Аса қамқор ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын! Барлық мақтау Аллаға тән. Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммедке Алланың салауаты мен сәлемі болсын! Баршамызды ораза айтқа аман-есен жеткізген Аллаға сансыз шүкірлер болсын!
Қадірлі қауым!
Сіздерді күллі мұсылман баласының ұлық мерекесі – Ораза айттың келуімен шын жүректен құттықтаймын! Айт қабыл болсын!
Берекелі Рамазан айы – сабыр мен шүкірдің, мейірім мен жанашырлықтың, рухани тазарудың айы болды. Осы айда жасаған барша құлшылықтарыңыз, ұстаған оразаларыңыз, берген садақа-зекеттеріңіз бен дұға-тілектеріңіз Алла Тағала тарапынан қабыл болсын!
Ораза айт – адамдарды жақсылыққа үндейтін, жүректерді жақындастыратын, кешірім мен татулықты дәріптейтін ұлық мереке. Бұл күні реніштер ұмытылып, ағайын арасындағы байланыс нығаяды, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетіледі. Әр шаңыраққа қуаныш пен шаттық, молшылық пен береке тілейміз.
Бүгінде осы «Уақып» қорына азаматтарымыз сауапты іске атсалысып, Алла жолында садақа жасап жатыр. Өйткені уақып ретінде берілген мүлік пен садақаның сауабы үзілмейтін іс болып саналады. Дініміз өзгелерге көмектесуге, адамдарға жәрдемші болуға шақырады. Уақып корпоративтік қоры қоғам игілігі жолында атқарылып жатқан насихат және рухани жұмыстарға белсенді қатысып келеді. Рамазан айында жүргізілген шаралар – халқымыздың кеңпейілділігі мен ізгілігінің айқын көрінісі. Алдағы уақытта да қоғам игілігі үшін атқарылар жұмыстар жалғасын табатынына сенеміз.
Алла Тағала елімізге тыныштық, халқымызға амандық, әрбір отбасына бақ-береке нәсіп етсін! Жаратқан Иеміз ниеттеріңізді қабыл етіп, екі дүниенің бақытына жеткізсін!
Ораза айт құтты болсын!
Ізгі тілекпен,
Уақып корпоративтік қорының директоры
Азамат Абдикеримұлы

