Ислам діні адамзатты ізгілікке, қайырымдылық жасауға және қоғамға пайда тигізуге үндейді. Осындай сауапты амалдардың ішінде айрықша мәнге ие құлшылықтың бірі – садақа жария. Ал садақа жарияның ең көркем әрі тұрақты түрі - уақып болып табылады.
Уақып дегеніміз - Алла разылығы үшін белгілі бір мүлікті, қаржатты немесе игілікті нысанды қоғам пайдасына арнау. Уақыпқа берілген дүние сатылмайды, мұраға қалдырылмайды, тек оның пайдасы ғана адамдар игілігіне жұмсалады. Осы ерекшелігімен уақып үздіксіз сауап әкелетін амалға жатады.
Алла Тағала Құран Кәрімде былай дейді: «Жақсы көрген нәрселеріңнен Алла жолында жұмсамайынша, игілікке жете алмайсыңдар» (“Әли Имран” сүресі, 92-аят). Бұл аят әрбір мүмінді мал-дүниесін Алла жолында жұмсауға үндейді.
Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с): «Адам баласы қайтыс болған соң, үш амалдан басқа барлық амалы тоқтайды: жария садақа, пайдалы ілім және артынан дұға жасайтын салиқалы ұрпақ», - деп айтқан. Ғалымдар бұл хадистегі “жария садақаны” уақып садақамен тікелей байланыстырады. Демек, уақып – адам өлгеннен кейін де амал дәптеріне сауап жазылып тұратын ең абзал істердің бірі.
Омар ибн Хаттаб (р.а.): «Уа Алланың елшісі! Мен Хайбар соғысында бір жерді меншігіме алдым және ондай байлыққа бұған дейін ие болмадым. Не істеуімді бұйырасыз?», - дейді. Сонда Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Егер қаласаң ол жерді уақып қыл да одан түскен пайданы садақа етіп отыр», - деп кеңес береді. Содан кейін Омар (р.а.) ол жерді ешкімге сатылмайтын, мұраға да берілмейтін етіп садақа етті.
Ислам өркениетінің тарихында уақыптың орны ерекше. Көптеген мешіттер мен медреселер, білім ордалары мен кітапханалар, жолдар, көпірлер тіпті ауызсу құдықтары да уақып қаражаты арқылы салынған. Ғасырлар бойы қызмет еткен бұл игі нысандар өз иелеріне тоқтаусыз сауап жазылуына себеп болды.
Қазіргі уақытта да уақыптың қоғамдағы рөлі айқын сезілуде. Ол мешіттердің тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге, діни білім беру ісін қолдауға, әлеуметтік жағдайы төмен жандарға жәрдемдесуге және қайырымдылық жобаларын жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Уақып – бір сәттік көмек емес, ұзақ мерзімді игіліктің қайнар көзі.
Елімізде уақып мәдениетін қайта жаңғырту бағытында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жүйелі жұмыстар атқаруда. ҚМДБ жанынан құрылған уақып қоры арқылы қайырымдылық шаралары шариғат талаптарына сай, ашық әрі нақты мақсаттар негізінде жүзеге асырылып келеді.
Қорытындылай келе, уақып - Алла разылығы үшін жасалатын ең көркем әрі ең берекелі амалдардың бірі. Ол адам баласын дүниелік сараңдықтан арылтып, қоғамға жанашырлықпен қарауға тәрбиелейді. Уақып арқылы жасалған игілік тоқтамайды, оның жемісі ақыретке дейін жалғасады. Сол себепті уақып - шын мәнінде садақаның төресі болып табылады.
Есенгелдиев Ералы
Шымкент қаласы бойынша «уақып» бөлімінің маманы

