Адам баласы бұл дүниеде мәңгі емес. Әрбір жан иесі бір күні Жаратушының алдына қайтады. Алайда, адамның артында қалатын ізгі амалдары оның о дүниедегі дәрежесіне әсер ететіні белгілі. Ислам діні адамға тек өз өмірінде ғана емес, қайтыс болғаннан кейін де сауап жинауға мүмкіндік беретін игі істерді үйретеді. Солардың бірі – уақып (вақф) амалы.
Уақып – бұл Алла разылығы үшін мал-мүлікті немесе дүниені халық игілігіне арнап, оны жеке меншіктен шығарып, қайырымдылық мақсатта пайдалану. Бұл амал адам дүниеден өткеннен кейін де сауаптың үзілмей жалғасуына себеп болады.
«Уақып» сөзі араб тілінен аударғанда «тоқтату», «ұстау» деген мағынаны білдіреді. Шариғаттағы мағынасы – белгілі бір мүлікті сатылмайтын, мұраға қалдырылмайтын, бірақ қоғам игілігіне пайдаланылатын қайырымдылық нысанға айналдыру.
Мысалы, адам өз жерін, үйін немесе қаражатын мешіт салуға, мектеп ашуға, құдық қазуға немесе кедей-кепшікке көмектесуге арнайды. Бұл мүлік енді оның жеке иелігінен шығып, халық игілігіне қызмет етеді.
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген: «Адам баласы қайтыс болғанда оның амал дәптері үш нәрседен басқа жағдайда жабылады: садақа жәрия (үздіксіз садақа), пайдалы ілім және дұға ететін ізгі ұрпақ». Осы хадистегі «садақа жәрия» – уақыптың ең айқын мысалы.
Уақып әртүрлі формада жүзеге аса алады. Оның негізгі түрлеріне мыналар жатады:
1. Діни мақсаттағы уақыптар – мешіт, медресе, діни оқу орындарын салу.
2. Әлеуметтік уақыптар – аурухана, мектеп, көпір, жол, су құбырларын салу.
3. Қайырымдылық уақыптар – жетімдер үйіне, мұқтаж жандарға көмек көрсету.
4. Білім беру уақыптары – кітаптар шығару, шәкірттерге шәкіртақы тағайындау.
Бұл амалдардың барлығы қоғамға пайда әкеліп қана қоймай, иесіне үздіксіз сауап жазылып тұруына себеп болады.
Ислам тарихында уақып институты ерекше орын алған. Көптеген мұсылман елдерінде мешіттер, медреселер, кітапханалар, тіпті ауруханалар уақып арқылы салынған.Мысалы: – Жолаушыларға арналған керуен-сарайлар, – Құдықтар мен су көздері, – Кедейлерге тегін ас беретін орындар. Осының бәрі уақыптың арқасында жүзеге асқан.Уақып қоғамда мейірімділік пен бауырмалдықты нығайтады.
Дәулет Жанарбекұлы
Жамбыл облысы бойынша «Уақып» маманы

