ҚМДБ «Уақып» корпоративтік қайырымдылық қорының бірінші тоқсанды қорытындылау және "Қасапхана" жобасы бойынша өңірлермен онлайн форматта жиыны өтті.
Қордың өңірдегі өкілдері онлайн форматта қатысқан жиынында ҚМДБ Төрағасы Бас Мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Хазреттің бағдарлық баяндамасында көрсеткен бағыт-бағдарларды іске асыру мақсатында ҚМДБ Бас Мүфти орынбасары, наиб мүфти Ермек Тасболатұлы Уақып қорының жылдық жоспары негізінде «Қасапхана» жобасы бойынша өңірлерде атқарылған жұмыстарды пысықтап, жұмыс барысын күшейтуді тапсырды.
Жиында «Уақып» корпоративтік қайырымдылық қорының директоры Азамат Әбдікерімұлы қасиетті Құрбан айт мерекесіне дайындық жасап, өңірлерде Уақып қорының атқаратын қызметін айтып өтті.
Ал тоқсанды қорытындылау бойынша, өз кезегінде Уақып қоры жыл басынан біршама жұмыстар жасады, Олар:
Уақып қорына «Islam quiz» атты діни интелектуалды мобильді қосымшасы уақып етілді, 40 миллиондық құны бар қосымша арқылы ислам негіздеріне арналған ойындар ойнау, намаз уақыттарын көру, құбыланы анықтау, Зікір айту және жергілікті аймақтағы намазханаларды оңай тауып, достарыңызға дұға жолдауға болады.
Сонымен қатар Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Хазретіміздің 2025 жылға арналған Бағдарлық баяндамасында мәлімдегендей «Қазақстандық құран баспасы» бойынша қызу жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі таңда Құран кітаптың сыртқы мұқабасы, ішкі дизайны және Қазақстандық Құран баспасының жаңа шрифт нұсқасы арнайы мамандармен әзірленуде, әзірге құран шрифтінің 90% жұмысы бітті!
«Уақып» корпоративтік қайырымдылық қорының халыққа қызмет көрсетуге арналған https://waqf.kz/ru/ ресми сайты, сондай-ақ @waqf.kz атауымен тіркелген Instagram, TikTok, Тelegram және Facebook әлеуметтік желілеріндегі парақшалар көрсетілген платформаларда тұрақты түрде жұмыс істейді.
Қор қызметі туралы ресми ақпараттар, қайырымдылық жобалары және өзекті жаңалықтар жоғарыда көрсетілген ресурстар арқылы жарияланады.
Сонымен қатар, тікелей байланыс үшін арнайы Call-орталық қызметі жұмыс істейді: +7 707 333 36 21
Ал жыл басынан бері жасалған жұмыстарға келетін болсақ:
- Алматы қаласында I-ші «Уақып қорын дамыту мақсатында «Түрлі сала мамандарымен кездесу» атты дөңгелек үстелі өтті, кездесуге 40-қа жуық адам қатысты.
- Әлеуметтік желілер арқылы «Уақып» корпоративтік қайырымдылық қорының қызметін таныту және насихаттау мақсатында жүйелі ақпараттық жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда:
- 1 подкаст түсіріліп, жарияланды;
- 21 түсіндірме бағытындағы видео-уағыз дайындалып, аудиторияға ұсынылды;
- Діни-ағартушылық бағыттағы 7 мақала жарық көрді;
- Әртүрлі өңірлермен байланыс орнату арқылы 20-ға жуық тікелей эфир форматындағы «Сұрақ-жауап» айдары ұйымдастырылды.
- Халыққа рухани қолдау көрсету мақсатында 20 000 дана «Көлік жүргізушісінің дұғасы» және 20 000 дана Рамазан айының кестесін еліміздің өңірлеріндегі мешіттерге, көлік жүргізушілеріне және жамағатқа таратылды.
- Қорға тиесілі 1 кәсіп дүкені ашылып, халыққа қызмет көрсете бастады
- 8 кәсіпкерлік нысанға «Уақыпнама» құжаты табысталды
- Қордың жеке өнімі ретінде балаларға арналған «Алтын сақа» атты ұлттық ойыншық әзірленіп, сатылымға шығарылды.
- Ақтөбе облыстық Нұр Ғасыр мешітіне 1 көлік Уақып етілсе, Тараз қаласына 29 құран, Костанай облыстық "Аймағанбет қажы Спанұлы" мешітінің кітапханасына Дін істері комитетінің, дінтану сараптамасының оң қорытындысы берілген кітаптар Уақып етілді. Ал Жамбыл облысына балаларға арналған киім-кешек жергілікті Уақып қорының ұйымдастыруымен үлестірілді.
- Жыл басынан бері қор тарапынан «Хусамуддин ас-Сығанақи» ислам институтының ұстаздардың жалақысына 7 900 000 тенге көлемінде қаржылай көмек және Құны 2 430 000 тенгені құрайтын жалпыламалы көмек қорсетілді. Сондай-ақ қала мешіттері мен медреселеріне Мінбер, орындықтар, шаңсорғыш, Құран оқитын тұғырлар (рихәл) және жаңа кілем сынды қажеттіліктерді Уақып етіп, қор өз қызметін әрі қарай жалғастыруда.
Жыл соңына дейін «Уақып» корпоративтік қайырымдылық қоры Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Хазретіміз бекіткен ресми жұмыс жоспарына сәйкес жобалық жұмыстарын жалғастырып, белгіленген бағыттар бойынша іс-шараларды кезең-кезеңімен жүзеге асыратын болады.