Ислам тарихында адамзат өркениетінің рухани және әлеуметтік дамуына ерекше үлес қосқан жүйелердің бірі – уақып институты. Бұл жүйе ғасырлар бойы тек мешіт пен медресе емес, халықтың барлық әлеуметтік қажеттіліктерін өтеуде үлкен рөл атқарған.
Уақып – Алла разылығы үшін белгілі бір мүлікті (жер, үй, ақша, құрал-жабдық) мешітке, медресеге, мұқтаждарға немесе қоғамдық игілікке арнау. Бұл – садақаның тұрақты түрі, сауаптың сарқылмас бұлағы.
Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:
«Адам баласы өлген соң, амал дәптері жабылады. Тек үшеуінен басқа:
- – Садақа жәрия (яғни уақып);
- – Пайдалы ілім;
- – Артында дұға жасайтын салихалы ұрпақ»— деген. Міне, уақыптың діндегі орны осы хадистен-ақ анық көрінеді.
Уақыптың қоғамға пайдасы
- Ғасырлар бойы мешіттер, медреселер, кітапханалар, садақа үйлері, ауруханалар, құдықтар – барлығы уақып арқылы салынған;
- Мұқтаж жандарға азық-түлік, киім-кешек, дәрі-дәрмек, білім алу мүмкіндігі уақып арқылы келген;
- Ғалымдар мен оқымыстыларға стипендия да уақып есебінен берілген.
Бүгінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Уақып қоры – осы мұраны қайта жаңғыртып, халықтың рухани сұранысын өтеуде белсенді қызмет атқаруда. Түркістан облысында да көптеген игі бастамалар іске асырылуда.
Уақып – тұрақты сауап. Уақып – мұсылманның артында қалатын тірі мұрасы. Жер бетінде уақыптан пайда көрген әрбір жанның дұғасы, әр мешітте оқылған әрбір Құран – уақып иесінің сауабына жазылады.
Сондықтан әрбір дәулеті бар мұсылман, қолындағы мүмкіндігін ескеріп, шама-шарқынша уақыпқа үлес қосуға ұмтылғаны жөн.
Уақып – бұл дүниеде де, ақыретте де пайдасы тоқтамайтын сарқылмас қазына.
Алла разылығы үшін жасалған әрбір уақып – қоғамның кемелденуіне, мұқтаждың көңілінің толуына, діннің нығаюына үлес. Уақыпқа үлес қосу – жүректегі иманның белгісі. Бүгін еккеніңіз – ертең шын жеміс береді. Уақып арқылы сауаптың көкжиегіне қадам басайық!
Полатов Еркін Тұрғынұлы,
ҚМДБ Уақып қоры басқармасының
Түркістан облысы бойынша өкілі