Ислам өркениетінің ең көне әрі маңызды әлеуметтік институттарының бірі – уақып. Ол – мұсылман қоғамында әлеуметтік әділеттік орнатуға, білім мен ғылымды өркендетуге, мұқтаждарды қолдауға бағытталған қайырымдылық жүйесі. Уақып – белгілі бір мүлікті (жер, ғимарат сынды) Алла жолына арнап (Алла разылығы үшін), оның негізгі қорын (капиталын) сақтай отырып, одан түсетін пайданы қоғам игілігіне тұрақты түрде жұмсау. Бұл жүйе ғасырлар бойы мұсылман қоғамдарының дамуына, білім, мәдениет, денсаулық және қайырымдылық салаларының өркендеуіне орасан зор үлес қосқан әрі қосып келе жатқан рухани әрі экономикалық жүйе. Бұл – садақадан да кең ұғым, себебі уақыпта мүлік жойылмайды, оның пайдасы үзілмейді.
Уақыптың анықтамасы
Араб тіліндегі « وَقْفٌ » сөзі тоқтату, бекіту, ұстап тұру, шегелеп қою деген мағыналарға сай келеді. Шариғи терминологида уақып: «Белгілі бір мүлікті Алла жолына арнап бекітіп, оның негізгі құнын сатуға, сыйға беруге немесе мұраға қалдыруға тыйым салу; одан түскен пайданы қайырымдылыққа жұмсау» дегенді білдіреді. Шариғатта уақып етілген зат сатылмайды, мұраға қалмайды, сыйға берілмейді. Ол тек қоғамдық немесе қайырымдылық мақсаттарға жұмсалады.
Уақыптың шариғи дәлелдері
Құраннан:لَنْ تَنَالُوا الْبِرَّ حَتَّى تُنْفِقُوا مِمَّا تُحِبُّونَ وَمَا تُنْفِقُوا مِنْ شَيْءٍ فَإِنَّ اللَّهَ بِهِ عَلِيمٌ
«Жақсы көрген мал-дүниелеріңнен Алла жолында жұмсамайынша, ізгілікке (жақсылыққа) қол жеткізе алмайсыңдар. Сондай-ақ қайыр-садақа ретінде не берсеңдер де, Алла оны біледі», делінген (Әли Имран сүресі, 92-аят).
Сүнеттен:
Омардың (оған Алла разы болсын) Хайбардағы жерін Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) арнауы. Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оған: «Жерді өзіңе қалдыр, ал оның пайдасын садақа ет», – деп уақыптың қағидаларын үйреткен (Бұхари, Мүслим).
Уақыптың құқықтық шарттары
Уақып жарамды болуы үшін келесі мына шарттар орындалуы тиіс:
- Уақып жасаушы адам – ақыл есі дұрыс, еркін шешім қабылдай алатын болуы керек.
- Уақыпқа берілетін мүлік – нақты, анық, біреудің иелігінде (меншігінде) болуы қажет.
- Жалпыға (қоғамға) пайдалы мақсат көзделуі тиіс.
- Мүлікті қайтарып алуға болмайды – уақып мәңгілікке беріледі.
- Уақып басқарушысы (мутәуәлли) тағайындалады.
Тарихтағы уақыптың рөлі
Ислам тарихында уақып институты аса маңызды орын алған. Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дәуірінен және одан кейіңгі әділ халифалық кезеңнен бастап Осман империясына дейінгі кезеңдерде уақып арқылы:
мыңдаған медресе жұмыс істеді;
студенттерге шәкіртақы берілді;
сапарға шыққан жолаушылар керуен сарайларында тегін тынықты;
емханалар жұмыс істеді;
ауруханадағы емделушілерге тегін тамақ пен дәрі-дәрмек берілді;
көпірлер, жолдар, құдықтар, моншалар, базарлар жұмыс жасады;
жетім-жесірлерге тұрақты көмек көрсетілді.
Осман мемлекетінде қоғамдық қызметтердің 70-80% пайызы уақып жүйесі арқылы атқарылғаны тарихта ашық айтылады. Мысыр еліндегі әл-Әзһар университеті толық уақып жүйесімен дамыған.
