Еліміздегі қандас бауырларымыздың қасіреті болған бөтен ағымды ұстану, балаларын мектеп табалдырықтарынан тысқары қалдырып, ұлттық құндылықтарды жоққа шығару, салт-дәстүрімізді Аллаға серік қосуға теңеу, ұлттық нақыштағы киім үлгілерін құрдымға жіберіп, қоғам қорқынышына айналған қара киімді үлгі ету, дін ұстанамын деп ділінен ажырап, қоғамға кереғар көзқарас қалдырудың бірден-бір себебі олардың діни сауатсыздығында. Білімсіздіктің салдарынан діни сауатсыздықты жою жұмыстары қолға алынып, арнайы дін мамандарын даярлау курстары ашылды. Жат ағыммен күресу нәтижесінде тасада қалған салт-дәстүріміздің өркендеуі қайта жанданды. Көненің көзі, ескінің естелігі болып қалған әдет-ғұрыптарымыз қайта жаңғырып, ел ішіне береке кіре бастады. Себебі қазақы салт-дәстүр дінге негізделген амалдар болатын. Дініміз біліммен барлық ордаларға тарап, діни сауаттылықты арттыру кеңінен етек жайып, жат ағымның жетегінен еріп адасу ел тарихында қайталанбауы үшін қайырымдылық мекемелер ашыла бастады.
Осы негізде Орал қаласында діни сауаттылықты арттыратын қыздарға арналған «Әл-Әзһария» қайырымдылық мекемесін ашу мәселесі 2022 жылы шілде айында қолға алынды. БҚО бас имамы Бақытжан Құралбайұлының ұсынысымен, өңірлік білікті дін маманы, РАТТ мүшесі Байғазиева Бақытгүл Өтегенқызының ұсынысты қабыл алуымен ҚМДБ төрағасы, бас мүфти хазіреті Наурызбай Тағанұлына өтінім білдірді. Өтінім білдіру барысында бейресми тұрғыдақайырымдылық мекемеде 20 шәкірт оқуға қабылданып, 2 қари ұстаз, 2 тәлімгер ұстаз, 1 психолог маман әрі қарай өз жұмысын жалғастырды. Өтінім қаралған соң 2022 жылдың 1 қарашасында бұйрық шықты. 7 желтоқсанда Әділет министрінің қаулысымен «Әл-Әзһария» қайырымдылық мекемесі ресми түрде құжаттарын алып, жаңа бастамаларға бағыт алды. Тыңғылықты еңбектер мен жауапкершіліктің нәтижесінде қыздарымыз қазақы болмысты қайта жаңғыртып, жаңа қырынан жан-жақты дамуға бет алды.
ҚМДБ «Уақып» қорына қарасты «Әл-Әзһария» қайырымдылық мекеменің мақсаты: Діни сауаттылықты арттыру, ұлттық-рухани тәрбиелеуді де назарда ұстап, жоғары оқу орындарында кәсіби және арнаулы білім алушы жастардың жеке тұлғалық қалыптасуын қарастыру, дамытушылық қабілеттерін ашу, шыңдау, сонымен қоса, тәлім-тәрбие ақсаған қоғамда қазақы болмысты қайта жаңғыртып, тамыры тереңде жатқан тарихты санаға сіңіріп, жастарымызды Отанға деген иманмен сусындатып, отбасы құндылықтарын терең түсіндіру, мемлекеттің жүргізіп отырған саясатына қолдау көрсету, ислам негіздерін үйрете отырып, жат ағымның жетегінен ермеуге шақыру, тұлғаның имандылық әлеуетін арттыру.
Жыл бойы атқарылған жұмыстар 5 бағыт бойынша жүргізілді:
- Діни сауаттылық;
- Танымдық-тұлғалық даму;
- Рухани-ұлттық тәрбие;
- Спорт және денсаулық;
- Қайырымдылық.
