Уақып - сауабы үзілмейтін ізгі амал
Аса рақымды да мейірімді Алланың атымен бастаймын! Барлық мадақ Жаратушыға тән, Пайғамбарымызға салауаттар мен сәлемдер болсын!
Адамзаттың өмір сүру дағдысы, дүниетанымы күн сайын өзгеріп келеді. Дегенмен «әр нәрсе түп негізіне оралады» деген даналық сөздің мәні ешқашан жоғалған емес. Соның бір айғағы - Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) заманынан бастау алып, ата-бабамыздан жалғасып келе жатқан уақып дәстүрінің бүгінгі күні қайта жаңғырып, қоғамда орнығуы.
«Уақып» сөзі тілдік тұрғыдан «тоқтату, ұстап қалу» дегенді білдіреді. Шариғаттағы мағынасы - белгілі бір мүлікті (пайдалану жарамсыз болғанға дейін) қайырымдылық жолында тұрақты түрде қолдану. Мысалы, бір мұсылман жылжымайтын мүлкін уақып қылып, оны мұқтаж жандардың игілігіне арнаса, ол - үзілмейтін садақа болып есептеледі.
Қазақстанда да уақып ісі кең өріс алып келеді. Оның негізгі бағыттары - діни уақып (мешіт, медресе, оқу орындары мен қайырымдылық мекемелері) және әлеуметтік уақып (жылжымайтын мүлік пен қаржы көздерін игі істерге жұмсау). Сондай-ақ арнайы немесе ұрпаққа арналған уақып түрі бар. Мұндай уақыптың үлгісі - табыстың бір бөлігін отбасына, ал қалғанын қайырымдылыққа арнау. Бұл амал ұрпақ тәрбиесіне де, қоғам игілігіне де қызмет етеді.
Ислам тарихында да уақыптың көптеген үлгілері бар. Мәдиналық сахаба Әбу Талһа (оған Алла разы болсын) өзінің ең сүйікті «Бәйруһа» атты құрма бағын Алла жолында садақаға берген. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бұл қадамын құптап, жақындарына таратуын кеңес еткен. Сол сияқты Омар ибн Хаттаб (оған Алла разы болсын) Хайбар жерін уақыпқа айналдырса, Осман ибн Аффан (оған Алла разы болсын) Мәдинадағы құдықты сатып алып, халық игілігіне арнаған.
Қазақ даласында да уақып дәстүрі болған. Мысалы, Құнанбай қажы Қарқаралыда мешіт салып, қасиетті Меккеде уақып үй тұрғызған. Ал Бауыржан Момышұлы соғыстан қаза тапқан жауынгердің анасын баспанамен қамтамасыз ету үшін өз үйін уақып етіп берген. Бұл өнегелер кейінгі ұрпаққа үлгі болып қалды.
Тәуелсіздік жылдары да елімізде уақып ісі жанданып келеді. Қайырымды азаматтардың қолдауымен көптеген мешіттер, медреселер, оқу орындары мен қайырымдылық мекемелері салынды. Бүгінде 14 қайырымдылық мекемесі жұмыс істеп, жас өрендерге діни және зайырлы білім беруде. Мұнда балаларға ұлттық құндылықтар үйретіліп, патриоттық тәрбие беріледі, ғылыми жобаларға қатысуға мүмкіндік жасалады.
Уақып - бұл тек өткеннің емес, бүгінгі күннің де аса қажет институты. Өйткені ол - халықтың игілігіне қызмет ететін, сауабы үзілмейтін садақа. Әрбір мұсылманның осындай ізгі істерге үлес қосуы – елдің рухани дамуына қосқан үлесі болып саналады.
Қарқаралы аудандық
«Құнанбай қажы» мешітінің имамы Митератбек Орынбекұлы

