УАҚЫП САДАҚАСЫ - ЕКІ ДҮНИЕНІҢ БАҚЫТЫ
Асыл дініміз исламда «садақа жария» деген ұғым бар. Қоғамның, халықтың игілігі үшін жасалған сауапты істерді «садақа жария» дейді. Мешіт, медресе, аурухана тұрғызу, көше, көпір, жол салу – сауабы үзілмейтін уақыптың бірі. Бірде Пайғамбарымыз Мұхаммедтен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір кісі: «Уа, Алланың Елшісі, ең жақсы адам кім?» деп сұрайды. Сонда ол: «Ең жақсы адам – қоғамға, елге пайдасы тиген пенде» деп жауап берген.
Уақып ретінде берілген садақа – сауабы үзілмейтін істердің бірі. Сондықтан дініміз өзгелерге көмектесуге, адамдарға жәрдемші болуға шақырады.
Уақып ретінде берілген садақа – сауабы үзілмейтін істердің бірі. Сондықтан дініміз өзгелерге көмектесуге, адамдарға жәрдемші болуға шақырады.
Шариғатымызда белгілі бір мүлікті (жарамсыз болып қалғанға дейін) үздіксіз қайырымдылық жолында пайдалануды уақып деп атаймыз. Қарапайым садақа мен уақыптың айырмашылығы, садақаны тек берген кезде сауап жазылса, уақып жасалған кезден сол зат жоқ болғанға дейін сауап жазыла береді. Егер адам дүниеден өтіп кеткен болса да, уақып қылып жасаған садақаға сауап жазыла береді.
«Адам баласы дүниеден өтсе, оның амалының барлығы үзіледі. Тек үш түрлі амалы үзілмейді: жария берген садақасы, артынан қалдырған пайдалы ілімі, оған дұға жасайтын салиқалы ұрпағы». Осы хадиске зер салсақ, «Жария берген садақасы» делінген, бұл дегеніміз уақып қылған адам өзіңің мүлкін Алла жолында жұмсап, сауабын Алладан үміт етуі керек.
Мұсылман баласы өзінің дүние-мүлкін Алла жолында уақып қылуы арқылы Жаратушыға етене жақындай түседі. Пенде сол арқылы сансыз сауапқа ие болып және оның пайдасын келесі өмірде де өзі ойлағаннан да артық берекетін көретін болады. Алла жолында Уақып ету арқылы қайтыс болған мұсылманның сауабы үзілмей артынан барып тұрады. Негізінде бір мұсылман қайтыс болған кезде бүкіл іс әрекеттерінің сауабы үзіледі. Ал жасаған уақыбының сауабы үзілмейді. Сол арқылы оның рухы қабірде нұрланады, сауабы жазылады.
Құран кәрімде уақып жасау жайлы аяттардың бірінде: «(Уа,мүміндер!) Қазір сендер мал-дүниелеріңнің бір бөлігін Алла жолында жұмсауға шақырылудасыңдар. Алайда араларыңда сараңдар бар. Кімде-кім сараңдық жасаса, өзіне сараңдық жасағаны. Өйткені Алла – Ғани (ешкімге һәм ешнәрсеге мұқтаж емес шексіз, түгесілмес байлық иесі), ал сендер – пақырсыңдар (һәм Аллаға әркез мұқтажсыңдар). Ал егер (діннен, бойсұнудан) теріс айналсаңдар, сендердің орындарыңа басқа қауым әкеледі. Олар сендер секілді болмайды» («Мұхаммед» сүресі, 38-аят) делінген.
Ислам тарихында уақып жасаған тұлғалар көп болған. Солардың бірі де бірегейі – хазіреті Осман (оған Алла разы болсын). Ол өз заманында мұсылмандардың игілігі үшін құрма бағы мен құдықты уақып еткен болатын. Арада 1400 жыл өтсе де мұсылмандар Османның уақып еткен құрма ағашы мен құдығын әлі күнге дейін пайдаланып, игілігін көруде. Бұл құдықтың суы мен құрма ағашының жемісі Османның (оған Алла разы болсын) кезінде қажыларға тегін таратылатын, әлі де сол үрдіс жалғасын тауып келеді.
Ізгілердің жолын жалғаған біздің ата-бабаларымыз да ел игілігі үшін мешіт-медресе салдырып, халық игілігіне берген.Қазіргі таңда да Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы да арнайы «Уақып» қорын ашып, халыққа насихат жұмыстарын жүргізіп келеді. Бүгінде осы «Уақып» қорына кейбір азаматтар өз мүліктерін тіркеп, сауапты іске атсалысып, Алла жолында садақа жасауда.
Уақып – мүлігіңді бөлісіп, адамдыққа, жомарттыққа тартылған жол. Ендеше шамамыз жеткенше жария садақа жасап, құлшылықтарымызды арттырайық.
Алла Тағала баршамызды қоғамға пайда тигізетін істер атқаруымызды нәсіп етсін!
Ақтау қалалық «Ержан Хазірет» мешітінің наиб имамы
Ғабит Әбдіғаппарұлы