Алла Тағала шексіз білімімен әрбір жанның тағдырын жазып қойған. Тағдыр сияқты ажал сәті де жазылған. Ажал – араб тілінен аударылғанда «әжәл» сөзінен «мерзім» дегенді білдіреді. Ешбір жан иесі ажалдан қашып құтыла алмайды. Қай уақытта, қай жерде болмасын ажал іздеп табады. Алла Тағала былай дейді: «Алла жандарды өлім кезінде (ажалы жеткенде) алады. Ал (әлі) өлмегенді (рухты) ұйқысында (сезімдерін тоқтатады). Өлімді үкім еткенін ұстап қалады да, ал өзгесін (ұйқыдағысын) белгілі мерзімге дейін (денесіне қайтарып) жібереді. Негізінде, осында ойланған қауым үшін (Алланың құдіретіде), сөзсіз, белгілер бар!» [1], [2].
Өлімді көп еске алу арқылы пенде өз болмысының ақиқаты мен дүниенің жалған екендігін түсінеді, жүрегі жұмсарады. Кейде күнделікті күйбең тіршіліктен ұмыт қалатын, сананың терең түбінде тығылып жатқан таза жаратылыстық сезім оянып, тәубе етуіне себеп болады.
Құран Кәрімде өлім жайлы көп үгіт айтылған. Ондаған аяттар кәпір және күнәһарлардың ажал келгеннен азапқа тап болатынын ескертіп қорқытса, ал о дүниесіне дайындық жасап, ақыретін ойлап шариғат шеңберінен шықпаған пенделерін Алла Тағала қуанышты хабармен сүйіншілейді [2].
Құранда өлім туралы ескертуші аяттар жеткілікті. Құран Кәрімнен дәлел келтіретін болсақ: «Әрбір жан өлімнің дәмін татады» [3]. Яғни, тіршілік жоқ болып, шарасыз әрбір жан иесі дүние салады.
Ажал келген сәтте, өкінгенмен еш пайда жоқ. Бұл сәтте пенде өткен өміріндегі жіберіп алған қате-кемшіліктеріне ашынып, күнәларына күйініп, ізгі амал істемегеніне қайғырып, қатты өкінген күйде болады. Өткен өмір қайта келмеске кетті. Белгіленген мерзім бітіп, ажал жеткен соң, өмірге қайтып келу жоқ. Қасиетті аяттар бізді сондай пұшайман күйден сақтандырып, өмір тіршілігін тиімді өткізуге ескертеді.
Құран Кәрімде ажал – адам үшін ең қорқынышты бейнеде суреттелген. Өлімнен қорыққан кейбір адамдардың бас сауғалап қашуға дейін барғанын айтады. «Мыңдаған адам өлімнен қорқып, үй-жайын тастап, босып кеткенін білетін шығарсың?» [4]. Дегенменде адам қанша ажалдан қашқысы келседе, келіп тұрған өлімнен құтыла алмайды.
Жаратқан иеміз пенделеріне жалған ақыреттің бір күніне де тең келмейтінін қатаң ескертеді: «Бұл дүние тіршілігі – тек ойын – ермек, өткінші нәрсе, нағыз өмір – ақыретте» [5].
Құран адамның жалған дүниенің тіршілігіне беріліп кетпеуін, бала – шағаның қамы деп алданып қалмауын да ескертеді. Сондықтан, адам баласына уақытша нәрселерге назар аудармай, мәңгі жойылмайтын ізгі амалдарға баса көңіл бөлуі тиіс. Алланың Кәләмында бұл жайлы былай дейді:
«Мал – мүлік, балалар дүние тіршілігінің әшекейі. Ал бақилық ізгіліктер Раббыңның құзырында сауабы жағынан да қайырлы әрі (ақыреттетен) үміт ету тұрғысынан да қайырлы» [6].
