Құнанбайдың тақиясы
Бүкіл әлемді жоқтан бар қылған, біздерді иманның қуанышына бөлеген Жаратушы Алла Тағалаға сансыз мадақ-мақтаулар болсын! Адамзаттың қараңғылықтан жарыққа шығуына себепші болған, екі дүниенің сардары – Мұхаммедке Алланың сәлемі мен салауаты болсын!
Асыл дініміз Исламда садақа жасау ұлы құлшылықтардың бірі. Сол қайырымдылық атаулының бірі УАҚЫП деп аталады. Біріншіден УАҚЫП деген не екенін түсініп алайық. Сөздікте уақып «ұстау» деген мағынаны білдіреді. Ал шариғатымыздағы мәні – белгілі бір мүлікті (жарамсыз болып қалғанға дейін) үздіксіз қайырымдылық жолында пайдалану. Мысалы, үзілмейтін садақа жасауды ниет еткен адам жылжымайтын мүлікті Алла жолында уақып етсе, оның игілігін мұқтаж жандар ұдайы көреді.
Біздің елімізде діни уақып жақсы дамып келеді. Діни уақып дегеніміз – құлшылық жасауға, білім алуға арналған жылжымайтын мүліктер (мешіт, медресе, жоғары діни оқу орны, қайырымдылық мекемесі, т.б.). Сонымен қатар, қайырымдылық уақып бағыты да қарқын алды. Қайырымдылық уақып дегеніміз – жылжымайтын мүлік пен қаржы көздерін сауапты істерге жұмсау.
Қарапайым садақа мен уақыптың айырмашылығы, садақаны тек берген кезде сауап жазылса, уақып жасалған кезден сол зат жоқ болғанға дейін сауап жазыла береді. Егер адам дүниеден өтіп кеткен болса да, уақып қылып жасаған садақаға сауап жазыла береді.
Ғалымдардың көпшілігінің пікірлері бойынша уақып мәндуп амал болып есептеледі. Яғни, шариғат бойынша істелуі ұнамды болған және Аллаға жақындататын іс. Алла Тағала қасиетті Құранның «Бақара» сүресі, 267 аятында:
يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا أَنفِقُوا مِن طَيِّبَاتِ مَا كَسَبْتُمْ وَمِمَّا أَخْرَجْنَا لَكُم مِّنَ الْأَرْض
«Уа, иман келтіргендер! Маңдай терлеріңмен тапқан малдарыңды және біздің сендер үшін жерден шығарғандарымызды Алла жолында сарп етіңдер!» – деп айтқан.
Алла Тағала Қасиетті Құранда: «Сендер жақсы көрген нәрселеріңді жұмсамайынша жақсылыққа жете алмайсыңдар, не нәрсені жұмасған болсаңдар Алла оны білуші» - деп айтқан. (Әли имран сүресі, 92 – аят)
Қазақ даласындағы уақып жасаған ата бабаларымыз жеткілікті. Солардың бірі Құнанбай қажы бабамыз Меккеге қажылық жасауға барған қасиетті сапарында киелі шаһардан «Тақия» деген қонақ үй тұрғызып, уақып жасаған. Әкесінің бұл игі ісі жайында Хакім Абай:
Меккеде уақып үй салып,
Пәтер қып, жаққан шырақты.
Бір құдайдың жолына,
Малды аямай бұлапты, – деген.
Мұхтар Әуезов Абай жолы романында Құнанбайдың қажылық сапарына дайыныдық турасында жақсы ой айтқан еді. Үзінді келтірейік: "шебер жазушы Құнанбайды қанша қатал етіп суреттегенімен тағынан түсіріп, деңгейін төмендетпеген". Осы пікірдің аздаған дәлелі, бір шындығы ретінде көркем шығармадан үзінді келтірейік.
"Бұл жолға Құнанбай бір жыл бұрын бекінген болатын. Бекінумен бірге былтырғы көктемнен бері қарай, жаз бойы, күз, соғым кездері болсын, бәрінде қайта-қайта мал сатқызып, ақша жиып әзірленіп келген. Жолына қаншалық пұл керегін білсе де, Құнанбай сол керек деген мөлшерден төрт-бес еседей артық пұл алып барады. Барған соң, тәуір ниетпен татымды боп бармақ. Бір жылдан бері көп мал сатқызғанда, байырғы өзінің қол малынан, ата мүлкінен әдейі іріктеп алып, тұнық судай тазасын сатқызды. Құнанбай қостарындағы атақты жирендер мен киік құланың топтары осы жыл едәуір азайып, селдіреп те қалып еді.
