Адам көбіне қолында бар игіліктің қадірін оны жоғалтқан кезде ғана түсінеді. Саулықтың, уақыттың, еркіндіктің, табыс табуға деген күш-қуаттың бағасы – бәрі де сын сәтінде айқындалады. Ал Ислам діні бізді жақсылықты дәл сол мүмкіндік бар кезде жасауға үндейді. Жақсылықты кейінге қалдыру – нәпсінің айласы, ал игілікті іске асықтыру – иманның белгісі. Сол себепті дана халқымыз «Садақаны саулығыңда бер» деп бекер айтпаған.
Көп адамдар жақсылықты «кейінге» қалдырып үйренген. «Зейнетке шыққанда», «байығанда», «жағдайым түзелгенде», «жинағаным көбейгенде» деп өз-өзін жұбатады. Алайда өмірдің қалай өзгеретінін ешкім білмейді. Бүгін бар мүмкіндік ертең болмауы мүмкін. Денсаулық әлсіреуі мүмкін, табыс азаюы мүмкін, жағдай қиындауы мүмкін. Сондықтан шынайы садақа – адамның дені сау, еңбек етуге шамасы бар, дүние-мүлікке құмарлығы басылмаған, кедейліктен қауіптеніп, байлықтан үміттеніп тұрған шағында берген садақасы. Пайғамбарымыз ﷺ ең абзал садақа туралы сұралғанда дәл осы мағынаны түсіндірген. Мұның астарында терең тәрбие жатыр. Адам нәпсісін жеңген кезде ғана шынайы сауапқа жетеді. Өйткені нәпсі «жина», «сақта», «кейін берерсің» деп сыбырлайды. Ал иман «бөліс», «бер», «Аллаға тәуекел ет» деп шақырады.
Садақа тек қаржылай көмекпен шектелмейді. Көпшілік садақаны ақша берумен ғана өлшейді. Бірақ шын мәнінде садақаның ауқымы кең. Мұқтаж отбасының азығын көтеріп апару, жетім баланың басынан сипау, науқастың еміне себепкер болу, мешіт пен медресеге үлес қосу, білімге қолдау көрсету, ауыз су тарату, ағаш егу, жол салуға атсалысу – мұның бәрі садақа. Тіпті жылы сөз айту, біреуге күлімдеу, көңілі түскен жанды жұбату да – садақа. Демек, әр адам өзінің шамасына қарай жақсылық жасай алады. Маңыздысы – ниет пен ықылас. Аз берсең де шын жүректен берілсе, оның салмағы ауыр.
Садақаның берекесі жайлы Қасиетті Құранда сауаптың еселеніп қайтатыны баяндалған. Алла жолында жұмсалған дүние жоғалмайды, керісінше берекеге айналады. Көптеген адамдар садақа бергеннен кейін өмірінде күтпеген жеңілдіктер мен жақсылықтардың көбейгенін айтады. Кейде адам беріп тұрған кезде «азайып қалмай ма?» деп алаңдайды. Бірақ уақыт өте келе Алланың берген қайтарымы сан түрлі жолмен келетініне көз жеткізеді. Садақа бәле-жаланы қайтарады, ризықты арттырады, жүректі жұмсартады. Сараңдық жүректі қатырады, ал жомарттық жүректі тірілтеді. Садақа – тек материалдық көмек емес, рухани тазару.
Қоғамдық тұрғыдан алғанда да садақаның орны ерекше. Бүгінде көмекке мұқтаж жандар аз емес. Бір отбасының бір айлық азығы, бір баланың киімі, бір науқастың емі – кейде бір адамның ғана көмегіне байланысты болуы мүмкін. Бір адамның бергені – бір үйдің қуанышына айналады. Жақсылық осылайша көбейеді. Бір жүректен шыққан мейірім екінші жүрекке жетеді. Қоғамдағы жанашырлық пен бауырмалдық осындай істер арқылы нығаяды.
Сондықтан жақсылықты дәл қазір бастайық. Нәпсіні жеңіп, жүректі жұмсартып, қоғамға мейірім сыйлайық. Алла Тағала жасаған садақаларымызды қабыл етіп, берекесін арттырып, оны өзімізге де, ұрпағымызға да игілік етіп жазғай.
Нұрбол ОРАЗБАЙ
«Уақып» қорының Астана қаласы бойынша жауапты маманы