Діни сауаттылық бағыты бойынша мекеме ғимаратында жатып оқитын шәкірттерге Құран, ақида, фиқһ, сияр, пайғамбарлар тарихы, ислам әдебі пәндері, сондай-ақ, ұлттық құндылықтарға негізделген рухани танымдық тәрбие сағаттары жүргізіліп отырды. Одан бөлек, 2527 адамды қамтумен 28 шара өткізілді. Жазғы, қысқы демалыс уақыттарында «Бала қари» тобының 40 шәкіртіне дәрістер ұйымдастырылды.
Рухани-ұлттық тәрбие бағыты бойынша 21 шара өткізілді. Қамтыған адам саны: 915. «Ибалы қыз – иманды ұрпақ кепілі» деген ұранды ұстана отырып, ұрпақтар сабақтастығын басты назарға алып, ұлт тәрбиесіне әсер ететін діни дәрістер, рухани шаралар ұйымдастырылды.
Танымдық-тұлғалық даму бағыты бойынша негізгі жұмыс мекеме шәкірттерімен жүргізілді. 604 адамды қамтыған 43 шара мекеме шәкірттерінен бөлек әйел жамағатына да бағытталды. Тұлғалық дамуға бөлінген күнделікті 2 сағаттан тыс таным көкжиектерін кеңейту мақсатында мұражайлар мен көрмелерге, театр, кинотеатрларға апарылып, өлкетану сапарлары ұйымдастырылды. Тұрақты түрде тәрбие сағаттары мен психологиялық тренингтер жүргізіліп отырды.
Спорт және денсаулық бағыты бойынша 190 адамды қамтумен 29 шара ұйымдастырылды. Ғимаратта жатып білім алатын шәкірттер күнделікті дене шынықтыру уақыттарынан бөлек, қалалық, облыстық волейбол, кросс, садақ, футбол сынды спорт түрлерінен жарыстарға қатысты.
Қайырымдылық бағыты бойынша 6 шара өткізілді. Облыстық отбасылық үлгідегі балалар ауылының тәрбиеленушілеріне және білім алушы шәкірттерге бірнеше қайырымдылық көмек көрсетілді. Жалпы адам саны 740 адамды құрайтын қайырымдылық шаралар халыққа пайдалы мақсатта өткізілген рухани шаралармен толықтырылды.
“Руханият ошағына айналған мекеме” деген атаумен алғашқы мақала БАҚ беттерінде жарық көрді. “Әл-Әзһария” мекемесі туралы бұдан бөлек, Жайық үні мен Орал өңірі газеттерінде осы уақытқа дейінгі атқарылған жұмыстар мен оның нәтижесі көрсетілген мақалалар жарық көрді. Мекеме директоры Байғазиева Бақытгүл Өтегенқызының “Ақида жауһары” атты ғылыми еңбегі жарық көрді және Батыс өңірі бойынша өзге қалалар мен аудандардан қонақтар келіп, Ризабек ұстаздың қатысуымен тұсауы кесілді.
Маусым айында қыздар арасында ұйымдастырылған III Республикалық Құран жарысында мекеме шәкірті Махамбет Фатима 5 пара бойынша Орал өңірінің атынан бақ сынап, жүлделі 3-орынға ие болды.
Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасы, Алматы облысы өкілдігінің ұйымдастыруымен Республикалық Жәләлайн тәпсірі бойынша 29,30-парадан өткен жарыстың нәтижесінде мекеме шәкірті Әбілтай Фатима бас жүлдеге ие болды.
ҚМДБ, БҚО өкілдігінің ұйымдастыруымен қыз-келіншектер арасында Құран Кәрімнің 30-ыншы парасын жатқа оқудан мекеме шәкірті Салимова Замзам 3-орынды иеленді. Сондай-ақ, бұл жарыста «Бала қари» тобының 5 шәкірті 16 жасқа дейінгі балалар арасындағы аталым бойынша жүлделі орындарды қанжығаға байлады.
Мекеме ұстаздары Азаматтық қоғам және даму министрлігінің, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Бас мүфтиінің, Батыс Қазақстан облысы әкімінің, облыстық Дін істері басқармасының алғыс хаттарымен марапатталды.
БҚО, "Әл-Әзһария" қайырымдылық
мекеме жеке мекемесі