Исламдағы уақып деген не?
Исламда уақып (арабша уақф – «тоқтату, арнау») – белгілі бір мүлікті Алла разылығы үшін қоғам игілігіне мәңгілікке арнау. Уақып етілген дүние сатылмайды, мұраға қалмайды, жеке пайдаға жұмсалмайды. Оның пайдасы ғана қайырымдылыққа, діни, әлеуметтік не білім беру мақсаттарына жұмсалады.
Уақыптың түпкі мақсаты – адамдарға үздіксіз пайда келтіру арқылы садақа жәрия сауабына қол жеткізу. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Адам баласы дүние салғанда, үш амалынан басқасының сауабы тоқтайды: садақа жәрия, пайдалы ілім және өзіне дұға қылатын ізгі ұрпақ» – деген (Мүслім).
Тарихта уақып арқылы мешіттер, медреселер, жолдар, көпірлер, ауруханалар, кітапханалар салынған. Тіпті жетім-жесірлерге, жолаушыларға, кедей-кепшіктерге арналған арнайы уақыптар болған. Бұл ислам өркениетінің әлеуметтік әділет пен қамқорлыққа негізделгенін көрсетеді.
Қорыта айтқанда, уақып – жеке мүлікті қоғам игілігіне арнап, оның сауабын мәңгілікке Алладан үміт ету. Ол – имандылықтың, жомарттықтың және жауапкершіліктің жарқын көрінісі.

