Сүйікті пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Адам баласы дүниеден өткен соң оның амалының барлығы үзіледі (тоқтайды), тек үш түрлі амалы үзілмейді: жария садақасы, артынан қалдырған пайдалы ілімі немесе оған дұға жасайтын салиқалы ұрпағы» делінген.
Бұдан бөлек, «Сахих Бұхариде» Абдулла ибн Аббастан (р.а.) мынадай риуаят келтірілген: «Елден жырақта жүргенінде Сағид ибн Убаданың анасы қайтыс болды. Сонда ол Пайғамбардың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) алдына келіп: «Уа, Алланың елшісі! Мен сыртта жүргенде анам қайтыс болыпты. Енді оның атынан садақа берсем оған сауабы тие ме?» – деп сұрады. Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Иә» деді. Сонда Сағид (р.а.): «Олай болса, сізді куә қыламын, анамның атынан бағымды Алла жолында садақаға беремін», – деді».
«Мүслімнің Сахихында» да Әбу Һурайрадан (р.а.) мынадай риуаят жеткізілді. «Бір кісі Пайғамбарға (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) келіп: «Атам қайтыс болды. Артында мал-дүниесі қалды. Алайда малы туралы ешқандай өсиет қалдырмады. Енді мен ол кісінің атынан садақа берсем, сауабы тие ме?» – деп сұрады. Пайғамбар (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Ия», – деп жауап берді».
Осы және өзге де хадистерге сәйкес, салихалы ұрпақтарының қайтыс болған әке-шешелері, ата-бабалары немесе өзге жақындарының атынан жасаған ізгі амалдарының сауабы, Алланың қалауымен марқұмдардың дәрежесінің өсуіне септігін тигізеді. Ғалымдардың пікірінше, аталмыш ізгі амалдардың ішінде ең абзалы деп садақа саналады.
Адам өзінің шама-шарқына қарай қайырымдылық жасаса да болады. Егер біреудің жағдайы жетіп жатса, марқұм болған жақындарының атынан халықтың игілігі үшін жол салып, құдық қазып немесе кітап шығарса және адамдар бұл игіліктерді қаншалықты көп пайдаланса, Алланың қалауымен марқұм болған адам да соншалықты көп сауап алары анық.
Әнуар Ізімбайұлы
Әнуар Ізімбайұлы