Уақып – қайырымдылықтың қайнар бұлағы
Алла тағала Құран Кәрімде: «Қайырлы істерде жарысыңдар!» – деп әмір етеді. (Мәида, 48). Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Адам баласы дүниеден өткенде үш нәрседен басқа амалы үзіледі: садақа жәрия, пайдалы ілім және артынан дұға қылатын салиқалы ұрпақ» – деген. Міне, осы хадисте айтылған «садақа жәрияның» ең үлкен көрінісі – уақып.
Уақып дегеніміз не?
Уақып – мұсылман қоғамындағы қайырымдылықтың жүйеленген түрі. Ол белгілі бір мүлікті, жерді, ғимаратты немесе қаржыны халықтың игілігіне арнап, Алланың разылығы үшін тұрақты қайырлы іске бағыттау. Яғни уақып – мұсылманның бұл дүниеден өткеннен кейін де сауап қоржынын тоқтатпайтын амал.
Уақыптың тарихы
Ислам тарихында уақып институты ерекше рөл атқарған. Мәдинеде Пайғамбарымыздың (с.а.с.) өзі алғаш рет жерін уақыпқа беріп, оны мұқтаждарға арнағаны белгілі. Одан кейін сахабалар мен мұсылман билеушілері мешіттер, медреселер, ауруханалар, көпірлер, жолдар салып, халық игілігіне қызмет еткен. Осы арқылы уақып мұсылман өркениетінің өркендеуіне, ғылым мен мәдениеттің дамуына ықпал еткен.
Бүгінгі күндегі уақып
Қазіргі таңда елімізде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бастамасымен «Уақып» қайырымдылық қоры жұмыс істеуде. Бұл қордың негізгі мақсаты – ата-бабамыздың асыл дәстүрін жаңғырту, мұқтаж жандарға көмек көрсету, жастардың білім алуына қолдау білдіру және мешіттер мен медреселердің қызметін дамыту.
«Уақып» қорының аясында:
- әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға жәрдем беріледі;
- жетім балаларға қамқорлық жасалады;
- оқу-білімге ынталы жастарға шәкіртақылар бөлінеді;
- қайырымдылық жобалары жүзеге асырылады.
Бұл – халқымыздың рухани өміріндегі үлкен серпіліс.
Біз уақыпқа үлес қосу арқылы өзімізге де, қоғамға да пайда әкелеміз. Әрбір берілген тиын, әрбір қолдаудың артында үлкен сауап бар. Бұл – Алланың үйін көркейтуге, мұқтажды қолдауға, жастардың болашағын жарқын етуге бағытталған ізгі амал.
Алла тағала баршамыздың қайырлы істерімізді қабыл етіп, бергеніміздің есесін еселеп қайтарғай!
Тольтаев Ербол Мұқанұлы
Қарағанды қалалық «Хазрет Али» мешітінің имамы

