Шариғат бойынша тірі адам марқұм болған ата-анасы, бауыры, ағайын-туысы және өзге де мұсылман бауырына дұға етуіне, рухына Құран бағыштауына, истиғфар тілеуіне, садақа беруіне болады. Осы амалдардың сауабы марқұмға жетеді. Дұға етуге қатысты аятта былай деп айтылады:
«Олардан (мүһәжірлер мен ансарлардан) кейін келгендер (мүміндер): «Раббымыз! Бізге және бізден бұрын иман келтірген бауырымызға кешірім бер! Әрі біздің жүректерімізге мүміндерге қарсы зәредей жеккөрушілік жасама! Раббымыз! Расында Сен Мейірбансың һәм Ерекше Мейірімдісің», - дейді [1].
Ал хадистерде былай деп айтылады:
Алланың Елшісі (с.а.с.): «Уа, Алла! Тірілеріміздің күнәсін кешір, өлілерімізді рахымыңа бөле!» - деп дұға еткен [2].
Осман ибн Аффаннан (р.а.) жеткен риуаят бойынша Пайғамбар (с.а.у) өлген кісіні жерлеген соң, қабірдің қасында тұрып: «Бауырларың үшін Алладан истиғфар тілеңдер, әрі оның берік болуын сұраңдар. Расында, ол қазір сұралып жатыр», - деген [3].
Мұсылманның діни танымы саласындағы мәшһүр еңбектердің бірі «Тахауи ақидасы» кітабында быйлай делінген:
«Тірілердің дұға – тілектері мен садақалары өлгендерге пайда береді».
«Тірілердің дұға – тілектері мен садақалары өлгендерге пайда береді».
Тірілер Құдай Тағаладан өлілерге кешірім тілеп дұға ететін болса, марқұмдарға оның пайдасы тиеді. Сонымен қатар үш нәрсенің сауабы жететін болады:
Әбу Һурайрадан (р.а.) риуаят етілген хадисте Алланың Елшісі (с.а.с.): «Адам өлгенде оның үш нәрсесінен: тоқтаусыз садақасынан, пайда келтіретін білімінен, артынан дұға қылатын игі жақсы баласынан басқа барлық іс – амалы тоқтайды», - деген [4].
Берілген садақаның сауабы тиетіні жайында Абдулла ибн Аббас (р.а.) мына хадисті риуаят етеді: «Елден жырақта жүргенінде Сағид ибн Убаданның анасы қайтыс болды. Сонда ол Пайғамбардың (с.а.с.) алдына келіп: «Уа, Алланың Елшісі! Мен сыртта жүргенде анам қайтыс болыпты. Енді оның атынан садақа берсем оған сауабы тие ме?» - деп сұрады. Пайғамбар (с.а.с.) «Иә», - деді. Сонда Сағид (р.а.): «Олай болса, сізді куә етемін, анамның атынан бау-бақшамды Алла жолында садақаға беремін», - деді» [5].
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
- «Хашир» сүресі, 10 – аят.
- Имам Ахмет риуаяты.
- Әбу Дәуіт риуаяты.
- Мүслим риуаяты.
- Бұхари жеткізген.