Иман деген Алла тағаланың барлығына, бірлігіне, одан басқа Алла жоқтығына, Мухаммед ғаләйһис-сәләмнің пайғамбарлығына, Құран сөзінің бәрі шындығына анық ықыласпен нанбақ.
Иман айтқанда «ла илаһа иллал-лаһу уа Мұхаммаду расулуллаһи» — дейміз. Оның мағынасы: «Бір Құдайдан басқа Құдай жоқ және Мухаммед ғаләйһнс-сәләм Алла тағаланың бізге тура жолды көрсетуге жіберген басшысы», деген болады.
Мұның мағынасын білмей, құры айтқанменен иман болмайды және анық, шын наным айтпай, құры тілімен ғана айтылса, о да иман емес.
Аятта: «уа мина-н-наси ман йақулу әмәнна бил-лаһи уа бил-йаумил-ахири уа ма хум би муғминина» — деген. Мағынасы: кейбір адам Аллаға һәм акирет болатуғынына иман келтірдім десе де, ішкі ықыласы нанбай тұрған соң, ол мұсылман емес, — деген.
Әлбетте, әрқашан шын ықыласпен нанып, иман айтып жүру керек егер де иман дұрыс болмаса, қанша құлшылық ғибадат қылынса да, ол қабыл болмайды. «Иман шарт» деген кішкене кітапта иман һәм тәубе туралы сөздің бәрін анықтап айтқан. Соның ішінде иманның жеті рәкіні бар:
«Аманту бил-лаһи-уа малағикатиһи уа құтубиһи уа расулиһи уал-йаумил-аһири уал-қадари хайриһи уа шарриһи мин Аллаһи тағала уал-бағси бағдал-маути» — бұлардың мағынасы: әуелі Алла тағаланың барлығына, бірлігіне нандым, періштелердің барлығына нандым, пайғамбарларына жіберген кітаптарының баршасына нандым, барша пайғамбарларына нандым, ақирет күні болмағына нандым, барша жақсылық, жамандық істер Алла тағаланың тағдырынсыз болмайтұғынына нандым Кәм өлген соң тіріліп сұрау беретұғынымызға нандым.
Уа достар! Осы иманды әрқашан айтып, салақ болмай жүру керек. Құранда неше жерде бейіш тақуалар үшін деген. Тақуа деп сақтанғандарды айтады. Адам әр уақыт Алла тағаланың ғазабынан қорқынышта, рахыметінен үмітті болып, қауіп пенен үміттің ортасында болу керек.
Аятта: «уадғуһу хауфан уа тамған» — деген. Мағынасы: тілек дұға қылыңыздар, қауіп пенен үміттің арасында болып деген.