Құнанбай өмір бойында сарандықтың құлы болған кісі емес. Бірақ ашылып-шашылғыш та емес. Парықсыз болмайын дейтін. Қарқаралыда қазақ салмаған мешіт салғызу сияқты іс болса, оған ақтарылып түсетін. Мына сапарда да сондай бір нәрсеге бекінген сияқты. Бірақ не істемегін, тіпті қатын-балаға да айтқан жоқ. Барып орындап қайтса, сонда білдіреді.
Ақша-пұлды шотпен қағып көп есептеген Тінібек қүдасы өткен түнде Қүнанбайдың барлық сомасын өз қолынан санап, қаптап тұрып, ықшамды темір сандыққа бекітіп беріп жатып:
– Мырза, осынша артық пұлды несіне алдыныз? – деп көптен ойлап жүрген бір жайын сұрап еді. Құнанбай сонда да шешілген жоқ-ты.
– Барсын, қайтесің, бай? Мал өзіміз үшін, өзіміз мал үшін туғамыз жоқ қой! – деп келте қайырған.
Сөйтіп, пұл – уайым емес. Қиын сапар уайым болса, ол – кәріліктің тақаулығы, қайрат қайтқандығы. Соны, әсіресе көп ойлап, Құнанбай осы жолға өзі баратын ниетті Ызғұттыға да ниет етіп, оны қасына жолдас еткен. Ол көптен бергі сенімді серігі болатын. Жол киімін осы қалада Мәкішке су жаңа қып тіккізіп киінген Ызғұтты, қазір де Құнанбайдың дәл өз қасында отырғаны сол". (Әуезов М. Абай жолы: роман-эпопея, Екінші кітап. – Алматы: "Жазушы" баспасы, 2002 ж., 8-9 б.).
Керекулік молда атамыз Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің ертеде жазған «Қазақ шежіресі» атты еңбегі бар. Онда қазақтардың қажылық сапарға қай кезден бастап барғаны жайлы мәлімет келтіреді. Мәшһүр Жүсіптің айтуынша, ең алғашқы қажы уақ Нүркен деген адам екен. Екінші рет 1858-ші қой жылы күлік Самай сопы мен ноғай Байжан хазірет қажылыққа барып, сол жақта өлген. Осы сөзді жазып отырған Мәшһүр Жүсіп мен дәл сол жылы туыппын (1858), қазір 70 жастамын, дейді. Ал үшінші рет 1874 жылы тобықты Құнанбай, айдабол Қишыл Қыстаубай, атбасарлық Егізек, Жанайдар, құлан қыпшақ Шонтыбай бастаған Орта жүзден 20, Кіші жүзден Досжан халфе, Нұрпейіс хазірет бастаған 100 адам барды, дейді. Бұл қазақтың ескі есебі бойынша қаракиік жылы екен.
Мәшһүр Жүсіптің жазуына қарағанда, Меккеге үшінші рет барған қажылар әуелі қазақтың маскүбін (мәсхабын) анықтатып, одан кейін орталарынан расход шығарып, болашақта қажыға келген қазақтар тұрақтайтын «Қазақ тақиясы» атты қонақүй салдырып, оны Құнанбай қажының атына жаздырған. Кейін қонақүйді орманшы Хасен шайқы даулап алған, одан кейін тоқал арғын Ешмұхамед даулаған, бұл күнде тақия Досжан халфенің атында екен, дейді (М.Көпейұлы. Қазақ шежіресі, Алматы «Жалын». 1993 ж. 11-б). Мәшекең «осыны жазып отырған мен 70 жастамын» дегеніне қарағанда, тақияның Досжан халфе атына жазылуы 1928 жылы іске асқаны.
Қонақүйді 1905 жылы қараша айында қажылыққа аттанып, 1906 жылдың 28 наурызында қасиетті сапардан оралған Шәкәрім Құдайбердіұлы өз көзімен көрген. Қажының баласы Ахат Шәкәрімұлының естелігінде: «Қасиетті Мекке қаласына барған Шәкәрім атасы Құнанбай басшылығымен салынған тақияны (тәкиені) іздеп, тауып барады. Бiрақ «менен бұрын басқа қажылар кiрiп қалған екен. Оларды ренжiтпей, пәтер алып түстiм» дейді қажы (Ахат Шәкәрiмұлы. Қажылық сапары // Абай. – 1994. – № 9. – 37 б.).
Абай облысы Семей қалалық
Қосмұнаралы мешітінің бас имамы
Біржан Аманжолұлы