Аса Мейірімді, ерекше Рахымды Алланың атымен бастаймын! Алланың сүйікті елшісі Мұхаммедке (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сансыз салауаттар болсын!
Мұсылман дүниеден өткеннен кейін, артынан тоқтаусыз сауап барып тұратын амалдың бірі, сүннет мәндуп болып табылатын уақып садақасы – көпір салу. Осы пайғамбарымыздың сүннетіне амал ету мақсатында, Алладан сарқылмайтын сауап үміт ете отырып, ҚМДБ «Уақып» қорының Жамбыл облысы өкілдігінің ұйымдастыруымен, Бектөбе ауылының «Бектөбе мешіті» әкімшілігі мен мешіт жамағаты бірлесіп, ауылдың Қылышбай көшесіндегі көпірге жөндеу жұмыстарын жүргізіп, қалпына келтірді.
Бектөбе ауылы қалаға жақын орналасқан. Қаламен екі ортада бөгет болып тұрған үлкен арық (су каналы) халықтың, көліктің жүріп-тұруына кедергі болатын. Сонымен қатар, ауыл жылдан жылға өсіп келеді. Қалаға қатынаушылардың саны да артуда. Сол себепті әрдайым игі істе қалыс қалмайтын мешіт жамағаты да көпір салуды соңына дейін жалғастырып, ауыл тұрғындарының ақ батасын алып, ізгі тілектеріне бөленді.
Асыл дініміз өзгелерге көмектесуге, адамдарға жәрдемші болуға үндейді. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:
خَيْرُ النَّاسِ أَنْفَعُهُمْ لِلنَّاسِ
«Адамдардың жақсысы (өзге) адамдарға көбірек пайда тигізгендері», – деп айтқан (имам Табарани). Халқымыз: «Өзін ғана ойлаған – жамандықтың белгісі, өзгені де ойлаған – адамдықтың белгісі», – дейді.
Алла Тағала уақып жолында жасалған игі амалды қабыл етіп, сансыз сауапқа кенелтсін деп тілейміз!
Материалдар