Жаратқан иеміз тағы бір аятында пенделеріне ескертеді: «Сендердің біреулеріңе өлім келіп, ол: «Уа, Раббым! Жақын бір уақытқа шегере тұрсаң еді, сонда садақа беріп, салихалылардан болар едім» деп айтпауларың үшін, Біздің сендерге берген ризықтарымыздан жұмсаңдар (садақа беріңдер)» [7].
Садақа беру арқылы жүрегіміз тынышталып, рақат күйге түсеміз. Алланың қалауымен мұқтаж жанға көмек беруіміздің өзі бір нығмет. Садақаны берген сәтте бір қарағанда алған адам үшін пайдасы бар болып көрінгенімен әсілінде олай емес, керісінше берген адам үшін пайдасы мен сауабы мол. Әрбір игі іс пен берілген затқа Алланың разылығын іздеу арқылы істелген істі – садақа дейміз. Садақаның үлкен кісіші болмайды. Ең бастысы шын ықыласпен Алланың разылығын табу. Садақа берудің түрлі әдістері бар: жария садақа, жасырын садақа және уақып.
Уақып – деген Аллаға жақындату үшін Алланың жолында мал-мүлкін уақып қылу. Мұсылман пенде осы арқылы үлкен сауапқа ие болады және Алланы жақсы көретіндігін білдіреді. Уақыпқа Алланың үйін, мектеп/медресе салып беру, Құран сыйлау, кітап не фильм (діни мағыналы), мұқтаждарға тұрғын үй сатып алып беру, оқу ақысын төлеу, құдық қазу, көпір салу, бау-бақша егу және т.б. жатады.
Садақа берудің 10 пайдасы бар (5 пайдасы осы дүниеде);
- Мал – дүниені таразтады;
- Күнәларды өшіреді. «Су отты сөндіргендей садақа да күнәларды өшіреді» (Тирмизи);
- Ауру мен апаттан сақтайды: «Науқастарыңды садақамен емдеңдер. Садақа әрбір ауруды және бәлекетті қайтарады». (Бәйхақи риуаяты). «Садақа беруде асығыңыздар. Өйткені апат садақадан оза алмайды» (Табарани, Бәйхақи);
- Мұқтаж жанды қуантады;
- Ризықты арттырып, табысқа берекесін береді.
Садақ берудің пайдасы туралы хадистер де бар:
- «Садақа бергеннің ризығы артып, дұғасы қабыл болады»(Ибн Мәжа);
- «Азда болса садақа беріңдер. Ақшасын тығып бермегенге, Алла да нығметін азайтады»(Муслим).
Садақаның ақыреттегі 5 пайдасы:
- Қияметтің үрейінен сақтап, көлеңке болады: «Садақа қабір азабынан сақтайды. Қияметте иесін өз қамқорына алады» (Бәйхақи);
- Тозақтан құтқарады: «Жарты құрма болса да садақа беріп, тозақтан сақтаныңдар»;
- Таразыда сауабы басым болады;
- Сырат көпірінен өтуі оңай болмақ;
- Дүниесінің есебін беруде жеңіл болмақ [8].
Ажал келмей тұрып ізгі амалдарымызды істеу арқылы келешектегі өміріміздің ірге тасын қалайық. Бұл дүниемізден қарағанда ақыреттік өмірімізге аса қатты мән беруіміз керек. Алла сауапты және қабыл болған істерімізді көп қылсын. Әумин.
Пайдаланылған әдебиеттер:
-
«Зүмәр» сүресі, 42 – аят.
-
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы. Е.А.Оңғаров, С.З.Ибадуллаев. Жаназа және жерлеу рәсімдері – Астана, 2018 – 148 б.
-
«Әли Имран» сүресі, 185 – аят.
-
«Бақара» сүресі, 243 – аят.
-
«Анкабут» сүресі, 64 – аят.
-
«Кәһф» сүресі, 46 – аят.
-
«Мунафиқун» сүресі, 10 – аят.