаудың екі беті, Тараздан бастап, қазіргі Жаңақорған ауданы тұсына дейін созылған жерлер болып есептелген.
Қазіргі Шымкент, Сайрам маңында да көптеген жер-сулар осы Исхақ-баб әулетінен өзге тек Абд-ал-Жалил әулетінен тарайтын Тұрбаттағы Ибраһим Ата ұрпақтары қолында уақыптық жер бар екендігін А.Диваев жазады. (Диваев.А «Предание о ХазрететАта» Туркестанские ведомости, 11 марта/20,1901)
Бірақ, біздің қолдағы «Насаб-наме» нұсқаларының ешқайсысында ондай дерек жоқ. Маулана Сафи ад-дин Орұң-Қойлақының тоғызыншы ұрпағы Хусейн қожа кезінде Исхақ бабтан қалған уақыпты жерлерді кеңейтуге мүмкіндік табады.
Бөкей хан заманында Түркістан маңындағы су көздерін ашып, халықты ашаршылықтан алып қалған үшін, Түркістан айналасының халқы Дарбаза арығынан бір су, Ортақ арығынан бір су, Қарачуқ халқы екі су нияз қылды. Ташанақ халқы бір су, Иқан халқы кіші Дарбаза арығынан екі су, Шаға халқы Шаға арығынан екі су нияз қылады. Хусейн қожа ол суларды ұлдары Ыдырыс шейх пен Нух шейхқа қалдырады. (З.Жандарбек «Насаб-наме», 22 бет, Алматы, 2002 жыл)
Иә, бұл «Насаб-намалар» әлі көп зерттеуді қажет етеді.
Кешегі: «барлық жер шаруаларға» деп ұран салған Кеңестік өкімет, ол жерлердің біреулерде болғанын қаламағаны тұрмақ қаншама мешіттерді қиратып, қожа-молдалардың көзін жоғалтқаны осы – уақыптық жерлерді дауламау үшін де болған шығар.
Уақып жөнінде сөз қозғағанда, Қазақстан жерінің рухани астанасы саналатын Түркістанда Ақсақ Темірдің 1397-1405 жылдары Қожа Ахмет Яссауиға арнап салғызған кесене-мешіті жайлы айтпаса болмайды.
Өйткені тарихи деректерден Ақсақ Темір осы кесене-мешітті уақыф етіп салып, «уақыпнама» қалдырғанын білеміз.
Ол уақыпнама жайлы М.Е.Массонның «Қожа Ахмет Иасауи кесенесі» атты еңбегінен оқып танысуымызға болады.
Онда: «...Оқиғалар қалай өрбісе де, өзгеріссіз бір нәрсе қалады. Ол – Қ.А.Иасауи кесенесін салушы, оның әрі қарай өмір сүруін қарастырып кеткені.
Бізге жеткен ұзақ болып жазылған «уақыпнама» да Яссы қаласының маңынан суармалы жерлер мен арықтардың бөлінгені және одан түсетін табыстардың тек қана қатаң түрде Әмірдің өсиеті бойынша белгіленген жерлерге бөлінуі көрсетілген.
«Бірінші мүтәуәли қызметіне, мирасқа өту құқымен Қожа Ахмет Иасауидің ұрпағы Шейх Мир Али Қожа, бойында осыған сай келетін сипаттарына байланысты тағайындалып, уақып мүлкін басқару құқы берілді.
Оның сыйақасы (еңбегі) болып түскен кірістің 10/1-і белгіленеді.Әмір үшін дұға жасау және басқа имам-хатибтың міндеттерін атқару құқы, мирасқа өту құқымен, Хазрет Али Дәурішке бекітілді. Тағы да кесенеге 2 қари, су тасушы, тазалаушы және уақыптың бағына екі бағбан жұмыс істеуге бекітілді.
Қарилар, зікір етушілер, кедейлерге, мүгедек, жетімдер мен жолаушыларға аптаның дүйсенбі, жұма күндері бұршақтан жасалған нан мен 2 1/2 батман бидай мен 2 батман еттен арнайы «халим» тағамы пісірілді.
Жыл бойына жұмсалатын азық-түлік пен отын-су мөлшері белгіленеді. Жоғарыдағы көрсетілген қызметкерлер мен шығындарға жұмсалатын қаржы берілгеннен кейін артық қалғаны, кесенені жөндеу мен ұстап тұруға жұмсалады.
