Сөздікте уақып «ұстау» деген мағынаны білдіреді. Ал шариғатымыздағы мәні – белгілі бір мүлікті (жарамсыз болып қалғанға дейін) үздіксіз қайырымдылық жолында пайдалану. Мысалы, үзілмейтін садақа жасауды ниет еткен адам жылжымайтын мүлікті Алла жолында уақып етсе, оның игілігін мұқтаж жандар ұдайы көреді. Алла Тағала «Жақсы көрген нәрселеріңді (дүние-мүлік, күш-қуат, ақыл, білім, т.б.) Алла жолында жұмсамайынша, шынайы түрде жақсылыққа қол жеткізе алмайсыңдар» («Әли-Ғимран» сүресі, 92-аят) деген аят түскен кезде Әбу Талһа (оған Алла разы болсын) Алла елшісіне барып: «Уа, Расулалла! Алла Тағала: «Жақсы көрген нәрселеріңді Алла жолында жұмсамайынша, шынайы түрде жақсылыққа қол жеткізе алмайсыңдар» деді.
Мендегі бар дүние-мүліктердің ішінен Бәйруһа бағын өте жақсы көретін едім. Енді оны Алла жолында жұмсағым келеді. Иншалла, Алла Тағала бәлкім менің бұл садақамды қабыл етер» дейді. Осындай мысалдарды ата-бабалар тарихынанда көруге болады. Ол туралы Мәшһүр Жүсіп атамыз, Меккеге үшінші рет барған қажылар әуелі қазақтың маскүбін (мәзһабын) анықтатып, одан кейін орталарынан расход шығарып, болашақта қажыға келген қазақтар тұрақтайтын «Қазақ тақиясы» атты қонақүй салдырып, оны Құнанбай қажының атына жаздырған. Кейін қонақүйді орманшы Хасен шайқы даулап алған, одан кейін тоқал арғын Ешмұхамед даулаған, бұл күнде тақия Досжан халфенің атында екен, дейді. Мәшһүр Жүсіптің: «осыны жазып отырған мен 70 жастамын» дегеніне қарағанда, тақияның Досжан халфе атына жазылуы 1928 жылы іске асқаны.
Тараз қалалық орталық "Әулие Ата " мешітінің
Бас имамы: Аманбаев Ержан