Өлімді әрдайым еске алу ізгі, ақылды адамдардың әдеті. Себебі, өлім бүкіл тіршілікке міндетті түрде келетін, қашқың келсе де қаша алмайтын құбылыс. Әр адам өлімді үнемі есінде сақтау керек, ақыретінің қамын осы бастан ойлауы шарт. Алла Тағала Қасиетті Құранда былай дейді:
«Аллаға қайтарылғаан соң әркімнің еңбегі өздеріне кемітілмей толық берілетін күннен қорқыңдар». Яғни, Раббыларыңа қайтатын сол бір күннен қорқыңдар. Сол кезде әр бір пендеге өзінің тапқанын кемітпей береді. Ешбір адам әділетсіздікке ұшырамайды. Исламның әмір мен тыйымдарының мазмұны мен өзегін қамтыған осы аятпен Құран тәмәмдалып, уахи тоқтаған. Бұл аяттар пенделерге сол қорқынышты күнді ескертуде. Ибн Кәсир былай дейді: «Бұл аят Құранның ең соңғы түскен аяты. Хазіреті Пайғамбар (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) осы аят түскен соң тоғыз күн өмір сүріп, ақыретке көшкен еді [1].
Әбу Һурайрадан (р.а) жеткен риуаятта Алланың Елшісі (Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Қызықтарды қиратушыны – өлімді көп еске алыңдар», - деген (Тирмизи) [2].
Адамзаттан басқа жан – жануарлар пендеге келетін ажалдың, ақыреттегі сынақтардың қалай болатынын білсе, бейжәй тіршілікті тастап, о дүниенің қамына кірісетіні туралы хадисте айтылған.
Адамзаттан басқа жан – жануарлар пендеге келетін ажалдың, ақыреттегі сынақтардың қалай болатынын білсе, бейжәй тіршілікті тастап, о дүниенің қамына кірісетіні туралы хадисте айтылған.
Хасан ибн Салих Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мынандай хадисін жеткізген: «Егер жануарлар өлім туралы сендердің білетін нәрселеріңді білген болса, сендер олардың арасынан жеуге семізін таба алмас едіңдер» [3], [4].
Шынайы иман келтірген пенде Аллаға бүкіл құлшылықтарын, тіршілігін, өмір мен өлімін де арнайды. Себебі, Алла Тағаланың өзі солай бұйырған: «Намазым да, құлшылығым да, өмірім де, өлімім де бүкіл әлемнің Раббысы Алла үшін. Оның еш серігі жоқ. Осылай бұйырылдым және мен бойсұнушылардың алғашқысымын» деп айт. «Әнғам» сүресі, 162-163 аяттар [5].
Әрбір мүмин бүкіл нығметтің барлығын, шексіз биліктің Иесі – бір Алла екенін біліп жүруі шарт. Расында, жалғыз Жаратушы Хақ Тағаладан басқаның барлығына пәнилік сипат тән. Жаратылғандардың барлығының басталуы және аяқталуы бар. Дүниеге келу мен, дүниеден кету бар. Мәңгілік тек Аллаға ғана тән.
«Оның (жердің) үстіндегінің бәрі – фәни. Тек ұлылық пен жомарттықтың Иесі – Раббың ғана қалады» [6].
Бұл дүниеде Алладан басқа ешкім мәңгі емес. Әрбір өмірден өтіп жатқан пенденің артында қалған ұрпақтарына соңғы тілегі, мирасы, аманаты – өсиет деп аталады. Құран Кәрімде баян етілгендей пайғамбарлар ұрпақтарына да ізгі өсиет қалдырған. Сол өсиеттің ең бастысы – Алланың тура көрсеткен жолынан адаспау. Құранда былай баяндалған: «Ибраһим мен Жақып та осыны балаларына өсиет етті. Жақып: «Уа, балаларым! Алла сендер үшін дінді таңдады. Сондықтан да дүниеден мұсылман болмай өтпеңдер», - деді. Әлде сендер Жақыпқа өлім таяған сәтке куәгер болып па едіңдер? Сонда ол балаларына: «Менен кейін кімге құлшылық қыласыңдар? – деді. Олар: «Біз сенің Құлдайыңа және аталарың Ибраһим, Исмаил және Ысқақтардың Құдайына – бір Құдайға ғана табынамыз әрі біз соған ғана мойынұсынамыз» [7].
Абдулла ибн Омардың (р.а) риуаяты бойынша Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деді; «Өсиет ететін нәрсесі болған мұсылман кісінің өсиетін жазып қоймай екі түнді өткізуі жөн емес» (Бұхари риуаят еткен). Абдулла ибн Омардың (р.а): «Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бұл сөздерін естігеннен бері өсиетім жайлы еш ұмытпадым», - деп айтқаны сізбен бізге сабақ болмақ [8].
Өсиет әртүрлі болып келеді, өмірден өткен кісінің артында қалған туған-туыстары, қарыз, кісілердің хақтары, мал-мүлікі сияқты нәрселерге қатысты болып келеді. Өсиетті орындау керек. Тек қана айтылған өсиет шариғатқа қарсы болмаса болғаны.
Өсиет әртүрлі болып келеді, өмірден өткен кісінің артында қалған туған-туыстары, қарыз, кісілердің хақтары, мал-мүлікі сияқты нәрселерге қатысты болып келеді. Өсиетті орындау керек. Тек қана айтылған өсиет шариғатқа қарсы болмаса болғаны.
Пайдаланған әдебиеттер:
-
«Бақара» сүресі, 281 – аят.
-
«Тирмизи риуаяты».
-
(Бәйһқи риуаят еткен).
-
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы. Е.А.Оңғаров, С.З.Ибадуллаев. Жаназа және жерлеу рәсімдері – Астана, 2018 – 148 б.
-
«Әнғам» сүресі, 162-163 аяттар.
-
«Рахман» сүресі, 26-27 – аяттар.
-
«Бақара» сүресі, 132-133 – аяттар.
-
«Хадистер жинағы».