Уақыптың Исламдағы орны
Исламда уақып мұсылман әлемінің дін істерінің, мәдени, рухани, экономикалық дамуының негізгі тіректерінің бірі болған. Иламда уақып жасау – садақа жәрия (сауабы үзілмей ағылып барып тұратын садақа). Ол жайлы Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
إِذَا مَاتَ الْإِنْسَانُ انْقَطَعَ عَنْهُ عَمَلُهُ إِلَّا مِنْ ثَلَاثَةٍ؛ إِلَّا مِنْ صَدَقَةٍ جَارِيَةٍ أَوْ عِلْمٍ يُنْتَفَعُ بِهِ أَوْ وَلَدٍ صَالِحٍ يَدْعُو لَهُ
«Егер адам баласы дүниеден озса, оның амалы (амалының сауабы) тоқтайды. Тек үш амалы (амалының сауабы) ғана тоқтамайды: жария (сауабы соңынан ағылып барып тұратын) садақа, пайдалы білім және өзіне артынан дұға жасайтын салиқалы ұрпақ», – деді (Мүслим).
Ғұламаларымыз: «Осы хадистегі «жария садақа» деген сөзден уақыптан өзге нәрсе меңзеліп тұрған жоқ. Егер оның одан өзге мағынасы болса, уақып та сол мағынаның ішіне кірер еді», – деген.
Құранда да уақыптың мағынасына негіз болатын көптеген аяттар бар. Солардың бірінде Алла Тағала былай дейді:
قُلْ إِنَّ رَبِّي يَبْسُطُ الرِّزْقَ لِمَنْ يَشَاءُ مِنْ عِبَادِهِ وَيَقْدِرُ لَهُ وَمَا أَنْفَقْتُمْ مِنْ شَيْءٍ فَهُوَ يُخْلِفُهُ وَهُوَ خَيْرُ الرَّازِقِينَ
«(Уа, Мұхаммед!) Расында, Раббым ризықты пенделерінен қалағанына үйіп-төгіп береді де қалағанына аз әрі өлшеп береді. Сендер игілік жолында не жұмсасаңдар да, Алла оның орнын толтырады. Ол ризық берушілердің ең қайырлысы», –деп айт (Сәбә сүресі, 39-аят).
Қазақстандағы қазіргі уақып жұмыстары
Қазіргі таңда Қазақстанда да уақып мәдениеті қайта жанданып келеді. Қоғамда уақыпты жақсы түсінетін жандардың саны күн санап артып келеді. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанынан қайырымдылық қорлары (соның ішінде уақып қоры) құрылып, медреселердің қызметі, әлеуметтік жобалар, мұқтаж отбасыларға көмек осы жүйе арқылы жүзеге асуда. «Садақа жария» ұғымы халық арасында кең таралып, көптеген азаматтар өз атынан немесе марқұм аталары мен аналарының атынан (мешіт-медреселер, көпір салу сынды) қайырымды істер жасап жүр.
Қорытынды
Уақып – тек материалдық емес, рухани капитал. Ислам әлемін өркендетудің ең берекелі жолдарының бірі. Бұл бір адамның берген садақасын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізетін жүйе. Ол қоғамның рухани қуатын арттырып, мұқтаждар мен жетім-жесірлерге үнемі көмек көрсететін тұрақты қайыр жолы. Уақып жасаған адамның сауабы дүниеден озғаннан кейін де соңынан үзілмей жалғаса береді. Сондықтан бұл институт мұсылман қоғамының өркендеуіне ғасырлар бойы қызмет етіп келеді және бүгінгі күнде де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Бүгінде кез келген адам шама-шарқына қарай кішігірім қайырымдылық жобасын жүзеге асыруды, шәкіртақыны төлеуді, кітапханаға кітап сыйлауды, мешітке қажетті затты уақып ниетімен көпшілікке арнап, өзінен кейінгі буынға жететін әрі сауабы өзінің соңынан үзілмей барып тұратын із қалдыра алады.
Ембергенов Амангелді.
Тараз қаласы
Ар-Рахман Ар-Рахим мешітінің имамы

