Садақа – қайырымдылық істердің негізгі бастауы. Бұл жақсылықты жасай отырып, біз Алладан еселенген сауаптар аламыз. Пайғамбарымыз (с.а.у): «Садақа – мал дүниені кемітпейді», – деген [Муслим, 13:556 ]. Алла разылығы үшін жасалған әрбір іс пен берілген затқа – садақа дейміз. Берілетін садақаның үлкен-кішісі болмайды. Садақа ретінде не берілседе ықыласпен Алла разылығы үшін берілуі қажет. «Оң қолың бергенді сол қолың көрмесін» хадисіне сәйкес берілген садақа мен жасалған жақсылықты жасырын жасау ең абзал амалдың бірі.
Садақа адал еңбек, маңдай термен тапқан табыстан болуы шарт. Садақаны жария да, жасырын да беруге рұқсат етілген. Алайда жария садақа бергенде рия үшін немесе біреуге көрсетіп, мақтанудан сақтану керек. Садақаны жария бергенде ниеті өзгені сол жақсылыққа қызықтыру болу қажет. Бақара сүресінің 271-аятында: «Қайыр садақаны жария түрде бергендерің қандай жақсы! Ал егер ешкімге көрсетпей, жоқ-жітікке жасырын түрде берсеңдер, әрине, бұл өздерің үшін әлдеқайда қайырлы болмақ» делінген. Аяттың жалғасында Алла Тағала садақа арқылы адам баласының күнәсі кешірілетінін айтады. Тура жолдың имамы атанған Әбу Мансур әл-Матуриди өзінің «Тәуиләт әл-Құран» тәпсірінде Алла Тағала парыз еткен зекетте рия жоқ. Сондықтан да оны жасырын да, жария да беруге болады. Ал, садақа – парыз емес, жақсы амал болғандықтан рия болуы мүмкін. Сол үшін де жасырып берген дұрыс болады [Тәуиләт әл-Құран, 2: 264]. Абдулла ибн Аббастан жеткен хадисте: «Жария садақадан жасырып берген садақа жетпіс есе артық. Жасырып берген зекеттен жария етіп берген зекет жиырма бес есе артық» делінген. Басқа хадисте: «Садақа – Алланың ашуын қайтарады» деп келген.
Ең маңызды садақа – өзің мұқтаж бола тұра өзіңнен де мұқтаж кісіге берген садақа. Мал-дүниені жақсы көріп, дені сау болып тұрып берген садақаның сауабы орасан зор. Кейде адам баласы садақаны атап айтқанда жаны қиналғанда, қандай да бір апат не қайғы-қасыретке тап болғанда, баласы ауырса немесе емтиханның алдында беруді дұрыс көреді, алайда, бұл тек жаны қиналған адамның беретін қайырымдылығы емес. Жағдайымыз жақсы кезде де Алланы жиі еске алсақ, қиналғанда да Алла бізді соғұрлым тезірек есіне алып, жәрдемін береді.
Садақа – адам баласының қатайған жүрегін жібітіп, жан-дүниесін тазалатайтын құлшылық. Тәубә сүресінің 103-аятында: «Олардың дүние мүлкінен зекет, садақа ал да, сол арқылы оларды тазартып, күнәларынан арылт әрі сауаптары мен ықыластарының арта түсуіне дәнекер бол» делінген.
Садақаны тек материалдық көмекпен шектеу дұрыс емес. Садақаның сауабына кенелудің жолы өте көп. Қаржылай немесе заттай берілетін күнделікті тұрмыс-тіршілікке қажетті көмектен басқа садақалар да болады. Пайғамбарымыздың (с.а.у) айтуынша Алла Тағаланы ұлықтап, мақтау, жақсылыққа шақырып, жамандықтап тыю да садақа. Ақсақалдың садақасы жастарға дұрыс жол сілтеуі, ақ батасын беруі, ғалымның білім беруі де садақа. Туысқандық қарым-қатынасты үзбеу, мешітке басқан әр қадамыңыз бәрі-бәрі садақа. Қарап отырсақ садақаның түрі өте көп әрі оңай жасалады. Белгілі бір уақытты, күшті талап етпейді. Мұсылман бауырыңызбен жолыққанда оған күлімсіреп қарауды осы сөзіме мысал ретінде айтқым келеді.
Аталмыш садақалардан басқа қайырымдылықтар, бүкілхалықтық игілік үшін жұмсалатын мал-дүниелер нәпіл садақаға жатады.
Нәпіл садақа беру де – сауабы мол Алла Тағалаға ұнамды амал. Үздіксіз садақа беру күнәлардың кешірілуіне, бәле-жала және түрлі апаттардан аман қалуға, өміріңіздің ұзаруына себеп болады. Кедейлік және мұқтаждық себепті садақа сұрап жүрген адамға қатты тиетін сөздер айтуға болмайды. Аз болса да, бір нәрсе беру немесе ештеңе бермесеңізде жылы сөзбен жауап қайтару керек. Тамағы, не ақшасы біраз күнге жететін адамға садақа сұрау – харам. Бірақ ондай адамның киім-кешек секілді өзіне зәру нәрсе сұрауы – айып емес. Мұқтажсыз адамға садақа беріп, оны қайыршылыққа үйрету – мәкруһ.
Қорынтындылай келсек әрине мұсылман адам садақа бергенде оның мал мүлкінен еш нәрсе де кемімейтінін түсінуі керек. Берген садақаның қарымына бір нәрсе үміт етіпей, тек бір Алланың разылығын ойлап, шын ықыласымен берсе, Алла Тағала ол адам үшін осы және басқа да жақсылықтардың ең жақсысын қайтаратындығы сөзсіз. Сондықтан, ниетіміз шынайы болып, еліміздегі аш-жалаңаш жүрген бір мұқтаждың болса да жыртығына жамау, көңіліне қуаныш ұялата алсақ одан асқан бақыт жоқ деп есептеймін. Садақаларыңыз қабыл болып, жемісін екі дүниеде жеуді Алла Тағала нәсіп етсін!
Әбілда Жанбота Майлыбайұлы
Ұлытау облысы, Жаңаарқа ауданы,
Ғ.Тілеухан мешітінің ұстазы
Ұлытау облысы, Жаңаарқа ауданы,
Ғ.Тілеухан мешітінің ұстазы