Имам жаназада тәкбірді төрттен аз немесе көп айтып қойса
Әбу Ханифа (р.а) мәзһабы ғұламалары егер имам шатасып, тәкбірді төрттен артық айтып қойса, (имамға ұйыптұрушылар) оған ілеспей, сәлем бергенше күтеді. Кейін бірге сәлем береді. Сол кезде жаназа дұрыс болады. Егер біле тұра төрт тәкбірден аз айтылса, намаз бұзылады. Ал жаңылып кем айтып қойса, намаздың бір рукунін кемітіп қойғандықтан, қайта оқылады. Жаназа намазында сәһу сәжде жасалмайды. Жамағаттан бір кісі тәкбірдің кем болғандығын имамға ескертуі керек, имам тәкбірдің кем болғаны үшін намазды қайта оқуы тиіс.
Жаназаны қайта оқу
Шарттары толық күйде бір рет оқылып қойған жаназаны қайта оқу – мәкрүһ. Себебі, жаназа намазы жамағатпен бір – ақ рет оқылады.
Мешіттің ішінде жаназа намазын оқу үкімі
Имам Ағзам (р.а) мәзһабы бойынша жаназа намазын мешіт ішінде оқу – мәкрүһ. Бірақ мешіттің ауласында оқуға болады.
Жаназа оқылмайтынадамдар
Үлкен – кіші, ер немесе әйел болсын, әрбір мұсылманға жаназа намазын оқу – парыз кифая. Алайда белгілі бір себептермен жаназа оқылмайтын кісілерде болады [1]. Жаназасы оқылмайтын адамдар қатарына төмендегілерді жатқызады:
- Бүлікші, мұсылмандарға қарсы қару қолданып, соғыс ашқан кісілер;
- Қарақшылық шабуыл кезінде өлген тонаушылар және сол сияқтылар;
- Ата-анасын өлтіргендер, оларға қорлық болу үшін жаназа оқылмайды;
- Мұсылман бола тұра өзге дінге өтсе, оның жаназа намазы оқылмайды және олар мұсылмандар зиратына жерленбейді.
Жаназа намазына әйелдердің қатысуы
Ханафи мазһабы бойынша әйелдер жаназа намазына қатыспайды. Олардың жаназа оқуы тахримән мәкрүһ. Умму Атыйя атты сахаба әйел: «Бізге жаназаға еруге тыйым салынды», - деген Бұхари риуаяты.
Шетінеген нәресте мәселесі
Егер сәби тірі туылып, сосын қайтыс болса, немесе бір ғана әрекет көрінсе не даусы естілсе, оған ат қойылып, жуындырылып, кебінделеді, жаназа жамазы оқылады. Сосын жерленеді.
Ал егер туылған кезде жыламаса тіршілік белгісі байқалмай, өлі туылса, аты қойылып, бір шүберекке оралып жерленеді. Жаназа намазы оқылмайды.
Сахаба Жәбир (р.а) Пайғамбарымыздың (с.а.у) былай дегенін жеткізеді: «Сәби дүниеге келген сәтте, шырыл (тіршілік белгісін) білдірместен шетінесе, оған намаз оқылмайды. Сондай – ақ мұра алмайды, мұра қалдырмайды» [2]. Шариғат бойынша, балиғат жасына толмаған, яғни құлшылық міндеттелмеген жасқа жетпеген сәбилер күнәсіз саналады.
Шариғатта сәби кезінде шетінеген бала ақыретте ата – анасы үшін шапағатшы бола алатынын ардақты пайғамбарымыз (с.а.у) мына бір хадисімен сүйіншілеп кеткен:
Әнес ибн Мәліктен (р.а) риуаят бойынша Алла Елшісі (с.а.у) былай дейді: «Қандай да бір мұсылман адамның үш баласы балиғатқа жетпей қайтыс болса, Алла оларға деген мейірімімен ол адамды жәннәтқа кіргізеді» [3].
Қылмыскер мен қарақшының жаназасы
Қылмысы үшін жазалау кезінде немесе кек қайтару барысында қайтыс болған жанның денесі жуылып, намазы шығарылады. Ал қылмыскер немесе жол торуылдаушы қарақщы болып жүріп өлсе, өлтірілсе, жаназа намазы оқылмайды.
