ҚМДБ «Уақып» корпоративтік қайырымдылық қорының басқарма төрағасы Ардақ Оразбай Павлодар облысына іс-сапары барысында «Qamqor-Sharapat» салттық қызмет көрсету орталығының жұмысымен танысты.
Алдымен Павлодар қаласының іргесіндегі Ленинск кенті аумағынан мұсылмандар зиратына арнап бөлінген 6-8 гектар жерде болып, сонда жасалатын мұсылман зираттарының эскизі, жобасын көріп шықты. Көп ұзамай бұл жер арнайы қоршаумен қоршалып, жолдар салынады. Осы арқылы бұл жерге Діни басқарма бекіткен үлгіде жерлеу рәсімі жүзеге аса бастайды.
Бұдан кейін Ардақ Нүсіпханұлы орталық «Мәшһүр Жүсіп» және қалалық «Ақмешіт» мешіттері жанындағы мәйітті жуындыру, кебіндеу орнының және марқұмды ақтық сапарға шығарып салуға қажетті құрал-жабдықтар мен кебін сататын орынмен танысып, жұмысты жандандыруды тапсырды. Дін қызметкерлеріне тиісті нұсқаулар және ақыл-кеңестер беріп өтті.