«Садақа» араб тілінен аударғанда қайырымдылық, ал «жария» үздіксіз дегенді білдіреді. Осылайша, садақа үздіксіз берілетін сауапты іс. Бұл басқа садақалардан басты айырмашылығы, аты айтып тұрғандай, оның үздіксіздігінде, яғни садақаның нәтижесі адамдарға пайда әкелгенше, адам жасаған игілігі үшін сыйақы алады. Тіпті адам дүниеден өткен күннің өзінде, садақаның сауабы еш үзілмейді.
Бұл жайында Имам Мүслимнің сахих хадистер жинағында сахаба Әбу Һұрайра (р.а.) риуаят еткен Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисінде былай делінген: «Адам баласы дүние салғаннан соң оның амалы тоқтайды. Тек мына үш амалдың сауабы иесіне үздіксіз жетіп тұрады. Олар: Садақа жария, пайдалы ғылым, артынан дұға қылатын салихалы перзент».
Жария садақаның басты артықшылығы - оны бір рет жасау арқылы сіз үздіксіз сауапқа кеңелесіз. Басқа адамдар сіздің садақаңыздың өнімін пайдаланғанша, ол тоқтамайды. Сонымен қатар, садақа жария, садақаның басқа түрлері сияқты, тозақтың отынан қорғайды, күнәларды жояды, Алла тағаланың разылығына және ризықтың артуына әкеледі.
Садақа жарияның түрлері туралы айтсақ, ол жария жасалып, сол сауап артынан үздіксіз басқаларға пайдасын тигізеді. Мысалы, ағаш отырғызу осы садақаның түріне жатады. Кішкентай ғана көшет ертеңгі күні жайқалып өсіп, жеміс беріп қана қаймайды, өзінің көлеңкесімен адамдарға пана болады.
Ал, Алланың разылығы үшін мешіт пен медресе салу немесе сол құрылыстың бір бөлігін қаржыландырса, бұл да жария садақаның бір жолы саналады. Ең бастысы, бұл Аллаға ұнамды іс қой.
Сонымен бірге, білім алушыларға қолғабыс жасау. Олардың оқу ақысын төлеу де шариғатта жағымды істердің қатарына жатады. Бір жағынан садақаны көп адам жасырын беруге тырысады. Тіпті, жолда келе жатып, адамдарға кедергі болар тасты алып тастасаң да, ол садақаның бір түрі. Құдық қазсаң, оның пайдасы қарапайым адамдарға тиеді. Сондықтан жария садақа жасау ізгіліктің белгісі. Бұған әр адам талпынуы керек. Өзіңе емес, өзгеге пайдаң тисе, бұл да жақсылықтың нышаны дер едік.
Алмат Жүнісов,
Көкшетау қалалық
«Жақия қажы» мешітінің бас имамы