Жаназа намазы оқылмай жерленгеннің үкімі
Дүние салған әр мұсылманға жаназа намазы оқылмай жерленбейді.
Алайда жаназасыз жерленіп қойылған марқұмның денесі бұзылмайтындай уақыт уақыт ішінде қабір басынада тұрып жаназа намазын оқу қажет. Бұл ретте жаназа намазы қабір алдында құбылаға қарап оқылады.
Шәһидтер туралы
Шәһид – Алла жолындағы соғыста қайтыс болған мұсылман. Кәпірлер өлтірілген мұсылманның денесін майдан даласында табылса немесе соғыстан жаралы болып қайтып, сол жарақатының себебінен қайтыс болса, жуылып, жаназасы шығарылады.
Шәһидтің денесіндегі қаны жуылмайды, киіміде шешілмейді. Тек қалың киімдері, сыртқы шапан, аяқ киімі, қару – жарағы шешіліп алынады.
Майдан даласында жарақаттанып, содан соң су ішіп, тамақтанып, дәрі ішіп, содан кейін қайтыс болса, ол – Алланың құзырында шәһид. Ин Шаа Алла, шәһидтің сауабын алады. Ал, дүниелік үкімдеріне келер болсақ, ол жуылмайтын шәһидттердің қатарына қосылмайды. Кәдімгі мәйіттер секілді жуылып, намазы оқылып жерленеді. Су ішу, тамақ жеу, дәрі ішу дүниелік іс болып есептеледі.
Шәһид екіге бөлінеді:
- Кәміл шәһид (толық шәһид) – бұл дүниеде де, ахиретте де шәһид болып саналатын кісі. Кәміл шәһид болуы үшін бес шарт бар:
- Саналы, ақыл – есі бүтін болу;
- Кәмелетке толған болу;
- Мұсылман болу;
- Сол жерде көз жұму;
- Ол өзіне тиген соққыдан, отқан емделмей, тамақ жемей, су ішпей, ұйықтамай және құлаған жерінен басқа жерінен апарылмай мысалы шатырға, үйдің немесе бөлменің ішіне апарылмай және бір намаз уақыты өтпей) мерт болса ғана кәміл шәһид болып есептеледі.
Кәміл шәһид үкімі: ғұсыл рәсімі жасалмайды, тек үстіндегі қаннан өзге нәжіс тазартылады. Оны мерт болған күйінде, қалың киімдері мен қарулары шешіп алынып, жеңіл киімімен жерлейді. Шәһид өз киімі және үстіндегі қанымен жаназа намазы оқылып жерленеді.
Ақыреттегі шәһидттер:
Ақыреттегі шәһидттер:
Ақыреттік шәһидке жарақатына кейін көп уақыт өткен соң өлген адам немесе сәби бала, есі ауысқан кісі немесе абайсызда өлтірілген кісі жатады. Мұндай шәһидтерге қиямет күні Алла Тағала тарапынан уәде етілген сауап беріледі. Бұлардың кәміл шәһидтерден айырмашылығы – оларды жуып, кебіндеп, жаназасы шығарылады. Осы ақырет шәһидтері қатарына суға батып немесе өртеніп өлген, үстін дуал немесе сол сияқты бір нәрсе басып қалған адам, сапардағы жолаушы, оба, тырысқақ ауруынан немесе дәрі – дәрмектен уланып өлген, іші өтіп қайтыс болған, босану үстінде қайтыс болған әйел, эпилепсия (талма), ыстығы көтеріліп өлген, жылан – шаян шаққан, сонымен қатар ілім іздеп жүріп қайтқан және жұма қарсаңындағы түнде қайтыс болған кісілер жатады. Олар ақырет шәһидтері болса да, егер денесі жууға жараса, жуылып, кебінделіп, жаназа намазы оқылады.
Пайдаланған әдбиет тізімдері:
- «Ат – Табиин» кітабы.
- Термези риуаяты
- Бұхари риуаяты.
- Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы. Е.А.Оңғаров, С.З.Ибадуллаев. Жаназа және жерлеу рәсімдері – Астана, 2018 – 148 б.