Уақыпнаманың соңында уақып беруші өзінің әмірінің бұзылмау керектігін көрсетіп: «Ал, кімде-кім осы уақыпнамада көрсетілген белгілі шарттар мен құқықтарды бұзса, Аллаһтың, періштелердің, адамдардың қарғысына ұшырап, Аллаһтың азабына жолықсын!» деп жазады.
Тіпті кешегі Алашорда тарландары да осы уақып жерлер мәселесіне байланысты саяси тартыстарға барғандығын: «1905 жылы Ресей мұсылмандары арасында «Ислам иттифағы» деген атпен діни-саяси қозғалыс құрылғанда, олар елдегі саяси партиялардың ішінен конституциялық демократтармен (кадеттермен) одақтасады. Мұсылман жетекшілерін кадеттердің программасының бір ғана тұсы – жерді жеке меншікке беру ойы қанағаттандырмайды. Олай болса уақып жер қоры болмас еді. Солай болса да олар кадеттермен тактикалық тұрғыдан уақытша ымыраласады. Бұл жағдай олардың оңаша кеңестеріне қатысқан патша охранкасы жансыздары берген мәлімет түрінде архивте тіркеулі», – деп тарихшыларымыз жазады.
Алашорда көсемдерінің бірі М.Дулатұлы шариғат, діни ұстанымы туралы пікір Ә.Бөкейханмен үндес.
Ол осы жөнінде былай жазады: «Қазақ халқына діни бір уағыз» атты бөлімінде әр болыста жамағат қаржысына ұсталатын бір мешіт, земство қаражатымен жұмыс жасайтын бір медресе болсын», – деген.
Мұның сыртында, байлар мешіт-медресе ашамыз деп жатса, тыйым салынбасын», – дейді. (Д.Қамзабекұлы «Алаш және әдебиет», 99 бет, Отырар кітапханасы, Астана, 2002 жыл) Сол замандарда қаншалықты қазақ жерінде мешіт, медресе көп болғанын мысал ретінде өзіміз туып-өскен Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданындағы бір ғана адам Кенжеұлы Құрбан қажының Құйған ауылы тұсынан, әлі күнге дейін қабырғасы тұрған мешіті мен Қамысты ауылы жанындағы «Прамила» елді мекенінде тұрғызған Сұлтанмахмұт Торайғыров келіп сабақ берген, мектеп-медресе болғанын айтуға болар еді.
Яғни, уақып етіп мешіт, медресе салу үрдісі Кеңес өкіметі келгенге дейін жалғасқанын көре аламыз. Уақыптың орны қазақ жерінде басқа елдердегідей орталықтандырылған құрылым сипатында болмаса да, діни басқару орындарымен байланысты болғаны сөзсіз нәрсе.
Оған Қазақстан жері тарихындағы қаншама жәми, забия, мешіттері мен ханакалар, медреселер дәлел болады. Кешегі ХІХ ғасырдағы арғысын айтпағанда, бергісі Оңтүстік Қазақстандағы Бабата медресесі, Сырымбеттегі Айғаным 1834 жылы салдырған медресе, Бөкей ордасында 1841 жылы Жәңгір хан әмірімен бой көтерген Орда медресесі.
Бабата медресесі сәулеті жағынан Өзбекстандағы Бұхара мен Самарқан, Ташкент, Оңтүстік Қазақстандағы Шаян діни оқу орындарының ерекшеліктерін қайталайды. Мұнда талабалар дәріс алатын отыздан астам хужыралар болған. 1920 жылдарға дейін қызмет еткен осы Бабата медресесіне М.Әуезов те бір-екі рет келіп кеткен көрінеді. ХІХ ғасырдың екінші жартысында медреселер көбейді. Түркістан түбіндегі бір ғана Қарнақ шаһарының өзінде 4 медресе жұмыс істеді. Онда қазақтың Шәдітөре Жәңгіров секілді біраз майталмандары дәріс алды. Әсіресе, қазіргі Батыс Қазақстан облысының орталығы Орал қаласындағы Мутыгия (мұнда татардың талантты ақыны Ғабдолла Тоқай оқыған) және Бузуов медресесі, Семейдегі Ахмет Риза медреселері өз кезіндегі белгілі білім ордалары еді.
Соңғы оқу ордасында ақын, хаким Абай 3 жыл оқып, мұсылман шығысы тілдерінен тағылым алып, шығыс классиктерінің шығармаларымен танысады.
