Ислам діні – адам баласын тек құлшылыққа ғана емес, көркем мінезге тәрбиелейтін кемел жүйе. Мұсылманның болмысы тек намазымен, оразасымен немесе діни білімімен ғана өлшенбейді. Оның шынайы бейнесі – күнделікті өмірдегі қарым-қатынасынан, адамгершілігінен, қоғамға деген жанашырлығынан көрінеді. Сол көркем мінездің ең биік көріністерінің бірі – садақа.
Садақа – бұл тек материалдық көмек емес. Бұл – жүректің тазалығы, ниеттің дұрыстығы, адамға деген құрмет пен мейірімнің белгісі. Садақа арқылы мұсылман адам өзіндегі сараңдықты, дүниеқұмарлықты, өзімшілдікті жеңеді. Жүрек тазарып, рух кемелденеді, адам баласы Аллаға деген тәуекелділік пен сенімділікке үйренеді.
Қоғам тұрғысынан қарағанда да садақаның орны ерекше. Садақа – бай мен кедейді, әлді мен әлсізді, қоғамның түрлі әлеуметтік топтарын байланыстыратын рухани көпір. Қайырымдылық пен жанашырлық орныққан ортада сенім қалыптасады, бауырмалдық күшейеді, бірлік нығаяды. Мұндай қоғамда өшпенділік емес, өзара қамқорлық үстемдік етеді.
Ислам тарихында садақа мәдениеті тек жеке адамдардың амалы ғана болып қалмай, уақып (уақф) жүйесі арқылы тұтас қоғамдық институтқа айналды. Мешіттер, медреселер, жолдар, көпірлер, ауруханалар, білім ордалары, жолаушыларға арналған қонақжайлар, жетім-жесірлерге арналған орталықтар – бәрі де садақа ниетімен құрылған уақыптар арқылы өмір сүрді. Бұл – садақаның қоғамды дамытудағы стратегиялық рөлін көрсететін айқын дәлел.
Уақып – бұл тек бір сәттік көмек емес, бұл – ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын сауапты жүйе. Яғни садақа тек бір адамның мұқтажын өтеумен шектелмей, тұтас қоғамға қызмет ететін тұрақты игілікке айналады. Мұндай түсінік садақаны тек эмоциялық қадам емес, саналы жауапкершілік деңгейіне көтереді.
Садақа мұсылман мінезін қалыптастырады. Кішіпейілділікке,жомарттыққа,сабырлылыққа, жанашырлыққа, кешірімділікке тәрбиелейді.
Садақа беретін адам өзгені төмен көрмейді, көмекті міндетсінбейді, жақсылықты саудаға салмайды. Өйткені шынайы садақа – Алла разылығы үшін жасалатын амал.
Садақа – қоғамды рухани тұрғыда сауықтыратын күш. Қай жерде садақа мәдениеті дамыса, сол жерде береке, тыныштық, тұрақтылық орнайды. Ал садақа жоғалған ортада қатыгездік, немқұрайдылық, әлеуметтік алшақтық тереңдейді.
Қорытындылай айтқанда, садақа – бұл тек амал емес, өмір салты. Бұл – мұсылман болмысының айнасы, иманның көрінісі, мінездің өлшемі. Садақа – адамның қолындағы дүние емес, жүрегіндегі мейірімді көрсететін құндылық. Сондықтан шынайы мұсылман – садақаны тек беретін адам емес, өзі тұтасымен садақаға айналған тұлға.
Мәулен Әбілхайыр Кәсенұлы
Шахтинск қалалық «Нұр» мешітінің имамы