Қазақстанның сыртында бабаларымыз арғысы Бабыр ұрпағы Үндістанда дүниенің жеті кереметінің бірі Тәж-Махал салып кетсе, Бейбарыс бабамыз Мысыр елінде салған мешіті және ислам жұртына ардақты үш мешіт: Меккедегі Месжидул Харамды, Мадинадағы пайғамбар мешітін, Құддыс қаласындағы Әл-Ақса мешіті жөндеуден өткізіп кеңейткені белгілі.
Ал, бергісі Құнанбай қажының Меккедегі уақып етіп салып кеткен тәкиесі – халқымыз үшін ардақты мекен болып саналар еді. Сондықтан да Елбасымыз Сауд королімен алғаш рет жолыққандағы өтініштерінің бірі – осы Меккедегі Құнанбай тәкеиесі жөніндегі болғаны мәлім.
Қазіргі таңда қажыларымыз Қасиетті екі қалаға барған сайын әртүрлі мұсылман ұлттарының уақып етіп қалдырып кеткен қонақ үйлерін, тәкиелерін көріп, әттең десіп, «Қағбаны қадірле, Қағбаны қадірлегендей, туған жеріңді қадірле» дегендей, исі қазақ мұсылманның бір тоқтап түсетін мекені болса екені деп армандайды.Тек ғана сол бабамыз салып кеткен уақыпты анықтайтын құжаттардың «байтал түгіл бас қайғы» дейтін заманда, Құнанбайқажы ұрпақтарын қудалағанда жоғалып кеткені белгілі ғой. Әйтпегенде, кеңес үкіметі атынан Сауд Арабиясында ең алғашқы елші болып жұмыс істеген Нәзір Төреқұловты Кеңес өкіметі шақырып алып, атып тастағанын естігенде: «Өз елшісін атып тастаған елмен қалай байланысамыз?», – деп жетпіс жыл байланыспай қойған мұсылман елі Қазақстаннан несін аясын.
Тәуелсіздігімізге дейін уақыптардың соңғысы болып, жетпіс жыл атеистік кезеңде қазақ жерінде осыншама ұлан байтақ елге бар жоғы жиырма бес мешіттің жұмыс істегенін білеміз. Оның өзі де сол кездегі солақай саясаттың кесірінен Өзбекстандағы діни басқармаға бағынып тұрды.
5. Уақыпқа қорытынды жасасақ.
5. Уақыпқа қорытынды жасасақ.
Уақыптың тарихынан осы нәрселерді оқып отырып, анализ жасасақ, кешегі: «барлық жер шаруаларға» деп ұран салған Кеңестік өкімет, қазақ жерінде бабаларымыз уақып етілген жерлерін растайтын патша өкіметі мөрлері басылған құжаттары болған қожа-молдалардың көзін жоюы тек дін ғана емес, осы уақыптық жерлерді даулайтын «адам жоқ, проблема жоқ» деген құйтырқы саясаты екенін растайды.
Осы орайда болашақта уақып мәселесін қозғамас бұрын біріншіден «бұрыңғының кебін кимес үшін» қателікке ұрынбай, тәуелсіз еліміздің құқына сәйкес ҚМДБ мен дін комитеті бірлесе отырып, мемлекеттің заң шығаратын органдарға ұсыныс жасап, уақыптың заңды статусын, құқын анықтап алуымыз қажет.
Екіншіден уақыпты жан-жақты зерттеп, мұсылман елдеріндегі уақып құрылымдарымен тығыз байланыс орнатып, уақыптың ережесін, жоспарын, басқару жолын ұйымдастыруымыз керек.
Кеше ғана Елбасымыз өз сөзінде: «Қоғам бүгінде бизнеспен айналысатын,ақшасы бар адамдардың назарын жетімдерге көмек көрсетуге аудару керек. Жетімдерге жақсылық жасау адамға да, Құдайға да жағатын дүние ғой. Қалталы болғаннан кейін, мемлекет саясатының арқасында ақша таптың, енді оның біразын осындай жандарға бермесең, кімге бересің. Еліңді сүйетін болсаң, еліңмен бірге көркейетін болсаң, солай жасау керек», – деді.
Қоғамымыз үшін дәл уақытында айтылған ұсыныс. Біз сөз қозғап отырған уақып ісі де тура осыған үндейтіні анық.
Осы орайда «тәуекел түбі-жел қайық» дегендей қазіргі таңда осы уақып ісі –уақыт талабына сай шешімін табу өзекті мәселе болып тұр.
Қабдолда Қуат
Нұр-Мүбарак ислам университетінің магистрі,
исламтанушы.
Нұр-Мүбарак ислам университетінің магистрі,
исламтанушы.